реттелуі

Азаматтық кодекстің 147-бабында мәміле азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері деп белгіленген.

Мәмілеге мынадай белгілер тән:

1) Тұлғаның (тұлғалардың) ерік (тілек немесе ниет) білдіруі.

2) Рұқсат етілген ерік білдіру, яғни құқыққа сәйкес әрекет.

3) Қандай да бір заңды құқық жасауға бағытталған азаматтық құқықтык қатынастардың пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуы.

4) Мәміленің әрқашанда құқықтық салдарды туғызуы.

Мәміленің маңызы жақтардың еркі мен ерік (ниет, тілек) білдіруінен түрады. Ерік білдіруі ауызша, конклюденттік әрекеті арқылы жазбаша (жай немесе нотариалдық) және үндемей қалу жолымен білдіріледі.

Мәмілеге қатысушылардың ерік білдіру, әдісін мәміленің нысаны деп атайды. Егер мәмілеге қатысушылар өздерінің еркін ауызша айтқан болса, онда бұл ауызша жасалған мәміле болады. Мысалы, телефонмен жасалған мәміле ауызша жасалған болып есептеледі. Айталық, ауызша жасалған мәміле орындағанын растайтын жазбаша құжат берілуі мүмкін (тауар чегі, затты сатып алғанын айғақтайтын құжат және т.б.), сондай-ақ жетон, билет сияқты растайтын белгілер үсынылады. Бірақ бұдан ауызша жасалған мәмілеге келіп-кетер ештеңе жоқ.

Конклюденттік әрекет (латынша concludere — жасау) — сол арқылы тұлғаның мәмілеге қатысуға ниет білдіру әрекеті. Мәселен, азамат автоматқа ақша салу арқылы, ондағы тауарды алуға деген еркін білдіреді.

Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген реттерде мәміле жасауға ерік білдіру болып танылады (АК-тің 151-бабының 4-тармағы). Мысалы, егер мүлікті жалға алушы шарт мерзімі бітіп кетсе де, жалға берушінің тарапынан қарсылық болмаса, онда жалға алушы бұрынғы шартқа сүйене отырып, мерзіміне қарамай-ақ пайдалана беруіне болады.

Азаматтық кодекстің 152-бабына сәйкес мәміленің жазбаша түрі бұл орайда мәмілелерді жасау кезінің өзіңде орындалатындарынан басқа жүз есептік көрсеткіштен жоғары сомаға жасалуы тиіс.

Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімімен белгіленген реттерде жазбаша мәмілелер оларды нотариат куәландырғаннан кейін ғана жасалды деп саналады. Мұндай талапты сақтамау Азаматтық кодекстің 157-бабыньщ 3-тармағында көзделген салдармен мәміленің жарамсыз болып қалуына әкеліп соқтырады.

Мәмілелер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) Бір жақты және екі немесе көп жақты (шарттар).

2) Ақылы және ақысыз.

3) Нақты және консенсуалды.

4) Каузалды және абстрактылы.

5) Шартпен жасалған.

6) Биржалық.

Біржақты мәміле дегеніміз Заңдарға немесе талаптардың келісіміне сәйкес жасалуы үшін бір тараптың ерік білдіруі қажет және сол жеткілікті болатын мәміле. Біржақты мәмілелердің анағұрлым жиі кездесетін түрі өсиет қалдыру. Әдетте біржақты мәмілелер тым көп бола бермейді. Азаматтық айналым көбінесе өзара мәмілелерден құралады. Шарт жасасу үшін екі тараптың (екі жакты мәміле) не үш немесе одан да көп тараптың (көп жақты мәміле) келісілген ерік білдіруі қажет.

Тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алса немесе тараптар бір-біріне бір нәрсе беруі керек болса, бұл ақылы мәміле болып табылады (мәселен, оған затты, ақшаны тапсыру жатады). Ал, бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған мәміле ақысыз болып есептеледі.

Консенсуалды мәмілелер (латынша concensus — келісім) — келісімге келген сәттен бастап азаматтардың құқықтары мен міндеттері туындайтын мәмілелер. Нақты мәмілені жүзеге асыру үшін (латынша res — зат) келісімнің бір өзі жеткіліксіз, оған қоса затты тапсыру қажет.

Мәмілелерді азамат құқықтану ілімінде каузальдық (себепті) және абстракциялық деп те бөледі. Әрбір мәміле жақтардың алға қойған мақсатына орай құқықтық негіз бен құқықтық мақсатты (causa) еншілейді. Бірақта бір жағдайда мәміленің жарамдығы оның негізіне байланысты болса, екінші жағдайда оған байланысты болмайды (абстракциялық). Абстракциялық мәмілелер өзінің негізінен қол үзгендей көрінеді (abstrahere — қол үзу, бөліну), (мысалы, вексельді тапсыру).

1.4 Міндеттеменің ұғымы және тараптары

Азаматтық құқықтық қатынастардың арасында көп кездесетін негіздердің бірі — міндеттемелер.

Міндеттемеге сәйкес бір тұлға (борышкер) басқа тұлғаның (несие берушінің) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және т.б. сол сияқты белгілі әрекеттер жасауға не белгілі бір әрекет жасаудан тартынуға міндетті, ал несие беруші борышқордан өз міндеттерін орындауын талап етуге құқылы. Міндеттеменің тараптары: несие беруші мен борышқор.

Міндеттеменің пайда болу негіздері Азаматтық Кодекстің 7 –ші бабында көрсетілген заңды айғақтармен тығыз байланысты. Міндеттеменің пайда болуына бірден – бір ықпал жасайтын – шарттар немесе мәмілелер, олар заң құжаттарында көрсетілуі де немесе көрсетілмеуі де мүмкін.

Мiндеттеменiң пайда болу негiзiне байланысты барлық мiндеттемелер екi типке бөлiнедi: Шарттық және шарттан тыс мiндеттеме.

Бұлай екi типке бөлудiң маңыздылығы мынада: шарттық мiндеттеменiң мазмұны тек заңмен ғана емес, сонымен қатар, мiндеттемеге қатысушы тұлғалардың келiсiмiменде анықталады. Ал, шарттан тыс мiндеттемелер тек заңға немесе мiндеттемедегi бiр тараптың еркiне бағынышты болып келедi.

Шартты жасау екi сатыдан тұрады: шарт жасауды ұсыну (оферта) және басқа тараптың бұл ұсынысты қабылдауы (акцепт). Ұсынысты жасаушы тұлға оферент, ал қабылдаушы тарап - акцептант деп аталады.

Шарттың бұзылуы дегенiмiз – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 367–377 баптарында (мiндеттеменiң тоқтатылуы) қарастырылмаған негiздер бойынша, iшiнара немесе толығымен орындалмаған шарттың мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 401 - бабында шарттың өзгертiлуi мен бұзылуының үш нұсқасы көрсетiледi:

- тараптардың келiсiмi бойынша;

- соттың шешiмi бойынша;

- шартты орындаудан iшiнара немесе толығымен бiр жақты бас тартылған жағдайда.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 404 бабында шартты орындаудан бiр жақты бас тартуға жол берiлетiн келесiдей жағдайлардың тiзiмi бекiтiлген:

1) Шартқа негiзделген мiндеттеменi орындауға мүмкiндiктiң болмауы (азаматтық кодекстiң 374 бабы).

2) Белгiленген тәртiппен басқа тарапты банкрот деп тану.

3) Шарт жасалғанда негiзге алынған мемлекеттiк органның актiсiнiң өзгертiлуi немесе күшiнiң жойылуы.

Пысықтау сауалдары

1. Азаматтық құқық қатынастарының ерекшеліктерін атаңыз.

2. Заңды тұлға дегеніміз не?

3. Мәмілелердің жасалу тәртібі қандай түрлерде атқарылады?

4. Жарамсыз мәмілелерге жататындарды атаңыз?

Әдебиеттер тізімі

1. Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқу құралы (Жалпы бөлім). – Алматы: «Жеті жарғы», 2012. – 304 бет.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері. Оқулық 2 кітаптан тұрады / Құрастырған Е.Баянов. 2- ші кітап. – Алматы, 2009. – 384 бет.

3. Тулеугалиев Ғ.И. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы: Жоғары оқу орындарына арналған акад. Курс. 1 – том. – Алматы: «Жеті жарғы», 2007. – 376 бет.

4. Ынтымақов С.А. Азаматтық құқық. – Алматы, 2007.

5. Азаматтық құқық. М.К.Сулейменов., Ю.Г.Басин. – Алматы, 2004.

5 дәріс. Қазақстан Республикасының отбасы құқығының негіздері (1 сағ.)

Жоспар:

1) Отбасы құқығы: ұғымы, мәні мен принциптері.

2) Некеге тұрудың тәртібі мен шарттары. Некенің жарамсыздығы.

3) Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері. Некені тоқтату.

4) Ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастар.

Дәрістің мақсаты: некеге тұрудың тәртібі мен шарттарын, некені тоқтату мен бұзудың мазмұнын, қайнар көздерін және ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастардың ерекшеліктерін ашу.

5.1 Отбасы құқығы: ұғымы, мәні мен принциптері

Отбасы құқығы некелесу, туыстық, бала асырап алу және баланы отбасы тәрбиесіне қабылдаудың басқа да нысандарына орай пайда болатын, яғни отбасы қатынастарын өзіндік және соған байланысты мүліктік қатынастарды, яғни отбасы қатынастарын реттейтін құқық саласы болып табылады.

Қазақстан Республикасы отбасы құқығының қайнар көзі Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы «Неке және отбасы туралы» Заңы болып табылады.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 3-бабы Қазақстан Республикасының, неке отбасы заңдары мынадай принциптерге негізделетінін белгілейді:

- еркек пен әйелдің некелік одағының еріктілігі;

- ерлі зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдігі;

- отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол

- бермеушілік;

- отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісіммен шешу;

- балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсіп жетілуі мен әл ауқатты болуына қамқорлық жасау;

- отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық беру;

- отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкіндіктері.

5.2 Некеге тұрудың тәртібі мен шарттары. Некенің жарамсыздығы

Отбасы құқығы бойынша неке бұл «ерлі зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең, құқықты одақ» (Заңның 1-бабы).

Некені заңды түрде рәсімдеу дегеніміз оны азаматтық хал актілеріндегі жазу органдарында тіркеу болып табылады.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 10-бабында белгіленгендей еркектер мен әйелдердің неке жасы-18.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 10-бабында азаматтық хал актілеріне жазу органдары некеге тұруды мемлекеттік тіркеу орындарында дәлелді себептері болған жағдайда неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендету мүмкіндігі (некеге тұрушылардың келісімімен) көзделеген.

Некеге тұруға кедергі жасайтын қолайсыз жағдайлардын немесе басқа да себептердің болатындығы «Неке және отбасы туралы» Заңның 11-бабында қарастырылған. Осы бапқа сәйкес мына тараптағы адамдардың некеге тұруына тыйым салынады:

1) Біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың.

2) Тікелей ата тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын жақын туыстардың (ата аналар мен балалардың, атасының, әжесінің және немерелерінің), ата анасы бір және ата анасы бөлек әкесі немесе анасы ортақ аға інілілер мен апалы сіңілілердің (аға қарындастардың).

3) Асырап алушылар мен асырап алынғандардың.

4) Біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл есі кемдігінің салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың.

Заңмен белгіленген шарттар бұзылған жағдайда неке жарамсыз деп танылады. Сондай ақ жалған неке («Неке және отбасы туралы» Заңның 24-бабы) жарамсыз деп танылады. Белгіленген заң тәртібімен тіркелсе де, «отбасын құру ниетсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке» (заңның 1-бабы) жалған неке деп танылады. Некеге тұру фактісінен көрінетініндей, жалған неке кейбіреулердің бас пайдасы үшін ғана жасалады (мысалы, қалада тіркеуге тұру үшін, армия қатарына шақырудан жеңілдік алу үшін т.б.).

Мәжбүрлеп қиылған неке жарамсыз деп танылуы мүмкін.

5.3 Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері

Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке және мүліктік құқықтар міндеттерді тудырады.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 29-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарына мыналар жатады: тегін таңдау құқығы, қызмет түрін, мамандықты, тұрғылықты жерді таңдау құқықтары, отбасы өмірінің мәселелерін бірлесіп шешу құқығы.

Заңға сәйкес ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттерді атқарады. Ерлі - зайыптылардың жеке құқықтарының теңдігі отбасы өмірінің барлық жалпы мәселелерін (ана, әке болу, балаларға тәрбие мен білім беру мәселелері және отбасы өмірінің басқа да мәселелері) олардың бірлесіп және өзара келісе отырып шешуінен көрінеді. Алайда, ерлі-зайыптылардың ешқайсысы да жеке құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру кезінде артықшылықты пайдалану тиіс емес.

Қолданылып жүрген заңда текті таңдаудың екі жолы ұсынылған. Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылардың қай-қайсысы да өздерінің некеге отырғанға дейінгі тегін қалдыра алады. Сонымен бірге ерлі-зайыптылар өз қалаулары бойынша ортақ бір тек таңдауға құқығы. Ондай тек ерінікі болмаса әйелінікі де болуы мүмкін. Тәжірибеде ерлі-зайыптылар ортақ бір текті (әдетте ерінің тегін) таңдайды.

Неке жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы және оны өлді немесе олардың біреуі хабар-ошарсыз кеткен деп жариялау салдарынан («Неке және отбасы туралы» Заңның 14-бабы), я болмаса некені бұзу жолымен тоқтатылады («Неке және отбасы туралы» Заңның 15-бабы).

Бірінші жағдайда неке өздігінен тоқтатылады, қосымша әрекет талап етілмейді. Екінші жағдайда ерлі-зайыптылардың (екеуінің немесе бірінің) өз еріктерімен тоқтатылады.

Ажырасу құқығын жасау және жүзеге асыру үшін жалпы ереже бойынша некеге тұрған сәттен бері белгілі бір мерзімнің өтуі, не болмаса міндетті түрде бір-бірінің келісімі талап етілмейді. Бірақ, осы ережеден туындайтын мынадай бір жағдай бар. Ана мен баланың денсаулығын қорғау мақсатында «Неке және отбасы туралы» Заңның 15-бабы, 2-тармағында жұбайының жүкті кезі мен бала туған кейінгі бірінші жылда оның келісімінсіз некені бұзуға болмайтындығы көзделінген.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 16-бабының, 2-тармағында қарастырылғанындай, ерлі-зайыптыларға ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша, егер ерлі-зайыптылардың екіншісін:

– сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;

– сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;

– қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталса, неке азаматтық хал актілерін жазу органдарында бұзылады.

5.4 Ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастар

Республиканың Ата Заңының 27-бабы балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата – ананың құқығы әрі міндеті деп тұжырымдайды.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 124 және 129-баптарында ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларың және кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларың бағып күтуге, асырауға міндетті екендігі көрсетілген.

Бұл міндетті орындамаған ата-аналардан балаларды бағып-күтуге арналған қаржы өндіріп алынады. Ата-аналардың 18-ге толмаған балаларды (кәмелетке толмағандарды) бағып-күтуі міндетті саналады. Тіпті кәмелетке толмаған балалар материалдық жағынан қамтамасыз етілген болса да, мәселен олар аталары мен әжелерінің бағып-күтуінде болса да, немесе жұмыс істеп өздерін асырап жүрсе де, ата-анасы оларға алимент төлеуге тиіс.

Алимент мөлшері әртүрлі болып белгіленеді. «Неке және отбасы туралы» Заңның 125-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға ата-аналарынан мынадай мөлшерде алимент өндіріп алынады (алимент төлеу жөнінде келісім болмаған жағдайда сот арқылы): бір балаға - ата-анасы табысының немесе өзге де кірісінің –төрттен бірін, екі балаға-үштен бірін, үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.

Заң бала асырап алудың күшін жоюдан басқа, бала асырап алуды жарамсыз деп тануды да қарастырады. «Неке және отбасы туралы» Заңның 92-бабына сәйкес бала асырап алу мынадай жағдайларда жарамсыз деп танылады:

– асырап алу туралы шешім жалған құжаттар негізінде қабылданғанда;

– заң бойынша міндетті болса да бала асырап алу ата-аналардың келісімінсіз жасалғанда;

– некеде тұрған адам жұбайының келісімінсіз бала асырап алғанда (қыз асырап алғанда);

– заң бойынша бала асырап алуға құқығы жоқ адамдар бала асырап (қыз асырап) алғанда.

Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртібімен жүргізіледі.

Заң жекелеген жағдайларда қорғаншылық пен қамқоршылық жасауды патронат нысанына да белгілейді. Патронат деп баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдіруші адам мен қорғаншы және қамқоршы органдар арасында жасалған келісім бойынша баланың сол отбасындағы азаматтың қарауына тәрбиелеуге берілуін айтады.

Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан Республикасының неке, отбасы заңдары қандай принциптерге негізделеді?

2. Қандай адамдардың некеге тұруына тыйым салынады?

3. Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке және мүліктік құқықтар қандай міндеттерді тудырады?

4. Бала асырап алу қандай жағдайларда жарамсыз деп танылады?

Әдебиеттер тізімі

1. «Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы» Заңы, 1998 ж. 17 желтоқсан.

2. Байжанов Н. Неке және отбасы. – Алматы, 2013.

3. Ынтымақов С.А. Отбасы құқығы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2006.

4. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері. Оқулық 2 кітаптан тұрады / Құрастырған Е.Баянов. 2- ші кітап. – Алматы, 2009. – 384 бет.

6 дәріс. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы (1 сағ.)

Жоспар:

1) Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі.

2) Қаржылық-құқықтық нормалар және қаржылық-құқықтық қатынастар.

3) Қазақстан Республикасының ақша жүйесі.

4) Қазақстан Республикасының қаржылық бақылаумен бюджеті.

Дәрістің мақсаты: мемлекеттің қаржылық қызметінің, яғни мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастардың мазмұнын ашу, қаржылық шарттардың құқықтық ерекшеліктерін анықтау, қаржылық бақылаумен бюджеті ұйымдастыру.

6.1 Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі

Қаржы құқығы деп, мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын айтамыз.

Қаржы құқығының ғылымы деп, қаржылық құқықтың құқық саласы ретіндегі мағынасы, рөлі мен маңызы туралы, сондай-ақ дамуы туралы түсініктемелер мен ілімдердің жиынтығын айтамыз.

Қаржы құқығы ғылымының пәні - мемлекеттің қаржылық қызметінің түрлері мен әдістерінен, қаржылық бақылаудан, сондай-ақ өзара байланысқан және бір даму жүйесіндегі қаржылық құқықтық нормалар мен олар реттейтін және бекітетін қоғамдық қатынастардан тұрады.

Қазақстан бойынша осы қаржы құқығы ғылымы саласында талай жылдар бойы атсалысып келе жатқан А.И. Худяков, СМ. Найманбаев - Қазақстан Республикасындағы қаржы құқығының негізін қалаушылар.

Қаржы құқығында қоғамдық қатынастарды құқықпен реттеудің екі әдісі қолданылады:

– біржақты-өктем, әмірлі әдіс (б.а. императивтік-әмірлі);

– қаржылық-шартты әдіс (яғни, диспозитивтік-келісімге келу).

Бұл жерде шартқа қатынасатын екі жақтың бірі мемлекет те, екінші жағы мемлекетпен шарт жасасуға өз еріктерімен келісім берген субъектілер. Құқықпен реттеудің әмірлі әдісін қолданған кезде қатынасқа қатысу міндеті мен қаржылык, міндеттеме мемлекеттің біржақты еркінен пайда болып отырады. Мысалы, салықтар ақша төлеушілерден бюджетке өтеді, басқа ешқайда жіберілмейді, яғни ақша қаражаттары бір бағытта ғана қозғалады.

Ал, енді азаматтық-құқықтық шарттың құзыры жүретін келісімдегі екі жақтың құқықтары мен мемлекет уәкілдік еткен органмен қаржылық шартқа қатысатын жақты салыстырсақ, осы екінші жақтың ерік білдіруінің, яғни мемлекетпен немесе оның уәкілетті органмен келісімге келуі тек құқының шектелуі екенін көреміз. Ерік білдіру тек құқықтық қатынасқа қатысуға өз еркімен келісуі, ал екі жақтың келісімге келуі тек қаржылық міндеттеменің көлемі мен мерзімін белгілеуден ғана тұрады.

6.2 Қаржылық-құқықтық нормалар және қаржылық-құқықтық қатынастар

Қаржылық құқықтық нормалар деп, мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жайында тәртіп қағидаларын белгілейтін құқықтық нормаларды айтамыз.

Қаржылық-құқықтық нормалар үшке бөлінеді:

– міндеттейтін;

– тыйым салатын;

– уәкілдік ететін (өкілеттілік беретін).

Міндеттейтін, яғни міндет артатын Қаржылық-құқықтық нормалар қаржылық қатынасқа қатысушылардың белгілі бір әрекеттерді жасауларына бұйрық етеді. Мысалы, олар қаржылық органдарға салық төлеушілерге төлемдерінің сомасы мен төленетін мерзімдері жөнінде хабарлама беруге бұйрық береді.

Тыйым салатын қаржылық-құқықтық нормалар қаржылар саласында белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салады. Сондай-ақ осы қаржылық қатынасқа қатысушыларга тыйым салынған әрекеттерді жасаудан өздерін аулақ ұстауларына міндет артады. Кейбір жағдайларда тыйым салатын нормалар рұқсат етілген әрекеттердің шегін ғана анықтайды. Сондықтан тыйым салатын нормалардың саны онша көп болмайды. Көбінесе, қаржылық қатынастарды реттеу кезінде міндеттейтін сипаттағы нормалар қолданылады.

Уәкілдік ететін, яғни өкілеттілік беретін қаржылық-құқықтық нормалар қаржылық-құқықтық қатынасқа қатысушылардың өз өкілеттіліктерінің аясынан шықпай, белгілі бір әрекеттерді жасауларына сенім артатын (рұқсат беретін нсрмалар).

Қаржы құқығы басқа да құқық салалары сияқты мемлекеттің заң шығарушылық қызметі барысында пайда болды. Қаржы құқығының жүйесі барлық құқық саласына тән жалпы және ерекше бөлімнен тұрады.

Жалпы бөлімге мына институттар кіреді:

–мемлекеттің қаржылық қызметінің құқықтық негіздері;

–мемлекет саласындағы бақылау;

– қаржылық жоспарлау;

– қаржылық бақылау.

– мемлекеттің ақша жүйесінің құқықтық негіздері;

– валюталық реттеу.

Ерекше бөлімі мына институттардан тұрады:

– бюджеттік құқық;

– қаржылық-шаруашылық құқығы (мемлекеттік және жергілікті кәсіпорындардың қаржы қорлары қалыптасуының қайнар көздерін кұқықтық реттеу);

– салық құқығы;

– банктік құқық (мемлекеттік несие берудің құқықтық негіздері);

– сақтандыру құқығы;

Мемлекеттің қаржылық қызметі тек құқықтық негізде іс жүзіне асырылып, оның негізі қаржы құқығы болып табылады. Ал, қаржы құқығы құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады.

6.3 Қазақстан Республикасының ақша жүйесі

Айналысқа ақшаларды шығару, ақша жүйесін ұйымдастыру, ақша бірліктерін қамтамасыз ету және ақша айналысын басқару мемлекет тарапынан Ұлттық банкке жүктеген. Ұлттық банк мемлекеттің ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын белгілеп, оны тікелей жүзеге асырады.

Ақша жүйесінің құқықтық негіздері дегеніміз, еліміздің ақша бірлігін «теңге» және оның құрамын, ақшалардың түрлері мен формаларын, оларды айналымға шығару және қамтамасыз ету тәртібін, ақша жүйесін және ұлттық валютаны қорғау шараларын, сондай-ақ еліміздің ақша айналымын ұйымдастырудың негіздерін белгілейтін қаржылық құқықтың жалпы бөлімінің институты.

Ақша жүйесі деп - құқықтық нормалармен ретке келтірілген, еліміздің ақша айналымын жоспарлы түрде ұйымдастыратын формалар мен тәсілдердің жиынтығын айтамыз.

Казақстан Республикасының ақша өлшемі - теңге еліміздін ұлттық валютасы болып табылады.

Осы ақша айналымын тәртіпке келтіру мақсатында мемлекет тарапынан қолданылатын әртүрлі әдістер мыналар:

1) Девальвация - айналымдағы ақша бірлігінің алтын құрамын немесе қағаз ақшалардың бағалылығын шет елдік валюталарға байланысты етіп төмендету (азайту). Девальвация арқылы жаңа валюта мөлшері белгіленеді.

2) Деноминация - айналымдағы ескі ақшаларды белгілі бір арақатыстықтарды қолдана отырып жанадан шығарылған ірі ақшаларға айырбастау арқылы, ақшаның бағалылығын (құнын) өзгерту. Осыған байланысты заттардың бағалары, тарифтер, еңбекақылар және т,б. қайта есептелінеді.

3) Дефляция - айналымнан басы артық ақшаларды алып тастау арқылы ақшаның санын азайту.

4) Нуллификация - айналымнан бағалылығы жойылған қағаз ақшаларды алып тастау және аз мөлшерде ғана жаңа қағаз ақшалар шығару.

5) Ревальвация (ревалоризация) - ұлттық ақша бірілігінің бағалылығын ресми түрде жоғарылату.

6.4 Қазақстан Республикасының қаржылық бақылаумен бюджеті

Қаржылық бақылау деп, мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру және бөлу, сондай-ақ мемлекеттің ақша қаражаттарын пайдалану процестерінің заңды түрде және мақсатқа сәйкес жүргізілуін бақылауды айтамыз.

Қаржылық бақылау - мемлекеттің қаржылық қызметінің бір түрі ретінде есептелінеді. Қаржылық бақылауды жүзеге асыру белгілі бір жағдайлардың болуын қажет етеді:

а) мамандандырылған бақылау органдарын құру;

ә) осы бақылау органдарының жүйесін және құқықтары мен міндеттерін белгілеу;

б) бақылауды жүргізудің формаларын, түрлері мен әдістерінбелгілеу;

в) бақылау органдарын білікті мамандармен қамтамасыз ету.

Қаржылық бақылауды құқықтық реттеу дегеніміз, қаржылық бақылау органдарының жүйесі мен құзыреттерін, қаржылық бақылаудың формаларын, түрлері мен әдістерін, сондай-ақ қаржылық тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін белгілейтін, қаржылық құқықтың жалпы бөлімінің институты.

Бақылауды жүзеге асырушы субъектілерге (органдарға, ұйымдарға) байланысты қаржылық бақылау екіге бөлінеді:

а) мемлекеттік; б) қоғамдық.

Бюджет деп, жалпы мемлекеттік орталықтандырылған немесе жергілікті ақша қаражаттарының кіріс және шығыс балансын айтамыз.

Бюджеттік қызмет әртүрлі әдістер арқылы жүзеге асырылады. Олардың ішінен негізгі үш әдісті бөліп шығаруға болады:

1) Бюджетті қалыптастырудың негізгі әдістері.

2) Бюджетті бөлудің негізгі әдістері.

3) Бюджетті пайдалануды ұйымдастырудың негізгі әдістері.

Пысықтау сауалдары

1. Қаржы құқығы ғылымының пәні дегеніміз не?

2. Қаржылық-құқықтық нормалар қаншаға бөлінеді?

3. Девальвация мен нуллификацияның айырмашылығы қандай?

4. Қаржылық бақылауды құқықтық реттеу дегеніміз не?

5. Деноминация мен дефляцияның айырмашылығы қандай?

Әдебиеттер тізімі

1. Найманбаев С.М. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы. Оқулық. – Алматы, 2005.

2. Бишманов К.М. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы. Оқу құралы. – Алматы, 2009.

3. Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан. Общая часть. – Алматы Баспа, 2007.

4. Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан. Особенная часть. - Алматы. Норма-К, 2002.

7 дәріс. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы (1 сағ.)

Жоспар:

1) Еңбек құқығы пәні мен жүйесі. Еңбектік құқықтық қатынастардың түсінігі.

2) Жеке еңбек шартының ұғымы, мерзімі, тоқтату және бұзу тәртібі.

3) Жұмыс уақыты. Демалыс уақыты. Жалақы.

4) Материалдық жауапкершілік. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының ұғымы.

Дәрістің мақсаты: «еңбек» және «жеке еңбек шарты» түсініктерінің мазмұнын ашу; еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән белгілерін көрсету; жұмыс уақыты, демалыс уақыты, жалақы ұғымына сипаттама беру; еңбекке жарамсыз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы қатынастарды және осыларға қатысы бар заңды деректерді анықтау, олар жөнінде туындаған дауларды шешу.

7.1 Еңбек құқығы пәні мен жүйесі. Еңбектік құқықтық қатынастардың түсінігі

Еңбек құқығының пәні еңбекке қаблеттілікті іске асыру, еңбекті ұйымдастыру мен басқару жөніндегі мемлекеттік және жеке ұйымдарда азаматтардың еңбегін қолдану жөнінде қалыптасатын жеке дара да, сондай – ақ ұжымдық та қоғамдық қатынастарды құрайды. Еңбек құқығының жүйесі екі бөлімнен тұрады: жалпы және ерекше.

Еңбек құқығы дегеніміздің өзі меншігі мен шаруашылық түріне байланыссыз жұмысшылардың барлық категориясының жалдамалы еңбекке байланысты қоғамдық еңбек қатынастарын реттейтін құқықтың жеке саласы.

Еңбек құқығының қағидалары дегеніміз – қазіргі заңдылықта бекітілген, еңбек құқығының нормаларының мәнін және еңбек саласын құқықтық реттеуде мемлекеттің негізгі бағыттарын білдіретін негізгі бастамалар. Еңбектік құқықтық қатынастарға жұмысшы (қызметкер) мен жұмыс беруші (ұйымдар, меншік иелері және т.б.) қатысады.

Еңбектік құқықтық қатынастар дегеніміз азамат бекітілген ішкі еңбек тәртібіне сәйкес бағына отырып, белгілі бір жұмысты атқару үшін еңбек ұжымына кірген кезде пайда болатын өндірістік қатынастардың бір түрі.

Еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән мынадай белгілері болады:

Біріншіден, бұл қатынастар сол кәсіпорын, мекеме, ұйымның ішкі еңбек тәртібінің шегінде жүреді;

Екіншіден, бұл қатынастар тек қана жұмысшы (қызметкер) белгілі бір еңбек ұжымына кірген кезде ғана пайда болады;

Үшіншіден, жұмысшының (қызметкердің) еңбек ұжымына кіруі нақты заңды деректермен белгіленеді (жеке еңбек шартына тұрады, қызметке тұруы жөнінде бұйрық шығарылады);

Төртіншіден, еңбек қатынастары сол жұмысшының (қызметкердің) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе қызмет бойынша жұмыс атқаратынын, ал кәсіпорын әкімшілігі аталған жұмыстық орындалуы үшін қажетті жағдай жасауын міндетіне алғандығын білдіреді.

7.2 Жеке еңбек шартының ұғымы, мерзімі, тоқтату және бұзу тәртібі

Жеке еңбек шарты – бұл қызметкер мен жұмыс берушінің арасында жазбаша нысанда жасалатын екіжақты келісім.

Қызметкерлердің негізгі құқықтары:

1) Жұмыс берушімен еңбек туралы заңда белгіленген тәртіппен жеке еңбек шартын жасасуға, өзгертуге және бұзуға.

2) Еңбегі үшін ақы алуға.

3) Демалысқа.

4) Кепілдіктер мен өтемақылар алуға.

5) Еңбек дауларын тараптардың (қатысушылардың) келісуімен немесе сот тәртібімен шешуге.

6) Ұжымдық шартпен және жұмыс берушінің актілерімен танысуға.

7) Өзінің кәсіби біліктілігін арттыруға және т.б. құқықтары бар.

Қызметкерлердің негізгі міндеттері:

1) Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде жазылған еңбек міндеттерін адал орындауға.

2) Еңбек тәртібін сақтауға.

3) Жұмыс процесінде жұмыс берушіге мүліктік зиян келтіруге жол бермеуге.

4) Жеке еңбек шартына сәйкес өзіне сеніп тапсырылған, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

Жеке еңбек шартының мерзімі:

1) Белгісіз мерзімге.

2) Белгілі бір мерзімге.

3) Белгілі бір жұмысты орындау уақытына немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына жасалады.

Жеке еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, кемінде екі дана етіліп
жасалады және оған тараптар қол қояды. Жеке еңбек шартының бір данасы тараптар қол қойғаннан кейін қызметкерге беріледі.

Жеке еңбек шартын тоқтату негіздері:

1) Мерзімнің бітуі бойынша.

2) Тараптардың еркіне байланысты емес мән – жайлар бойынша тоқтатылады.

Жеке еңбек шартын бұзу негіздері:

1) Тараптардың келісімі бойынша.

2) Тараптардың бірінің бастамасы бойынша.

3) Заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша бұзылады.

7.3 Жұмыс уақыты. Демалыс уақыты. Жалақы

Жұмыс уақыты қызметкер жұмыс берушінің актілері мен жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда 7 сағаттан аспауға, апталық норма 36 сағат болғанда – 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда – 4 сағаттан аспауға тиіс. 22 сағаттан бастап таңғы сағат 6 – ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.

Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы:

– он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін – аптасына 24 сағаттан;

– он алтыдан он сегіз жасқа дейін – аптасына 36 сағаттан аспайтын;

– ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлар зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын болып белгіленеді.

Демалыс уақыты қызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан босатылған және өз еркіне сай пайдалана алатын уақыты.

Заңмен демалыс уақытының мынадай түрлері белгіленген:

1) Жұмыс күнінің ішінде берілетін демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 53 – бабы). Бұл демалыс уақытының ұзақтығы бір сағаттан кем болмауы тиіс. Бұл үзілістер жұмыс уақытына енгізілмейді.

2) Күн сайынғы демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 55 - бабы), яғни жұмыстың бітуімен келесі жұмыс күнінің басталуы арасындағы демалыс уақыты, бұл уақыт 12 сағаттан кемболмауы тиіс.

3) Апта сайынғы демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 56 – бабы). Бес күндік жұмыс аптасы жағдайында қызметкерлерге аптасына – 2, ал алты күндік жұмыс аптасында 1 демалыс күні беріледі. Қызметкерлерді демалыс күндерінде жұмысқа тартуға өз келісімдерімен ғана жол беріледі.

4) Мерекелік күндер.

5) Ақы төленетін жыл сайынғы демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 60 – 64 – баптары). Жұмыс беруші қызметкерлерге ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын беруге міндетті. Қызметкердің қалауы бойынша бұл демалыс уақыты бөлініп берілуі мүмкін.

6) Жүктілігі мен босануы бойынша және бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берілетін демалыс уақыты ( Еңбек туралы Заңның 66 – бабы). Әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша босанғанға дейін үзақтығы жетпіс күнтізбелік күнге, босанғаннан кейін елу алты (ауыр босанған немесе екі немесе одан да көп бала туған жағдайда жетпіс) күнтізбелік күнге демалыс беріледі.

7) Оқудемалысы (Еңбек туралы Заңның 69 - бабы).

Жалақы – еңбек үшін күрделілігіне, саны мен сапасына сәйкес төленетін сыйақы (табыс).

1) Еңбекке ақы төлеу жүйесі дегеніміз – жасалған еңбек пен сол үшін есептелген еңбек ақы арасындағы қатынасты белгілеу жүйесі.

2) Еңбекке мерзімді ақы төлеу дегеніміз – еңбек ақысын жұмыс істелген уақыттың мөлшеріне қарай есептеу, яғни еңбекақы жұмыс істелген уақыт пен тарифтік айлық ақысына байланысты болады.

3) Жұмыс беруші заң мен шарттарға сәйкес қызметкердің еңбегіне ақы төлеуге міндетті. Мерзімнен тыс жұмысқа ақы бір жарым есе мөлшерінен кем төленбейді. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмыс ақы екі еседен төмен болмайтын мөлшерде төленеді. Түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына ақы бір жарым есе мөлшерінен кем төленбейді.

7.4 Материалдық жауапкершілік. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының ұғымы

Еңбек шартының тараптарының материалдық жауапкершілігі дегеніміз тараптардың біреуінің екінші тарапқа келтірілген материалдық шығынды заңдылыққа сәйкес өтеу міндеттілігі болып табылады.

Материалдық жауапкершіліктің түрлері:

1) Жұмыс берушінің алдындағы жұмысшының материалдық жауаптылығы.

2) Жұмысшының алдындағы жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы.

Бұл жауаптылықтың маңызды ережесіне қызметкер зиянды өтеу кезінде еңбек ақысының сақталатындығы жатады. Қызметкер келтірген зияны үшін тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылыққа тартылғанына қарамастан материалдық жауапты болады.

Қызметкерлер мен жұмыс берушінің арасында туындаған келіспеушіліктерді шешу екі кезеңнен тұрады, біріншісі – келіссөздер жүргізу арқылы, екіншісі – заңмен бекітілген тәртіпте шешу арқылы.

Еңбек тәртібін бұзғаны үшін, яғни қызметкердің кінәсінен оған жүктелген еңбек міндеттерінің орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін жұмыс беруші тәртіптік жазалардың мынадай түрлерін қолдануға құқылы. Олар:

– ескерту жасауға;

– сөгіс беруге;

– еңбек заңының 26 – бабының 9) – 12) тармақшаларына сәйкес жеке еңбек шартын бұзуға құқылы.

Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы еңбекке жарамсыз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы қатынастарды және осыларға қатысы бар заңды деректерді анықтау, олар жөнінде туындаған дауларды шешу қатынастарын реттейді. Әлеуметтік көмекке зейнетақы, жәрдемақы төлеу, жеңілдіктер беру сияқты қамсыздандыру түрлері жатады. Бұл көмектің барлығы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі.

Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы реттейтін қатынастардың пайда болуының алғы шартына еңбек стажы жатады. Еңбек стажы 3 түрлі жолмен есептеледі, немесе 3 түрге бөлінеді деп қарастыруға болады: жалпы еңбек стажы (қызметкердің істеген жұмысының жиынтық ұзақтығы), үздіксіз еңбек стажы (қызметкердің үзіліс жасамаған немесе белгіленген шектен ұзақ үзіліс жасалмаған бірнеше ұйымдардағы істеген жұмыстарының ұзақтығы), арнаулы еңбек стажы (белгілі бір кәсіптің түрі бойынша экономиканың белгілі бір саласындағы жұмыстың ұзақтығы).

Пысықтау сауалдары

1. Еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән қандай белгілері бар?

2. Қызметкерлердің негізгі құқықтары мен міндеттерін атаңыз?

3. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын түсіндіріңіз.

4. Еңбек тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жазалардың қандай түрлері қолданылады?

Әдебиеттер тізімі

1. Айымханова Н. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы: Оқу құралы. – Алматы: Жеті жарғы, 2011. – 240 б.

2. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі: Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы № 251 Кодексі.

3. А. Ахметов, Г. Ахметова. Еңбек құқығы: Оқулық. – Алматы: Заң әдебиеті, 2005. – 405 б.

4. Абузярова Н.А. Трудовое право. – Алматы: Юрист, 2011. – 264 с.

5. Нургалиева Е.Н. Трудовое право Республики Казахстан. – Астана, ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2010.

8 дәріс. Экологиялық және жер құқығы негіздері (1 сағ.)

Жоспар:

1) Қазақстан Республикасының Экология құқығының тарихы.

2) Экология құқығының ұғымы, міндеттері және жүйесі.

3) Экология құқығының объектілері мен принциптері.

Дәрістің мақсаты: тақырыптың негізгі мәселелерін: мемлекет аумағындағы жер, жер қойнауы, су, орман, атмосфералық ауа, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, табиғаттың көрікті жерлері мен ескерткіштерінің жүйесін қарастыру; қоғамдық қатынастардың осы саладағы заңдылық және құқықтық тәртібін нығайту.

8.1 Қазақстан Республикасының Экология құқығының тарихы

Қазақстан Республикасы экология құқығының тарихын еліміздің әлеуметтік – саяси дамуына байланысты екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – Қазақста Республикасының егемендік алғанға дейінгі экология құқығының тарихы. Екіншісі – Қазақстан Республикасының егемендік алғаннан кейінгі экология құқығының тарихы.

Бұрынғы Кеңес өкіметі 1917 жылғы 20 қазанда Жер туралы декрет, 1918 жылы Орман жөнінде декрет қабылдады. Онда жер және орман қорларын пайдалану және қорғау қатынастарын реттеуді көздеді. Табиғи ескерткіштерді қорғау жан – жақты қарастырылды. 1919 жылы Суды қорғау комитеті құрылып, сөйтіп оған судың санитарлық жағдайын қадағалау, табиғатты өндірістік сарқынды сулар мен ластардан қорғау жайы тиісті органдарға жүктелді.

1921 жылы балықтар мен хайуанаттар жөнінде декрет қабылданды. Көп жылдар бойы табиғат қорларын пайдалану мен қорғаудың құқықтық мәселелері тек бір орталықтан – Москва арқылы жүргізіліп отырды.

1929 жылы Қазақ Автономиялы Республикасында суды пайдалану және ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды пайдаланудың уақытша Ережесі қабылданды.

Ауыл шаруашылығында суды пайдалану заңы 1946 жылы қабылданды.

1960 – 1970 жылдар арасында экология саласындағы заңдарды кодификациялау барысында орталықтың жер, су, орман, жер қойнауы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, атмосфералық ауаны қорғау туралы заңдардың негіздері қабылданып, одақтас республикаларда табиғат жөнінде салалық заңдар, кодекстер қабылданды. Сонымен бірге, заң ғылымының докторлары С.Байсалұлының, Н.Мұхитдинұлының, М.Сахипұлының, К.Шайбекұлының және басқа ғылымдардың еңбектері жер, су, жер қойнауы, орман және басқа табиғат объектілерінің құқықтық қатынастарын зерттеуге арналды. Бұл еңбектерді республикамыздың экология құқығының ғылыми негіздері деуге болады.

Қазақстан Республикасы өзінің егемендігіне ие болғаннан кейінгі экология құқығы жаңа әлеуметтік – экономикалық өзгерістер жағдайында дами бастады. Республиканың материалдық негізін құрайтын табиғи ресурстарға жер, оның қойнауы, су, орман, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі. Қазақстан республикасының меншік құқығы мәртебесі 1991жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңмен, 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ережелерімен бекітілді.

1995 жылдың аяғына дейін Қазақстан Республикасындағы «Айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы», Жер, Жер қойнауы және минералдық шикізатты ұқсату туралы, Су, Орман кодекстері, Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңдары және осы заңдарды іске асыру барысында көзделген қатынастарды реттейтін басқа да заң актілері қабылданды.

8.2 Экология құқығының ұғымы, міндеттері және жүйесі

Экология (грекше oikos – үй, мекен, logos – ғылым) – жанды организмдердің тіршілік ортасы мен арақатынасын зерттейтін биологиялық ғылым.

«Қазақстан Республикасының экология құқығы» – айналадағы табиғи ортаны қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық ережелердің жиынтығын зерттейтін оқу пәні немесе ғылым саласы.

Ол заңдардың міндеттері:

– адамның тұруы үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету, табиғи қорларды ұтымды пайдалану, жаңғырту және неғұрлым ұзақ мерзімге сақтау, айналадағы табиғи ортаны сауықтыру мен жақсарту, оған шаруашылық және өзге де қызметтің зиянды ықпал жасауына жол бермеу мақсатында айналадағы табиғи ортаны қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттеу;

– осы қоғамдық қатынастар саласында азаматтардың, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың құқықтарын қорғау;

– табиғат қорғау заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық шараларын белгілеу;

– әр алуан экологиялық жүйелер мен ландшафтарды (өңірлерді), бірегей табиғи объектілерді және соларға байланысты мәдени мұраны сақтау;

– қоғамдық қатынастардың осы саладағы заңдылық және құқықтық тәртібін нығайту.

Экология құқығының негізгі табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, ұдайы молайту және қорғау салаларындағы қатынастар болып табылады.

Экология құқығының жүйесі экологиялық қатынастарды ғылыми түрде салаларға бөліп қараудан туындайды. Оның әр сал


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: