Тарау. Негізгі ережелер 3 страница

93) санитариялық-қорғаныш аймағы – арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ елді мекендегі өнеркәсіп ұйымдары мен басқа да өндірістік, коммуналдық және қоймалық объектілерді жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы жайлар мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуін әлсірету мақсатында бөліп тұратын аумақ;

94) санитариялық-эпидемиологиялық жағдай – белгілі бір аумақтағы халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасының белгілі бір уақыттағы жай-күйі;

95) санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс- шаралар – мекендеу ортасы факторларының адамға зиянды әсерін жоюға немесе азайтуға, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, жаппай уланудың алдын алуға және оларды жоюға бағытталған шаралар;

96) тамақ өнімін байыту (фортификациялау) – тамақ өнімін өндіру немесе қайта өңдеу процесінде оған витаминдерді, минералдарды және басқа да заттарды тағамдық және биологиялық құндылығын арттыру, сондай-ақ адамда олардың тапшы болуына байланысты аурулардың профилактикасы мақсатында енгізу;

тәуекелді бағалау – инфекциялық және паразиттік ауруларды қоздырғыштардың немесе жұқтырғыштардың ену және таралу ықтималдығына, сондай-ақ қоршаған орта факторларының халықтың денсаулық жағдайына кері әсеріне және осыларға байланысты ықтимал медициналық-биологиялық және экономикалық салдарларға ғылыми негізделген баға беру;

98) тәуелсіз сарапшы – денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке тұлға;

99) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық қызметтер көрсетудің Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тізбесі бойынша бірыңғай медициналық көмектің көлемі;

100) темекі – темекі бұйымдарын өндіру үшін пайдаланылатын никотині бар өсімдік;

101) темекі бұйымы – никотині бар фармацевтикалық өнімді қоспағанда, құрамында темекі бар кез келген бұйым;

102) темекі бұйымының ингредиенті – темекіден, судан немесе темекі жапырағынан басқа, өндіріс процесінде не темекіге, не темекі бұйымдарының темекі емес компоненттеріне қосылатын кез келген зат;

103) темекі бұйымының қаптамасы – темекі бұйымының белгілі бір қорап санын қамтитын топтап тұтыну ыдысының бірлігі;

104) темекі бұйымының қорабы – картоннан немесе қағаздан немесе өзге де материалдан жасалған, темекі бұйымының белгілі бір санын қамтитын тұтыну ыдысының бірлігі;

105) темекі шегушілік – темекі шегуші организмінің никотинге тәуелденуін тудыратын, оның денсаулығына, сондай-ақ темекі шекпейтіндердің денсаулығына кері әсер ететін және қоршаған ортаны ластайтын темекі бұйымын тұтыну процесі;

106) транспланттау – тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу, сіңістіру;

107) туберкулездің жұқпалы түрі – науқас адамның сыртқы ортаға туберкулез бактерияларын бөліп шығаруына байланысты айналадағы адамдарға қауіп төндіретін ауру;

108) улану – мекендеу ортасының химиялық, биологиялық және өзге де факторларының адамға қатты (бірмезгілді) немесе созылмалы (ұзақ) әсер етуі кезінде туындайтын ауру (жай-күй);

109) ұрпақты болу денсаулығы – адамның толымды ұрпақты өмірге келтіру қабілетін көрсететін денсаулығы;

110) фармакологиялық зат – белгіленген фармакологиялық активтілігі мен уыттылығы бар, клиникалық сынақ объектісі және әлеуетті дәрілік зат болып табылатын зат немесе заттардың қоспасы;

111) фармацевтика қызметкерлері – фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;

112) фармацевтикалық қызмет – дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіру, дайындау (медициналық техникадан басқасын), көтерме және бөлшек саудада өткізу бойынша денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуға (алуға), сақтауға, әкелуге, әкетуге, сапасын бақылауға, ресімдеуге, таратуға, пайдалануға және жоюға, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын қамтамасыз етуге байланысты қызмет;

113) халықтың денсаулығына қауіп төндіретін өнім – уәкілетті орган белгілеген, қолданылуы немесе тұтынылуы кезінде адамның денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін өнім түрлері;

114) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы – мекендеу ортасы факторларының адамға зиянды әсері болмайтын және оның тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін кездегі халық денсаулығының жай-күйі;

115) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет – мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды, гигиеналық оқытуды, санитариялық-карантиндік бақылауды, радиациялық бақылауды, санитариялық-эпидемиологиялық нормалауды, тәуекелді бағалауды, санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы қамтитын қызметі;

116) хирургиялық стерилизациялау – нәтижесінде әйел немесе еркек ұрпақты болу қабілетін жоғалтатын хирургиялық oпeрация;

117) шарананың тірі тууы немесе өлі тууы – жаңа туған баланың (шарананың) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тірі туу мен өлі туудың тиісті халықаралық критерийлері бойынша айқындалатын жай-күйі;

118) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин – инфекциялық аурулардың таралуын болғызбауға бағытталған әрі кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің ерекшe режимін көздейтін шаралар;

119) эвтаназия – аурудың беті бері қарамайтын жағдайларда дауасыз науқастың өз өлімін жеделдету туралы өтінішін қандай да бір іс-әрекетпен немесе құралдармен, оның ішінде дәрілік немесе өзге де заттарды енгізу арқылы, сондай-ақ оның өміріне дем беріп тұрған жасанды шараларды тоқтату арқылы қанағаттандыру;

120) эпидемия – инфекциялық аурулардың әдетте тіркелетін науқастану деңгейінен айтарлықтай жоғары деңгейде жаппай таралуы;

121) эпидемиологиялық мәні бар объектілер – өндіретін өнімі және (немесе) қызметі Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптары бұзылған кезде халық арасында тағамнан уланудың және инфекциялық аурулар таралуының белең алуына әкеп соғуы мүмкін объектілер.

2. Өзге терминдердің мазмұны осы Кодекстің жекелеген баптарында айқындалады.

2-бап. Осы Кодекстің қолданылу аясы

Осы Кодекс азаматтардың денсаулық сақтауға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

3-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғандағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-тарау.

Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқару

4-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат принциптері

1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат:

1) азаматтардың қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық көмек алу құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету;

2) мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілігі;

3) ана мен баланы қорғау;

4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету;

5) денсаулық сақтау жүйесі қызметіндегі профилактикалық бағыттың басымдығы;

6) медициналық көмектің қолжетімділігі;

7) медициналық көмектің сапасын ұдайы арттыру;

8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету;

9) медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау ұйымдарының қызметінің сабақтастығы;

10) медициналық және фармацевтикалық білім берудің үздіксіздігі мен сабақтастығын қазіргі заманғы оқыту технологияларын пайдалана отырып қамтамасыз ету;

11) отандық медицина ғылымын мемлекеттік қолдау, денсаулық сақтау саласындағы ғылымның, техниканың алдыңғы қатарлы жетістіктерін және әлемдік тәжірибені енгізу;

12) ерікті өтемсіз донорлықты көтермелеу;

13) отандық әзірленімдерді және бәсекеге қабілетті медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуды мемлекеттік қолдау;

14) азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге қоғамдық бірлестіктердің қатысуы;

15) денсаулық сақтаудың халықтың сұранысын, мұқтажын қанағаттандыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарлылығы;

16) салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесу;

17) халықтың денсаулығын, дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларына жатқызу принциптері негізінде жүргізіледі.

5-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу негіздері

1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеуді:

1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

2) уәкілетті орган;

3) өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдар осы Кодексте белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.

2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу:

1) медициналық, фармацевтикалық қызметті мемлекеттік бақылау және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау;

2) медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялау;

3) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу;

4) денсаулық сақтау саласындағы аттестаттау;

5) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және олардың тіркеу деректемесіне өзгерістер енгізу;

6) денсаулық сақтау саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарда және шарттар талаптарында белгіленген талаптарға сәйкестігін растау;

7) дәрілік заттардың және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары көрсететін медициналық қызметтердің бағаларына мемлекеттік реттеу жүргізу жолымен жүзеге асырылады.

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді шығарады;

3) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін бекітеді;

4) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу тәртібін айқындайды;

5) медициналық және фармацевтикалық қызметтің біліктілік талаптары мен оны лицензиялау тәртібін бекітеді;

6) орталық және жергілікті атқарушы органдардың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қызметіне басшылықты жүзеге асырады;

7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекітеді;

8) азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;

9) төтенше жағдайлар кезіндегі халыққа медициналық көмектің тәртібін, түрлері мен көлемін айқындайды;

10) денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және ақылы қызметтер көрсетуге арналған шарттың үлгілік нысанын бекітеді;

11) денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекітеді;

12) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, медициналық және фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін айқындайды;

13) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекітеді;

14) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидасын бекітеді;

15) денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу тәртібін айқындайды;

16) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың енуіне және таралуына санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асырудың және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз етудің тәртібін айқындайды;

17) халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдану мен өткізуге тыйым салу тәртібін айқындайды;

18) оларға қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу тәртібін, мерзімдерін және жоспарлы егілуге жатқызылатын халықтың топтарын айқындайды;

19) Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді, сондай-ақ халық тұрмысының және кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті жүргізудің ерекше шарттары мен режимдерін жүзеге асыру тәртібін белгілейді;

20) туындау және таралу қатері төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін белгілейді;

21) иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану тәртібін бекітеді;

22) азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз етудің тәртібін айқындайды;

23) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу жағдайларын айқындайды;

24) клиникалық базалар тізбесін бекітеді;

25) анатомиялық сый жасау және оны денсаулық сақтау ұйымдарына беру тәртібі мен шарттарын бекітеді;

26) Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасын және Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережені бекітеді;

27) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және олармен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай дистрибьюторды айқындайды;

28) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

7-бап. Уәкілетті органның құзыреті

1. Уәкілетті орган:

1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

2) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін әзірлеу;

3) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми әзірленімдердің басымдықтарын айқындау;

4) медициналық көмек көрсету тәртібін бекіту;

5) денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, гигиеналық нормативтерді, нормативтік құжаттарды және есепке алу мен есептілік құжаттамасының нысандарын әзірлеу және өз құзыреті шегінде бекіту;

6) стандарттарды әзірлеу және бекіту;

7) денсаулық сақтау саласындағы мониторингті жүзеге асыру;

8) денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін үйлестіру;

9) денсаулық сақтау саласында ведомстволық статистикалық байқауды қамтамасыз ету;

10) денсаулық сақтау саласындағы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оларға жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес қол жеткізуін ұйымдастыру;

11) денсаулық сақтау саласындағы салалық көтермелеу жүйесін және құрметті атақтар беру тәртібін әзірлеу мен бекіту;

12) медицина және фармацевтика ғылымының дамуын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметті үйлестіру;

13) денсаулық сақтау саласында медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды, олардың біліктілігін арттыру мен оларды қайта даярлауды ұйымдастыру;

14) профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін енгізу, сондай-ақ оларды бақылау;

15) медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша даярлауға арналған, сондай-ақ медицина және фармацевтика кадрларының денсаулық сақтау саласындағы біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру;

16) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары басшыларын тағайындауды келісу;

17) жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен денсаулық сақтау саласындағы қызметтің түпкі нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған меморандумдар жасасу;

18) ведомстволық бағынысты денсаулық сақтау ұйымдарының, оның ішінде медициналық және фармацевтикалық білім беру және ғылыми ұйымдардың қызметіне басшылық жасауды, басшылары мен олардың орынбасарларын тағайындау мен босатуды жүзеге асыру;

19) салааралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

20) дәрілік заттардың және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары көрсететін медициналық қызметтердің бағаларын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру;

21) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

22) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметтерді әкімшіліктенген бюджеттік бағдарламалар бойынша сатып алу;

23) консультациялық-кеңесші және сарапшы комиссиялар құру;

24) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу;

25) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын кәсіптік құзыреттілікке аттестаттауды жүргізу, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы аттестаттауды жүргізудің тәртібін айқындау;

26) денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүргізуді ұйымдастыру;

27) денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеу;

28) денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізуді ұйымдастыру;

29) медициналық және фармацевтикалық қызметті, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымымен байланысты қызмет түрлерін лицензиялау;

30) халықаралық және шетелдік фармакопеялардың стандарттарын, сондай-ақ шет мемлекеттердің дәрілік заттарына, медициналық мақсаттағы бұйымдары мен медициналық техникасына арналған стандарттау жөніндегі фармакопеялық мақалаларды (монографияларды) және басқа да нормативтік құжаттарды тану;

31) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, олардың тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу, мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу, Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімін жүргізу;

32) Қазақстан Республикасының аумағына дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әкелуді келісу;

33) шаруашылық және (немесе) өзге де қызметтің және халық тұрмысының ерекше шарттары болатын шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу;

34) Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған әлеуетті қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тіркелімін жүргізу;

35) құзыреті шегінде өнімдерге, тауарларға, процестерге, көрсетілетін қызметтерге арналған мемлекеттік және халықаралық стандарттардың жобаларын және жобалау нормаларын келісу;

36) балалар тамағы өнімдерін, тағамға тағамдық және биологиялық активті қоспаларды, генетикалық түрлендірілген объектілерді, сумен және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдарды, дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдарын, адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу;

37) денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;

38) денсаулық сақтау саласындағы бірлескен халықаралық жобаларды іске асыру;

39) өз құзыреті шегінде электрондық қызметтер көрсету;

40) азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттанушылық дәрежесін айқындау;

41) жеке және заңды тұлғалардың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарау;

42) гигиеналық оқытуды ұйымдастыру, салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыру;


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: