Бап. Жеткізу

1. Жеткізу – адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
2. Адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бары расталған жағдайда, қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен ұстап алуды жүзеге асыруға құқылы, бұл ретте жеткізу мерзімі осы Кодекстің 131-бабының төртінші бөлігінде көзделген ұстап алудың жалпы мерзіміне қосылады.
3. Жеткізу мерзімі аяқталған соң, бұдан әрі процестік ұстап алу жағдайларын қоспағанда, адамға жеткізілгендігі туралы дереу анықтама беріледі.

130-бап. Азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған
адамдарды процестік емес ұстап алуға құқығы

1. Жәбiрленушiнiң, сондай-ақ кез келген өзге азаматтың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды оның өзге де қолсұғушылықтар жасау мүмкiндiгiнiң жолын кесу мақсатында ұстап алуға және оны қылмыстық қудалау органына немесе өзге де мемлекеттік билік органына беру не жеткізу үшін оның жүріп-тұру еркіндігін шектеуге құқығы бар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, ұстап алынған адам қарсылық көрсеткен кезде оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 33-бабында көзделген шектерде дене күшi мен басқа да құралдар қолданылуы мүмкін. Егер ұсталған адамда қару немесе қылмыстық iс үшiн маңызы бар өзге де қауiптi заттар бар деп пайымдауға негiз болса, оны ұстап алған азамат ұстап алынған адамның киiмiн қарап-тексеруге және онда бар нәрселерді құқық қорғау органдарына немесе өзге де мемлекеттiк билік органына беру үшiн алып қоюға құқылы.

131-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік
келтірілген адамды процестік ұстап алу тәртiбi

1. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлайды, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіреді.
Егер ұстап алынған адам қазақ және (немесе) орыс тiлдерiн бiлмесе не ұстап алу кезінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйде не психосоматикалық ауру жағдайында өзіне түсіндірілген құқықтарын барабар қабылдай алмаса, онда күдіктінің құқықтарын түсiндiру одан күдiктi ретiнде жауап алу басталғанға дейiн тиісінше аудармашының (қажет болған кезде) және (немесе) қорғаушының қатысуымен жүзеге асырылады, бұл туралы жауап алу хаттамасында белгi жасалады.
2. Анықтау органының лауазымды адамы, анықтаушы, тергеуші осы Кодекстің 129-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде ұстап алу хаттамасын жасайды. Күдікті тиісті өтінішхатты мәлімдеген кезде ол өз денсаулығының жалпы жағдайын және дене жарақаттарының бар-жоғын анықтау үшін дәрігердің куәландыруына жатады.
Ұстап алу хаттамасында мынадай мәліметтер:
1) күдіктінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
2) күдіктіні кімнің ұстап алғаны, ұстап алу негіздері, себептері, орны, нақты ұстап алу және жеткізу уақыты (сағаты мен минуты көрсетіле отырып);
3) күдіктінің құқықтарын түсіндіру туралы мәліметтер;
4) жеке тінту нәтижелері;
5) ұстап алынған адамның денсаулық жағдайы туралы мәліметтер;
6) хаттаманың жасалған уақыты мен орны көрсетіледі.
Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, күдікті және қорғаушы (ол қатысқан кезде) қол қояды.
Медициналық куәландыру өткізілген жағдайда, хаттамаға оның қорытындысы қоса беріледі.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жүргізілген ұстап алу туралы прокурорға ұстап алу хаттамасы жасалған кезден бастап он екі сағаттың ішінде жазбаша хабарлауға міндетті.
4. Күдіктіні соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға болады.
Ескерту. 131-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

132-бап. Ұстап алынған адамның жеке басын тiнту

Ұстап алуды жүзеге асыратын адам ұстап алынған адамда қару не қару ретінде пайдаланылуы мүмкін немесе қолдануға тыйым салынған нәрселер және дәлелдеуде пайдаланылуы мүмкін өзге де нәрселер бар не ол өзiнiң қылмыстық құқық бұзушылық жасағандығын әшкерелейтін дәлелдемелерден құтылуға әрекет жасайды деп пайымдауға негіз болған жағдайларда немесе өзге де қажеттi жағдайларда осы Кодекстiң 255-бабында көзделген қағидаларды сақтай отырып, ұстап алынған адамның жеке басына дереу тiнту жүргiзуге құқылы.

133-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік
бойынша ұстап алынған адамды босату негiздерi

1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адам, егер:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік расталмаса;
2) ұстап алынған адамға күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын не қамаққа алу не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жазаны қолдануға негiздер болмаса;
3) ұстап алу осы Кодекстiң 131-бабының талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргiзiлген болса;
4) ұстап алу үшін заңды негіздер болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырып жатқан адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша босатылуға жатады.
2. Егер нақты ұстап алынған кезден бастап жетпiс екi сағаттың iшiнде ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығына күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы сот қаулысы келiп түспесе, ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығы оны өзiнiң қаулысымен дереу босатады және ол туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамға және прокурорға хабарлайды.
3. Осы баптың екінші бөлiгiнiң талаптары орындалмаған кезде ұстап алынған адамды ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы заңда белгiленген жауаптылықта болады.
4. Ұстап алынған адам босатылған кезде оған оны кiмнің ұстап алғаны, ұстап алудың, жеткізудің негiздерi, орны мен уақыты, босатудың негiздерi мен уақыты көрсетiлген анықтама берiледi.
5. Осы баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда, заңсыз ұстап алу барысында не одан кейін ұстап алынған адамның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері нәтижесінде алынған деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады.

134-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік
бойынша ұстап алынғандарды күзетпен ұстау тәртiбi

Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған әскери қызметшiлер мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар да тиiсiнше гауптвахталарда және қылмыстық-атқару жүйесiнiң бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны орындайтын мекемелерiнде ұсталуы мүмкiн. Осы Кодекстiң 61-бабы екінші бөлігінің 9) тармағында және үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар анықтау органының бастығы айқындайтын арнайы бейiмделген үй-жайларда ұсталады. Төтенше жағдай режимі жағдайларында қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар жергілікті жердің коменданты айқындаған, осы мақсаттарға бейімделген үй-жайларда ұсталуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамдарды күзетпен ұстаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

135-бап. Күдіктінің туыстарына оның ұстап алынғаны
туралы хабарлау

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ұстап алынған күдіктінің отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң қайсыбiрiне, ал олар болмаған кезде – басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұстап алынғаны және ұсталып отырған жері туралы кейінге қалдырмай хабарлауға немесе күдіктінің өзiне мұндай хабарлау мүмкiндiгiн беруге мiндеттi. Шетелдіктің ұстап алынғаны туралы сол мемлекеттiң елшiлiгi, консулдығы немесе өзге де өкiлдiгi дереу хабардар етілуге, ал ол мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі мен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірлескен бұйрығымен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы да жиырма төрт сағат ішінде хабардар етiлуге тиiс.

18-тарау. БҰЛТАРТПАУ ШАРАЛАРЫ

136-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану үшiн негiздер

1. Күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып жүр не iстi объективтi тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ қылмыстық процестi жүргізетін орган үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн өз өкiлеттiктерi шегiнде осы адамдарға осы Кодекстiң 137-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолдануға құқылы.
2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299(төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстарды жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын адамдарға жасалған қылмыстың бір ғана ауырлығы уәжімен бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылуы мүмкін.

137-бап. Бұлтартпау шаралары және қосымша шектеулер

1. Мыналар:
1) ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат;
2) жеке кепiлгерлік;
3) әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру;
4) кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру;
5) кепiл;
6) үйқамақ;
7) күзетпен ұстау бұлтарпау шаралары болып табылады.
2. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беруді және күзетпен ұстауды қоспағанда, қажет болған кезде бұлтартпау шарасы қолданылған адамға қатысты электрондық бақылау құралдары қолданылуы мүмкін.
Бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыда электрондық бақылау құралдарын қолдану және күдіктіге, айыпталушыға олардың мақсатын түсіндіру туралы белгі жасалады.
3. Электрондық бақылау құралдарын қолдануға оларды айналасындағылардың байқауынан жасыру шаралары қолданылған жағдайда жол беріледі, ол күдіктінің, айыпталушының баратын жерлері және олардың жүріп-тұратын жолдары, сондай-ақ жасы, денсаулығының жай-күйі, отбасы жағдайы мен өмір салты ескеріліп жүзеге асырылуға тиіс.
4. Электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібін, шарттары мен негіздерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

138-бап. Бұлтартпау шарасын таңдау және қосымша шектеулер
белгілеу кезiнде ескерiлетiн мән-жайлар

1. Бұлтарпау шарасын және оның дәл қайсысын қолдану қажеттiлігi туралы мәселені шешкен кезде осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздерден басқа, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қосымша шектеулерді белгілеген кезде жасалған қылмыстың ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы, денсаулығының жай-күйі, отбасы жағдайы, айналысатын ісі, мүлiктiк жағдайы, тұрақты тұрғылықты жерiнiң бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерiлуге тиiс.
2. Осы Кодекстің 136-бабында санамаланған негіздер болмаған кезде, жасалған қылмыстың ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайды.

139-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы
шығарылғанға дейін бұлтартпау шарасын қолдану

1. Осы Кодекстiң 136-бабында көзделген негiздер болған айрықша жағдайларда және осы Кодекстің 138-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін күдіктiге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн. Бұл ретте күдіктiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы – бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 173, 179, 181, 184, 255 –268 және 272-баптарында көзделген қылмыстардың ең болмағанда біреуі жасалған жағдайларда – отыз тәуліктен кешiктiрiлмей, ал егер күдiктi ұстап алынып, содан кейiн күзетпен қамалған болса, ұстап алынған кезден бастап дәл сондай мерзiмде жариялануға тиiс. Егер осы мерзiмде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылмаса және жарияланбаса, бұлтартпау шарасының күші дереу жойылады.
2. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы жарияланған кезде оған бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды қолдану туралы мәселені сот осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен қайтадан қарайды. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін жиырма төрт сағат ішінде күзетпен ұстау орнының бастығына соттың күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы қаулысы келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы ол туралы іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органды немесе адамды, сондай-ақ прокурорды хабардар етуге міндетті. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталған бойда бұлтартпау шарасының күшін жою немесе айыпталушыны күзетпен ұстауды соттың санкциялағаны туралы тиісті шешімдер келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы оны өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағаттың ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жібереді.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнің талаптары орындалмаған кезде күзетпен ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы заңда белгiленген жауаптылықта болады.

140-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртiбi

1. Күдіктіге, айыпталушыға бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, онда адамға күдік келтіріліп, ол айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көрсету және осы бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері қамтылады. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі және сонымен бiр мезгiлде оған осы Кодексте көзделген, бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағым жасау тәртiбi түсiндiрiледi.
Осы Кодекстің 139-бабында көзделген жағдайлардан басқа, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін ғана қолданылады.
3. Күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданған кезде күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету үшін оларға:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға не сотқа олар белгілеген уақытта келу;
2) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен кетпеу;
3) қылмыстық процесті жүргізетін адамды, прокурорды тұрғылықты жерінің, жұмыс орнының өзгергені туралы хабардар ету;
4) белгілі бір адамдармен араласпау және белгілі бір жерлерге бармау;
5) есірткіге немесе алкогольге тәуелділіктен емделу курсынан өту;
6) электрондық бақылау құралдарын тағып жүру міндеттерінің бірі немесе бірнешеуі жүктелуі мүмкін.
4. Күдікті, айыпталушы осы Кодекстiң 141, 142, 143, 144, 145 және 146-баптарында көзделген шараларды бұзатын іс-әрекеттердi жасаған жағдайда оларға неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, ол туралы күдіктіге, айыпталушыға тиiстi қаулының көшiрмесiн табыс ету кезiнде жариялануға тиiс. Осы Кодекстің 156, 165-баптарында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын бұзған жағдайда, күдіктіге, айыпталушыға бұлтартпау шарасы таңдалады.

141-бап. Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы
қолхат

Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізетін органның күдіктіден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушінің немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен (елді мекеннен) кетпеуі, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға кедергі келтірмеуі, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша белгіленген мерзімде келуі жөнінде жазбаша міндеттеме алуынан тұрады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: