Бап. Судья

1. Өз құзыретi шегiнде iстi жеке-дара қарайтын, соттың отырысын дайындау немесе оның үкiмiнiң немесе басқа да шешiмiнiң орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде өкім жасау әрекеттерін жүзеге асыратын, осы Кодекстiң 53-бабының үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген өтiнiшхаттар мен шағымдарды шешетiн судьяға соттың өкiлеттiктерi тиесiлi болады.
2. Iстi судьялар алқасының құрамында қарайтын судья қаралатын іске байланысты туындайтын барлық мәселелердi шешу кезiнде төрағалық етушiмен және басқа да судьялармен тең құқықтарды пайдаланады. Судья қаралатын мәселелер бойынша басқа судьялардың пікірімен келіспеген кезде, өзінің ерекше пікірін жазбаша баяндауға құқылы, ол конвертке салынып мөрленіп, қылмыстық іске қосып тігіледі. Тек жоғары тұрған соттың ғана істі қарау кезінде конвертті ашуына және судьяның ерекше пікірімен танысуына жол беріледі.
3. Тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады. Тергеу судьясын (судьяларын) осы сот төрағасы судьялардың қатарынан тағайындайды. Тергеу судьясын алмастыру қажет болған кезде ол қайта тағайындалуы мүмкін.

55-бап. Тергеу судьясының өкілеттіктері

1. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы осы Кодексте көзделген жағдайларда мынадай:
1) күзетпен ұстауды санкциялау;
2) үйқамақты санкциялау;
3) лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау;
4) жақындауға тыйым салуды санкциялау;
5) экстрадициялық қамақты санкциялау;
6) күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту;
7) кепілді қолдану;
8) мүлікке тыйым салуды санкциялау;
9) күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру;
10) бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру;
11) мәйітті эксгумациялау;
12) күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда тергеу судьясы:
1) анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарайды;
2) тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарайды;
3) сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қояды;
4) адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын немесе тиісінше орындамайтын тұлғаларға ақшалай өндіріп алуды қолданады;
5) прокурордың ұсынуымен қылмыстық іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені қарайды;
6) сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы мәселені қарайды;
7) қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы мәселені қарайды;
8) қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беруі үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, бұрын өздері жауап алған куәні, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың өтінішхаты бойынша, мәжбүрлеп әкелу туралы мәселені қарайды;
9) осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
3. Тергеу судьясының қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

56-бап. Тергеу судьясының өкілеттіктерін жүзеге
асырудың жалпы шарттары

1. Тергеу судьясы өз өкілеттіктерін осы Кодекстің осы бабының қағидаларына және тиісті баптарында көзделген ерекшеліктерге сәйкес жүзеге асырады.
2. Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.
Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы етеді.
Осы Кодекстiң 55-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында, екiншi бөлiгiнiң 2) және 3) тармақтарында көрсетiлген мәселелердi қарау кезiнде сот отырысын өткiзу мiндеттi. Сот отырысын өткiзу мiндеттi болған жағдайда, қорғаушы тарап пен прокурорға сот отырысының уақыты мен орны туралы күнi бұрын хабарланады.
Сот отырысы тергеу судьясының өкімі бойынша бейнебайланыс режимінде жүргізілуі мүмкін. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
3. Тергеу судьясы:
1) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органнан қаралып жатқан мәселе бойынша қосымша ақпаратты талап етуге;
2) тиісті сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық материалдарымен танысуға және оларды зерттеуге;
3) процеске қатысушыларды сот отырысына шақыруға және олардан қылмыстық іс бойынша қажетті ақпаратты алуға құқылы.
4. Тергеу судьясы осы Кодекске сәйкес істі мәні бойынша шешу кезінде сотта қараудың нысанасы болуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешуге, тергеп-тексеру бағыты және тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар беруге, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамдардың және қадағалаушы прокурордың, сондай-ақ істі мәні бойынша қарайтын соттың орнына әрекет жасауға және шешім қабылдауға тиіс емес.
5. Күдікті өзіне азаптау және басқа да заңсыз әрекеттер қолданылғаны туралы арызданған немесе онда күш қолданудың іздері болған кезде тергеу судьясы қадағалаушы прокурорға көрсетілген фактілерді дереу тексеруді жүзеге асыруды тапсыруға міндетті.
6. Адамның құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін заңсыз шектеу немесе өзге де бұзу фактілері анықталған кезде тергеу судьясы заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін жекеше қаулы шығарады.
Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

57-бап. Iс бойынша төрағалық етушi

1. Қылмыстық iстi судьялар алқасының құрамында қараған кезде соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы не заңда көзделген тәртiппен осыған уәкiлеттiк берiлген судьялардың бiреуi төрағалық етедi.
Iстi жеке-дара қарап жатқан судья төрағалық етушi болып есептеледі.
2. Төрағалық етушi сот отырысының барысына басшылық етедi, қылмыстық iстiң әдiл қаралуын қамтамасыз ету және осы Кодекстiң басқа да талаптарының, сондай-ақ сот отырысына қатысушы барлық тұлғалардың тиісті мінез-құлқының сақталуы үшін барлық шараларды қолданады.
3. Сот отырысына төрағалық етушiнiң өкiмдерi процестің барлық қатысушылары және сот залында қатысып отырған өзге де тұлғалар үшiн мiндеттi.

8-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ ФУНКЦИЯЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАР


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: