Тарау. Негізгі ережелер 5 страница

21-бап. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен
медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау

1. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы субъектілердің Қазақстан Республикасында дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді, стандарттарды, ережелер мен нормаларды сақтауын белгілеу мақсатында уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы объектіні тексеруге:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы заңнамасы нормаларының сақталуын тексеру жөніндегі жұмыс жоспары;
2) Қазақстан Республикасының дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы заңнамасы талаптарын бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамалардың, қаулылардың орындалуын бақылау;
3) дәрілік заттар айналымы саласындағы объектінің халықтың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін қызметіне байланысты жағдайлар;
4) азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің жолданымдары негіз болып табылады.
2. Бақылаушы органның шешім қабылдауы үшін қажетті қосымша ақпарат алу мақсатында тексерілетін субъектімен шарттық немесе өзге де құқықтық қатынастарда тұрған (бұрын тұрған) адамдарға қатысты тексеру жүргізуге рұқсат етіледі.
3. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік фармацевтика инспекторы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармацевтика инспекторлары;
3) тиісті облыстар (астана, республикалық маңызы бар қала) бойынша бас мемлекеттік фармацевтика инспекторлары;
4) тиісті облыстар (астана, республикалық маңызы бар қала) бойынша мемлекеттік фармацевтика инспекторлары болып табылады.
4. Дәрілік заттар. медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жоғары фармацевтикалық білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары болуға тиіс.
5. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік фармацевтика инспекторы, оның орынбасарлары, сондай-ақ осы баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында аталған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
6. Дәрілік заттар. медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар осы Кодекстің 18-бабының 6-тармағында көзделген құқықтардан бөлек:
1) сараптама жасау үшін оны жүргізуге жеткілікті және оған қажетті көлемнен аспайтын мөлшерде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың үлгілерін, осы өнімнің құнын өтемей алуға;
2) Қазақстан Республикасының аумағына жарамсыз болған, жалған, жарамдылық мерзімі өткен және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін басқа да дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әкелуге, өндіруге, дайындауға, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салу туралы нұсқамалар беруге;
3) фармацевтикалық қызметке лицензияның күшін тоқтата тұруға бастамашы болуға құқығы бар.
7. Қазақстан Республикасының Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзылуына қарай дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша құқықтық ықпал ету шараларын қабылдау мақсатында өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 18-бабында көрсетілген актілерді шығарады.

6-тарау. Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру

22-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылай қамтамасыз ету
көздері

1. Денсаулық сақтау бюджетін бөлу Қазақстан Республикасының
Үкіметі бекітетін әдістеме бойынша өңірлік коэффиценттерді ескере
отырып, жан басына шағу принципімен жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру көздері:
мемлекеттік бюджет қаражаты;
медициналық сақтандыру қаражаты;
ақылы негізде медициналық қызметтер көрсетуден алған қаражаттары;
Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер болып табылады.
3. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру мен шығындарды жоспарлау әдістемесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

23-бап. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсететін
денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру нысандары

Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру мынадай нысандарда:
мемлекеттік медициналық мекемелер - жеке қаржыландыру жоспары бойынша;
мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдары -бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен шарттық негізде жүзеге асырылады.
2. Медициналық ұйымдардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

24-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының қаржы қаражаттарын
пайдалану

Денсаулық сақтау жүйесінің қаржы қаражаттары:
тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету жөніндегі шығындарды өтеуге;
денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды іске асыруға;
денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға;
өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды, қан мен оның компоненттерін, вакциналарды және басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттарды, сондай-ақ медициналық техниканы және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға;
жұқпалы аурулардың көріністері мен індетін жоюға;
медицина және фармацевтика кадрларын даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға;
медицина ғылымының жетістіктерін дамытуға және енгізуге;
өзге де тыйым салынбаған шығыстарға бағытталады.
2. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Шығындарды өтеу көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік орган жүзеге асыратын бақылау нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.

7-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық және
коммуникациялық технология

25-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру
объектілері мен субъектілері

1. Денсаулық сақтаудың электрондық ақпараттық ресурстары, ақпараттық жүйелері мен электрондық қызметтер көрсету денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру объектілері болып табылады.
2. Денсаулық сақтауды ақпараттандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға араласатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру субъектілері болып табылады.
3. Денсаулық сақтауды ақпараттандыру саласындағы қызмет денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын "электрондық үкімет" шеңберінде дамытуды, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларды медициналық-статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуді, сондай-ақ өзге де электрондық қызметтер көрсетуді қамтиды.
4. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстармен өзара іс- қимыл жасайтын ведомстволық ақпараттық жүйелерді құру, жұмыс істету және пайдалану тәртібін, сондай-ақ осы ақпараттық жүйелерді қолдана отырып электрондық қызметтер көрсету тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

26-бап. Денсаулық сақтауды ақпараттандырудың негізгі
принциптері

1. Денсаулық сақтауды ақпараттандыру:
1) әкімшілік процестерді басқарудың барлық деңгейлерінде
стандарттау мен ресмилендіру, денсаулық сақтауды басқарудың бірыңғай саясатын әзірлеу мен іске асыру;
2) денсаулық сақтау және ақпараттандыру саласындағы халықаралық стандарттарды кеңінен пайдалану;
3) қолжетімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметі туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету;
4) жариялы таратудың міндетті сипаты Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген электрондық ақпараттық ресурстарды берудің уақтылығы, оның объективтілігі, толықтығы және дәйектілігі;
5) денсаулық сақтаудың ақпараттық ресурстары деректерінің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету;
6) әрбір пациент туралы ақпараттық ресурстарды персоналдауды және пациенттің персоналдық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
7) медициналық ақпараттың пациентпен ілесе жүруін қамтамасыз ету принциптеріне негізделеді.

27-бап. Пациенттер туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз
ету

1. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық деректерді қамтитын денсаулық сақтаудың электрондық ақпараттық ресурстары алынуы, өңделуі мен пайдаланылуы оларды жинау мақсатымен шектелетін құпия электрондық ақпараттық ресурстарға жатқызылады.
2. Электрондық ақпараттық ресурстар қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың (пациенттердің) денсаулық жағдайы туралы мәлімет беру жеке тұлғаның (пациенттің) келісімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған ақпараттық жүйелердің меншік иелері немесе иеленушілері оларды жарияланудан қорғау (құпиялылықты сақтау) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Мұндай міндет персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар алынған кезден бастап оларды жойып жібергенге не дерек иесінен айырғанға дейін немесе осы деректерге қатысты адамнан оларды жариялауға келісім алынғанша сақталады.
4. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстары мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды іске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
5. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға медициналық персоналдық қолжетімділігі жеке тұлғаға (пациентке) медициналық көмек көрсету мақсаттарымен ғана шектелуге тиіс.

8-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық
ынтымақтастық

28-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық
ынтымақтастықтың басымдықтары мен бағыттары

1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары:
1) Қазақстан Республикасының және оның азаматтарының
денсаулық сақтау саласындағы мүдделерін қорғау;
2) тұрақты дамуға қол жеткізу;
3) Қазақстан Республикасының эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді мемлекетаралық деңгейде шешу үшін халықаралық құқықтың нормалары мен принциптерін қолдану болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:
1) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;
2) денсаулық сақтаудың жаћандық проблемаларын шешуге қатысу;
3) денсаулық сақтау саласындағы техникалық көмекті
мемлекетаралық деңгейде тарту және көрсету;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және шетелдік азаматтарға медициналық көмек көрсету;
5) халықаралық танылған технологияларды енгізу және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту;
6) әлемдік медицина ғылымына кірігу;
7) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ақпараттық және зияткерлік ресурстарға қолжетімдігін қамтамасыз ету;
8) медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласында мемлекетаралық өзара іс-қимыл;
9) төтенше жағдайлар туындаған кезде денсаулық сақтау саласындағы халықаралық көмек көрсету;
10) дәрілік заттар айналымы саласындағы ақпарат, технология
алмасу және фармацевтикалық және медициналық өнімнің қауіпсіздігі
мен сапасына қойылатын талаптарды үйлестіру;
11) шекараларды санитариялық қорғау, әкелінетін заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

29-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық
ынтымақтастықтың экономикалық және құқықтық негіздері

1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негізін:
1) халықаралық ұйымдарға міндетті және ерікті жарналар;
2) халықаралық жобалар мен іс-шараларды қаржыландыруға қатысу;
3) гранттарды тарту мен пайдалану;
4) жасалған халықаралық шарттарға сәйкес қаржыландыру құрайды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негізі жасалуы, орындалуы, өзгертілуі мен тоқтатылуы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар туралы заңнамасымен реттелетін халықаралық (мемлекетаралық) шарттар мен келісімдер болып табылады.

ЕРЕКШЕ БӨЛІМ

2-бөлім. Денсаулық сақтау жүйесі және медициналық көмекті
ұйымдастыру

30-бап. Денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы

1. Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады.
2. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау саласындағы денсаулық сақтау ұйымдарынан, ғылыми ұйымдардан және білім беру ұйымдарынан тұрады.
3. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардан, білім беру ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық және фармацевтикалық практикамен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады.
Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында емдеуге тыйым салынатын аурулар тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

31-бап. Денсаулық сақтау субъектілері

1. Денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілері болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінде мынадай денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді:
1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар;
2) стационарлық көмек көрсететін ұйымдар;
3) жедел медициналық көмек және санитариялық авиация ұйымдары;
4) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары;
5) паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсететін ұйымдар;
6) қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
7) сот медицинасы және патологиялық анатомия саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар:
8) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
10) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар;
11) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары;
12) салауатты өмір салтын қалыптастыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары.
3. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын және олардың қызметі туралы ережені;
денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің медициналық және фармацевтикалық мамандықтары мен лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын;
денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымын, ұйымдық-құқықтық нысанын және үлгілік штатын;
денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимыл тәртібін әзірлейді және бекітеді.
4. Жеке тұлғалар осы мамандық бойынша маман сертификаты, кемінде бес жыл жұмыс стажы және тиісті лицензиясы болған ретте жекеше медициналық практикамен айналысуға құқылы болады.

32-бап. Медициналық көмекті ұйымдастыру

1. Медициналық көмекті ұйымдастыруды - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық көмек көрсетуді денсаулық сақтау субъектілері осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Денсаулық сақтау субъектілері ведомствоның спецификасына қарай:
1) лицензияға сәйкес сапалы медициналық көмек көрсетуді;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган рұқсат берген диагностиканың, профилактика мен емдеудің әдістерін, сондай-ақ дәрілік заттарды қолдануды:
3) төтенше жағдайлардағы жұмысқа әзірлікті;
4) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың, сондай-ақ кәсіптік аурулардың алдын алу, олардың диагностикасы мен емделуі жөнінде іс-шаралар жүргізуді;
5) азаматтарға медициналық көмектің нысандары мен түрлері туралы тегін, жедел және дәйекті ақпарат ұсынуды;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы
саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен гигиеналық
нормативтердің сақталуын;
7) басқа да денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимыл мен өз қызметіндегі сабақтастықты;
8) салауатты өмір салтын насихаттауды және халықты гигиеналық оқытуды;
9) алғашқы медициналық құжаттарды жүргізуді, денсаулық сақтау және мемлекеттік статистика салаларындағы уәкілетті органдар белгілеген нысандар, түрлер, көлем, тәртіп пен мерзімдер бойынша есептіліктер тапсыруды;
10) айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар, улану, психикалық және мінез-құлықтың бұзылу жағдайлары туралы - денсаулық сақтау саласындағы тиісті мемлекеттік органдарға, ал жаңа алған жарақаттар, жаралар, қылмыстық түсіктер бойынша көрінген адамдар туралы мәліметтерді, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың жағдайлары туралы ішкі істер органдарына хабарлауды қамтамасыз етуге міндетті.

33-бап. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі

1. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі Қазақстан
Республикасының азаматтары мен оралмандарға мемлекеттік бюджет
қаражаты есебінен ұсынылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі
бекітетін тізбеге сәйкес барынша дәлелденген тиімділікке ие
профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер
көрсетуді қамтиды.
2. Тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне:
1) жедел медициналық жәрдем мен санитариялық авиация;
2) амбулаториялық-емханалық көмек, ол:
- алғашқы медициналық-санитариялық көмекті;
- алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының (бұдан әрі
АМСК) және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультативтік-диагностикалық көмекті қамтиды;
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны (шекті көлемі) шеңберінде АМСК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы, бойынша, төтенше жағдайда жолдаманың болу-болмауына қарамай берілетін стационарлық медициналық көмек;
4) АМСК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек кіреді.
3. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейтін тәртіпке сәйкес бекітілетін Негізгі (өмірлік маңызды) дәрілік заттар тізімі шегінде:
жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде - медициналық ұйымдар бекіткен дәрілік формулярларға сәйкес;
амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті шарттарда қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен арнаулы дәрілік тағамдар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуды тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
5. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету жөніндегі шарттарды жасасуда артықшылықты құқыққа денсаулық сақтаудың аккредиттелген ұйымдары ие болады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: