Саяси формат

1. Үкімет тобы Премьер-Министрінің басты міндеті талқыланып отырған қарар аясында өзінің презентациясын жасау. Ол келесідей негізгі құрылымнан тұруы тиіс.

Сәлемдесу, қарарды (тақырып) айту. Талқыланғалы отырған қарар бүгінгі таңда несімен маңызды, өзектілігі қандай? Алдымен осыған тоқталып, ойға, ойынға кіріспе жасайсыз. Мұнда сіздің айтып отырған сөздеріңіз парламентарияға түсінікті болуы үшін қолданатын терминдік сөздерге анықтама енгізіп кетесіз, бұл дефиниция немесе кілттік сөз деп аталады. Мысалы: экономика – үй шаруашылығын жүргізу өнері немесе материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастар, т.б. Әдетте кілттік сөздерге көп уақыт жіберіп қажет емес, сондай-ақ қарапайым ұғынықты сөздерге анықтама берудің де қажеті шамалы.

Келесі маңызды нәрсе, бұл - Status Quo немесе қалыптасқан жағдай деп аталады. Бұл жерде көбіне статистикалық мәлімет енгізіледі. Ескеретін жағдай ақпарат нақтылыққа негізделуі тиіс. Мәселен, қарар неке туралы болса, онда: ҚР 2013 жылдың қаңтар-қараша айларында АХАТ органдарында 155,3 мың неке тiркелген. Бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңiндегi көрсеткiштен 1,5%-ға артық. Сонымен қатар, ажырасулар саны 47,3 мыңға жетiп, 4,9%-ға өскен. Осы қалыптасқан жағдайдан мәселе (проблема) туындауы керек. Мысалы: ҚР ажырасулар санының өсуі. Мәселе анықталып көрсетілгеннен кейін, оның өзектілігін ашып кетуді ұмытпаған абзал.

Содан кейін осы мәселенің шығу себептері туындайды және оларды атап өту, оларға негіздеме беру керек, олар бірнеше болуы мүмкін. Себептерін айтып болғаннан кейін, үкіметтің басты жұмысы шешу жолдары басталады. Кейсте проблемаға қатысты қанша себеп көрсетілсе, шешу жолдары да сонша болуы керек. Қарарда «механизмін ұсынады», «концепциясын ұсынады» делінген жағдайда, шешу жоллдарында басты 3 сұраққа жауап беру керек: Кім? Қалай? Қашан?

Премьер-Министрдің (ПМ) соңғы сөздерінде нәтижеге тоқталып кетуі маңызды, айтылмаған жағдайда топтың жеңілі мүмкін. Ескертетін дүние, нәтиже қалыптасқан жағдайды өзгертуі керек.

Міне, жоғарыда айтылғандардың барлығын Премьер-Министр 7 минутта айтып үлгеруі керек. Уақыттың қалып қоюы үлкен кемшілікті білдіреді. Әрбір спикер өзіне сөзін аяқтау үшін, 30 секунд уақыт ала алады. Бұл негізгі уақыттан бөлек берілетін қосымша уақыт.

2. Оппозиция Лидері (ОЛ) үкімет ұсынған кейсті қарастырып, оның кемшіліктерін айтуы керек. Осыған негізделе отырып оппозиция ұстанымын дамыта түсуі тиіс. Оппозиция Лидері Премьер-министр сөзін аяқтаған соң, бірден шақырылады және 8 минут сөйлейді. Парламенттік пікірсайыста сөз арасында дайындалуға қосымша уақыт берілмейді.

Оппозиция Лидерінің міндеті – қақтығысты келтіру, яғни Үкімет ұсынған ұстанымға қарама-қарсы көзқарастың бар екендігін және оның да қарастырылуын қамтамасыз ету. Оппозиция Лидері Үкіметтің барлық айтқандарын Премьер-министр берген ұғым мен анықтамалар негізінде қарастыруы міндетті емес. Оппозиция балама көзқарасты ұстанғанымен, ол Үкімет күткендей терістеуі де міндетті емес.

Ол өз сөзінде (әрине, амандасу және өзін таныстыру) қарарды айтып кету керек. Оппозиция Лидерінің кейсті енгізуі міндетті емес. Ол тек үкіметтің кейсін құлатумен болады. Ал кейбір жағдайларда Үкімет тіптен кейс енгізбесе немесе өте әлсіз кейс ұсынса, оппозицияның қарсылық келтірер сөзі болмаған жағдайда өз кейсін ұсынуға болады.

Әдетте үкіметпен келісе салудың арты нашар. Төреші жеңіліс беруі мүмкін немесе ол жақсы ойын көруге келді, ал сіз барлығымен келіссеңіз – бұл дұрыс емес және жеңілгеннің белгісі.

Сонымен оппозиция неден бастайды? Ең алдымен Үкімет кейсінің базисінен, яғни негізінен бастаңыздар. Үкімет кейсінің (ұстанымының) қандай болжамдарға сүйеніп отырғандығын анықтау керек. Бұл болжамдардың қателігі мен сенімсіздік тудыратын жақтары қандай? Аталған мәселелердің және болжамдардың көзқарасыңызға сәйкес болуы үшін не өзгертуге болар еді? Қарарды айтқаннан кейін кілттік сөзден, яғни дефинциядан бастау тәуір болады. Дефиницияға мұқият болу керек, А4 форматты қағазға жазып, қасына өз дефиницияңызды бірден жазып үлгеру керек, шыққаннан кейін оған қарау оңай болады және төрешінің алдында қағазға үңіліп тұрмайсыз. Ескеріңіз: бұл жайт төрешілерге және отырған парламентарияға ұнамайды. Алайда, кейбір келтірілген кілттік сөздер дауласуға жатпайды, яғни олар дұрыс келтірілген және “Біз келісеміз” деп айту керек. Мысалы: неке жасы – еркектер мен әйелдер үшiн он сегiз жас (бұл заңда осылай жазылған, сондықтан қарсы шығып керек жоқ). Ары қарай барлық кейстің жақтары бойынша тоқталып, қарсылық келтіріп кету керек, бірақ барлығына бірдей қарсылық келтіре беру керек емес, нақты түсініп алу қажет.

Есіңізде сақтаңыздар: Сіздің басты міндетіңіз Үкіметтің әрбір дәйегіне қарсылық жасап терістеу емес. Сіздің мақсатыңыз олардың кейс құрылымын әлсірету, яғни ортақ идеясының байланысын ыдырату. Терістеу жасау барысында бірінен соң бірін терістеуден гөрі жалпы кейстің осал тұстарын іздеп зерттеген әлдеқайда тиімді болмақ.

Саяси форматта басты орында шешу жолдары орын алады. Сондықтан ең басты қақтығыс нүктелері шешу жолдарында болу керек. Бұнда барлық Кім? Қашан? Қалай? деген сұрақтарға қарсы шығу міндетті емес, алайда пікірсайысшылар әдетте барлығына тиісе береді. Және маңыздысы – ол нәтиже! Нәтижеге міндетті түрде қарсылық келтіру керек, оны жасамасаңыз, төреші сізге жеңіліс қоюға құқылы. Осының барлығы 8 минутта жасалатын жұмыс, сондықтан қағазға не айдалаға қарай бермей, арасында тайм киперге қараған абзал.

3. Премьер-министрдің сөзі қаншалықты конструктивті болса, Үкімет Мүшесінің сөзі соншалықты сыни болады. Үкімет Мүшесі конструктивті сөзі жеңіс пен жеңілістің арасын ажыратушы белес болмақ. Үкімет Мүшесі 8 минут ауқымында екі мақсатты орындауы тиіс: Үкімет кейсінің артықшылығын қамтамасыз ету және Оппозиция тобының тарапынан мүмкін болатын терістеудің алдын алу. Ол жаңа ғана қарсылық келтіріп кеткен оппозиция көшбасшының сөздеріне қарсылық келтіріп, өз кейсін қалпына келітіріп, ары қарай жалғастыра, дамыта алады.

Пікірсайыстың айырмашылықтарға негізделгендіктен Төрешіге де, Оппозицияға да осы айырмашылықтарды ажыратып көрсету керек. Сөзіңіздің барынша қысқа және мазмұнды болуына назар аударыңыз. Раундқа шолу жасау барысында ұсақ нәрселерге көп тоқталмаған дұрыс. Сіздің мақсатыңыз – сөзіңізден кейін дами түсетін сайыстың бейнесін қалыптастыру.

ПМ пайдаланған құрылымды пайдалана отырып, ол қолданған атауларды қолдануға тырысыңыз. Оппозицияның негізгі тұжырымдарын осы құрылымды пайдалана отырып терістеңіздер.

Алдымен Үкімет ұсынған кейстен бастаңыздар және Оппозиция Лидері жасаған сындарды түзетіңіз. Артынша, Оппозицияның ой-түйіндерін анықтап, терістей бастаңыз.

Оппозиция кейсіндегі сұрақтар мен дәйектерге тоқталып, оларға талдау жасаңыз. Осыдан соң Үкімет кейсінің қаншалықты мықты екендігін көрсетуіңізге болады.

4. Әрқашан Оппозиция тобы қарастырмай кеткен немесе толыққанды жауап бере алмаған Үкіметтің дәйектеріне сүйену керек.

Ал егер өзіңіз Оппозияның дәйектерін назарыңыздан тыс қалдырып кеткен болсаңыз, онда бұл Оппозицияның негізгі қарастырар тақырыбына айналмақ.

ОЛ ұсынған дәйектерді қайталап, ҮМ-нің оған берген жауаптарының логикалық қателерге негізделетінін көрсету. Жаңа мысалдар өте маңызды, себебі ескі өлеңді ешкім де естігісі келмейді. Жаңашыл да оригиналды мысалдар жақсырақ болар еді. Оппозиция мүшесі 8 минут бойы тек үкімет тобының екінші спикерінің сөзіне қарсылық келтіреді.

5. Міне, ойынның негізгі бөлімі аяқталды, Төрешінің сараптамасын тыңдап отырасыздар. Келесі келген адамдар, яғни парламентарий сөз сөйлейді, әрбіреуіне 1 минуттан уақыт беріледі. Оған сіз еш қарсылық білдіре алмайсыз, ол өзінің жеке ойын айтады. Кейін сараптама кезінде сіздер “мана парламентарий осылай айтты” деп оның сөздерін қолдана алмайсыз, бұл ережеге қайшы.

Осыдан кейін ойынның сараптама бөлімі басталады, сараптамаға бірінші болып оппозиция көшбасшысы шығады, оның уақыты 4 минут. Ол тек ойынды сараптайды, ешқандай жаңа аргумент енгіуге болмайды.

6. Содан соң үкімет тобының премьер-министрі сөз сөйлейді, оның уақыты 5 минут. Ол алғашқы уақытын ребатлға алуға құқылы, яғни оппозицияның 2 спикерінің сөзіне ребатл жасайды. Кейін сараптамаға көшеді.

Талаптандыратын кейс – өмірдегі белгілі бір мәселені анықтап, оны шешу үшін жасалған іс-әрекет жоспарын ұсынады.

Философиялық (құндылықты) кейс – Үкімет белгілі бір философиялық (құндылықты) позицияны ұсынып, оны қорғайды. Философиялық кейсте нақты іс-әрекеттен гөрі абстрактілі философиялық принциптерге көп көңіл бөлінеді. Шынайы өмір жағдайы философиялық пайымдау үшін пайдаланылса да, негізгі мақсат – философиялық құндылықтардың қақтығысы.

- бостандық теңдіктен қымбат;

- өлім жазасы ақталмайды.

Уақыт пен кеңістікте құрылатын (УК) кейс – спикер шынайы өмірдегі кім екеніне қарамастан өзге бір объект, адамдар тобы, адамның орнына қояды. Үкімет тобы Палата Спикерінің дәл сол уақыттағы емес, басқа уақыттағы кейпін жасауы мүмкін. Палата Спикері Үкімет атаған адам позициясының тарапынан, сол оқиға немесе құбылыс болған уақыт пен кеңістікке сәйкесінше ойлап, талқылауы қажет.

- Сіз – Құдайсыз. Өмірді әділетті етіңіз.

- Сіз – Билл Клинтонсыз. 1996 ж. Сайлауға қатыспаңыз.

Қарсылық түрлері

Ребатл техникасы
Ребатл техникасының түрлері сансыз көп, төмендегілері ең кең таралғандары. Олардың бәрін бір сөзіңізге жинақтауға тырыспаңыз. Оларды жеке-жеке пайдаланған жақсы. Есіңізде болса, сізде 4-5 минут қана бар. Өз ойларыңызды қысқа етіп құрастырып, оларды 3-4 «тақырыпша» аясына жинақтап алыңыз. Сіз соққы ұшырататын аймақты айқындап, оларды логикалық жақтан тізбектеп шығыңыз.
Жинақтау ОЛ мен ОМ сізге “сараптаудың 14 жеке деңгейін” ұсынуы мүмкін, дегенмен өзіңізді қапыда қалдырмаңыз. Көптеген жағдайда аталған пункттер 3-4 жалпы дәйекке топтастырылуы мүмкін. “Сіз ақ өтірікке бой ұрмауыңыз керек” деп, тұжырымдайтын кейсте төрт жеке пункт достықтың маңыздылығы, өтіріктің достыққа әсері, алданған достың ашуы және сіздің дос ретіндегі жауапкершілік туралы олардың барлығы бір базалық дәйектің бөліктері, яғни өтірік достыққа да, өзіңізге де зиянды нәрсе. Мұндай дәйектеме – сіздің досыңыз. Артықшылығыңызды пайдаланыңыз: қарсыластарыңыздың кейсін жинақтап (бұл арқылы олардың жұмысын істеп), олардың дәйектемесі 2-3 негізгі идеяға саятынын көрсетіп, қарсылық білдіре аласыз.
Таңдама (выборка) Бұл техника – «жаппай соғысқа» шақыруға ұтымды жауап. Шайқастарыңызды нақтылап таңдаңыз: шекті дәйектерге қысқаша жауап қайтарыңыз не назар аудармаңыз да пікірсайыстың мәніне қарай жылжыңыз. Егер раундта дефициттан құтылу үшін бензиннің 1 галлонына 50 цент салық енгізу жөнінде сөз болса, онда Америкадағы жеке меншік машиналар туралы пікірталас жүргізу орынсыз болар еді. Негізгі мәні – мұның экономикаға зиянынан пайдасы көп бола ма? Не себепті салық басқаға емес бензинге салыну тиіс. Дефицит көрсетілгендей соншалықты үлкен жауапкершілік болып табылады ма? Бензинге салынатын салық регрессивті ме? Яғни – ребатлдағы 3-4 проблемалы пункттен аспау керек.
Көптік жауаптар Бұл әсіресе ПМ-де тиімді техника. Оппозиция кейсіне күмән тудыру үшін бірнеше дәйектерді “атқылауға” мүмкіндік береді. Оппозицияға жауап қайтару қалмағандықтан, бұл мәселелер төрешінің ойында раундтың аяғына дейін қалады. Жоғарыдағы мысалды жалғастырайық. Оппозицияның негізгі дәйегі – бензинге 50 цент салық экономикаға кері әсер етеді. ПМ былай деп айтуы мүмкін: “Бұған менің 3 жауабым бар. Біріншіден, бұл дәйек өтірік, себебі ЖҰӨ-ді қысқартуды тоқтату Федералды Резервпен монетарлы саясатты өзгерту арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл дәйек тағы да өтірік, себебі тұтынушылар мен өндіріс автоиеленушілердің бірлесуі және жанармайдың тиімділігіне үлкен талпыныс арқылы бағалардың өсуіне дағдылана алады, аталған екі өзгеріс өте маңызды. Қорыта келгенде, оппозиция дәйегі қысқа мерзім үшін дұрыс болса да, өсетін ұлттық қарыз жүктейтін мемлекетке деген салмақ, бұл - салыққа қарағанда өте қауіпті. Оппозиция шындықты қабылдамайды, ал біз болсақ ұзақ мерзімдегі АҚШ экономикасының мықты болуы үшін әрекет етеміз”.
Шолу Шолулар – жоғары дәрежедегі тақырыптар мен құндылықтар қақтығысын қамтамасыз ететін тәсіл. Әрбір кілтті мәселелерді, әрбір тараптың оларға қалай жауап бергенін (не жауап бере алмағанын) және де не себепті Сіздің тарапыңыз әрбір жағдайда басым түскендігін көрсетіп беріңіз. Раунд бойынша бекітілген мәнді тұстар мен басты фактілерді қалпына келтіріңіз (яғни ПМК-нен кілтті бөлімдерді). Қақтығыс аймақтарының раунд бойында текетіресті тудырған ерекше тұстарды көрсетіңіз. Екі жақтың көзқарасы тарапынан дәйектің пайда болуы мен дамуын қалпына келтіріп, мұның сіз үшін ұтымды жағын түсіндіріңіз. “Дәлелденген фактілерді” талқылаңыз. Мысалы: “Құрметті төреші, біз АҚШ экономикасы ұзақ мерзімді болашағы таласқа түспейтін приоритет екенін дәлелдедік. Біздің көрсеткеніміздей, бензинге салынатын салық тұтынушылармен өндірісшілерді жанармай тиімділігін өсіруге итермелейді және федералды бюджетті қысқарту мақсатында Үкіметке қысым көрсетіледі.
Диохотомиялық Бұл техника ребатл жасайтын адамға әлемнің тағдырын Үкімет жоспары мен оппозиция жоспары бойынша салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл қақтығыстың негізгі аймақтарын қызықты мәнерде көрсетудің ұтымды әрі қарапайым әдісі. Сізге керек пункттерді қамтитын 3-4 контраст пен қарсы тұруларды таңдаңыз. Мысалы: “ Үкімет жоспары бойынша АҚШ Үкіметі орта тап үшін тек тағы бір әділетсіз салықты қосады. Оппозиция жоспары бойынша бюджетті қысқарту арқылы салықтың көбейюінен құтылып қана қоймай, сонымен бірге дефицитті азайтамыз. Егер Үкімет ұсынысымен жүретін болсақ, онда онсыз да төмендеп бара жатқан стагнацияны жалғастырып асқындыра түседі. Оппозиция жоспары бойынша біз экономиканы ынталандырып, фискальды жауапкершілікті енгіземіз” Диохтомиялар мына формалар (қалыптар) арқасында ребатл тез арада құрылым мен тәртіпке келтіреді: “Олар Х істейді және Х-жаман. Біз У жасаймыз және У-жақсы, себебі Z”. Сонымен қатар, диохтомиялар қарсылас жоспарына іліккендей зұлымдықтар мен сіздің әділдік байрағыңызды әкелетін жердей жұмақтың тірі бейнесін көрсете алады.
Кешірімсіз қателіктер Жоғарыда көрсетілгендей байқалмай кеткен дәйектер раундтың басты пунктіне айналуға бейім. Егер сіз енгізген дәйекті қарсылас топ жіберіп алса, онда бұл жағдайдың өзі раундты жеңіп алу үшін жеткілікті. Мұны ребатлда “жандандырып жіберіңіз”. Бұған нұсқау жасаңыз, анекдот айтып беріңіз, қарсы топ бұл дәйекке не себепті жауап бере алмағанын түсіндіріңіз, дәйекті тереңдетіңіз. Бірақ, өз кезегіңізде қарсыластың бірде бір дәйегін жіберіп алмағандығыңызға көзіңізді жеткізіңіз. Егер сіз “ОМ-н талқандау” техникасына тап болған ПМ болсаңыз, бұл өте ұтымды болар еді.

Линкольн-Дуглас форматы

Линкольн-Дуглас форматы пікірсайыс форматтары арасындағы философиялық ойлауға, логикаға негізделген еркін формат. Негізгі ойын формат бойынша

· Кіріспе

· Құндылық

· Критерийлер

· Дәйектемелер

· Философиялық түйін

пункттерімен бөліп көрсетуге болады. Жеке-жеке әр пунктке тоқталсақ. Кіріспе бөлімінде ойындағы негізгі түсініктерді айқындап алу, ойын өрбитін шекараны нақтылау және аудиторияға тақырыпты түсіндіру үшін берілген. Құндылық бөлімі өзініңіз ұстанған позицияны негіздейтін қоғамдық нормаларға қайшы келмейтін философиялық түсінік. Критерийлер құндылыққа жету жолдарын нақты логикалық түрде көрсетуге арналған бөлім. Философиялық түйін өзіңіз құрған кейсті түйіндеуші, философиялық ойды аяқтаушы бөлім. Форматтың еркін екенін ескере отырып ойыншының тек осы бағытта ғана емес, сонымен қатар, логикалық аяқталған кейс те құруына болады.

Конструктивті бөлім (Линкольн) 6 мин
Сұрақ-жауап бөлімі (Дуглас Линкольнға) 3 мин
Конструктивті бөлім (Дуглас) 7 мин
Сұрақ-жауап бөлімі (Линкольн Дугласқа) 3 мин
Конструктивті бөлім соңы (Линкольн) 4 мин
Конструктивті бөлім соңы (Дуглас), Қорытынды бөлім (Дуглас) 6 мин  
Қорытынды бөлім (Линкольн) 3 мин

ЛД форматы бойынша ойын барысындағы қарсылықтар

· уақыт лимиті

· жеке басқа қол сұғу.

ЛД форматындағы ойынды қызықты әрі жемісті болуына көмектесетін бірнеше құралдар бар:

· ой жүйелілігі

· құндылықтар иерархиясы

· логикалық тізбектер және бақылау

· теориялар.

Ой жүйелілігі сіз айтқалы отырған ойдың жеңіл қабылдануын қамтамасыз ете отырып, қарсыласыңыздың сізді шатастыруынан сақтайды. Сонымен қатар, тек өзіңіздің емес, қарсыласыңыздың ой жүйелілігін бақылай отырып ойынды өз бағытыңызға бұруға мүмкіндігіңіз бар. Ойы жүйелі келтірілген пікірсайысшы - жеңіске бір табан жақын пікірсайысшы.

Адамдардың барлығының құндылығы бірдей емес және бұл адамдар арасындағы көптеген даудың басты себебі болып табылады. Бірақ ортақ мақсат туындағанда бір құндылықты таңдап, сол құндылық аясында әрекет ету керек болады. Осы тұста құндылықтар иерархиясын тұрғызып, қай құндылық негізгі, қайсысы қосымша немесе төменгі рангті құндылық болатынын анықтап, ойындағы сіз алған тараптың құндылығы негізгі екендігін көрсету арқылы жеңіс туына жақындауыңызға болады.

Логика - Линкольн-Дуглас форматы бойынша салған үйіңіздегі әрбір кірпіштің арасын байланстырушы негізгі құрал болып табылады. Логикалық тізбектер құрастыру арқылы қарсыласыңыздың қателіктерін көрсетуге немесе өз аргументтеріңізді негіздеуге болады. Жекеден жалпыға (индукция) және жалпыдан жекеге (дедукция) өту арқылы сіз жеткізгіңіз келген ойды анық әрі нақты жеткізе аласыз.

Теория - белгілі бір құбылыстың, шындықтың заңдылықтары мен байланыстары жайлы жан-жақты, толық мағлұмат беретін тұжырым. Ғылымдағы теорияларды өзіңіз құрған кейсте кеңінен қолдансаңыз сөзіңіздің салмағын еселей түседі.

Төрешілерге нұсқаулық

Құрметті төреші, сіз пікірсайыстың ең қорытынды кезеңін шешетін адам болғандықтан берілген нұсқаулықты толық оқып шығып, сіз төрешілікке қаншалықты дайынсыз? Өз-өзіңізге баға беріңіз.

Төреші ойынға қалай дайындалу керек?

Төреші болатын адам өз-өзіне сенімді, ешкімнің күштеуінсіз, шешімін әр уақытта толық негіздей алатын, төрешілік еткеніне кем дегенде 2 жыл болған, сараптаманы толық жасай алатын, т.б. қасиеттері бар адам болуы керек. Қарарларға ойыншылардан бөлек өзіңіз де дайындалып келгеніңіз дұрыс. Себебі, екі жақты толық қанды түсіну үшін, қай тараптың жалған ақпарат енгізіп жатқанын білу үшін жан-жақты мәліметтер болғаны өзіңізге жақсы. Ойынға келерде, барынша психикалық және моральдық тұрғыдан дайын болыңыз. Мысалы: ойынның үстінде жеке бас проблемаларын ойламаңыз, ойынға ашуланып кірмеңіз т.б. Бұл сіздің дұрыс шешім шығаруыңызға әсер етуі мүмкін.

1. Төрешінің этикасы.

Сіз ең бірінші төрешісіз, ойыншылардан бір саты жоғары тұрсыз. Егер бір төрешіден қателік кетсе, бүкіл төрешілердің абыройы кетеді. Қазіргі таңда бұндай жағадайлар жиі кездесуде. Ойыншылар мен аудитория төрешіге бағынудан кетіп бара жатыр. Былайша айтқанда, төрешінің қадірі мен абыройы түсіп кетті. Сол себепті, аудиторияға кіргеннен бастап өзіңізді барынша қатал ұстаңыз. Ойыншылармен амандасқан соң, өз орыныңызға жайғасып алдымен өзіңізді таныстырып, кейін жеребе таңдатыңыз. Сіз төреші болғандықтан ойыншылардың сізге қойған сұрақтарына нақты әрі қысқа жауап беріңіз. Өзіңіздің жеке басыңызға қатысты сұрақтар болса, бірден бас тартып жауап бермейтініңізді ескертіп, ойыншының пікірсайыста екенін есіне салып, сабасына түсіріңіз. Ол тек сізді өзіне қарату мақсатында жасалған ойыншылардың қулығы (фишка). Бүкіл аудитория тек сізге ғана бағынатындай іс-әрекетте болыңыз. Ойыншылар мен көрермендерге шамадан тыс ерік бермеңіз. Себебі, аудиторияда төрешінің отырғаны білініп тұру керек. Шамаңыз жеткенше өз-өзіңізді мықты ұстап, аудиторияны бағындыра білсеңіз ойын мәденитетті және сәтті өтеді.

2. Төрешінің тыңдау қабілеті мен шешім шығару мақсаты.

Ойын барысында екі тараптың әр мүшесін толық тындап керекті мағлұматтарын жазып отырыңыз. Ойыншының тек қана білімі мен идеясына назар аударып қана қоймай, пікірсайысшы ретіндегі актерлік қабілеті, сөйлеу мәнері, аудиториямен жұмыс жасауын, ең бастысы төрешімен қалай байланысатынын қадағалаңыз. Егер пікірсайысшы «төреші ханым» немесе «төреші мырза» - деп қасыңызға отырып, бетіңізге тесіле, үңілсе оның өзіне тән фишкасы сол, ол үшін оған жоғары балл қоюдың қажеті шамалы. Ол сізбен байланысты бос сөз арқылы да орнатуы мүмкін. Төрешімен байланыс неғұрлым сыпайы түрде болғаны дұрыс. Төреші парағын сапалы толтырыңыз. Бұл сіздің сауатты төреші екеніңіздің тағы бір дәлелі. Балл қою мәселесінде асыра сілтемеңіз. Мысалы, бір адам пікірсайысты ұзақ жылдар ойнауы мүмкін, алайда ол дәл сол күні дайындығы сәл аздау болып, өзін ораторлық қабілеті арқылы алып шығуы мүмкін. Міне, сол кезде мына адам тәжірибиелі деп жоғары қойып жібермеңіз. Себебі, ағаш өскен сайын қартая түседі. Ол қатты болғанымен бұтақтарын қозғасаң морт сыңғыш келеді. Пікірсайыста да солай, тәжербиелі болған сайын, өз тәжербиесіне сеніп дайындалмай келетін аға буын өкілдері де болады. Осы орайда баллды асыра сілтемеу керек. Немесе жаңа буын, жас пікірсайысшы өзі ойнаған уақытта қобалжып, идеясы бар бірақ жеткізуде әлсіз болса оған 18-20 баллды қоймаңыз. Керісінше, әрекетіне сай 21-23 баллдың көлеміне ынталандырыңыз. Ойыншылардың тақырыпты жеткізуімен қоса, кейстің де толық рет-ретімен сақталғанына көз жеткізіңіз. Сараптамада ойыңызды күрт өзгертсеңіз, аздап тоқтап параққа қарап, өз ойыңызды негіздеңіз.

ЕСКЕРТУ: сіздің шешіміңізден бүкіл турнирдің жолы салына бастайды. Сол себепті, өте жауапты болыңыз. Әр уақытта өз шешіміңізді негіздей біліңіз.

«Тәуелсіз елдің ұрпақтары» атты Республикалық І жиыны жайлы

қысқаша мәлімет.

Жиынды «Азамат» интеллектуалды пікірсайыс клубының үйлестірушісі, Сулейман Демирель атындағы университеттің «Заң және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің 3-курс студенті Жалмурзин Мирас жүргізді. Жиынның салтанатты ашылуы кезінде Сулейман Демирель атындағы университеттің ғылыми істері жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Нұрлыбек Сейітқұлов мырза және Сулейман Демирель атындағы университеттің студенттер лигасының президенті Ерасыл Бахытжанов құттықтау сөз сөйледі. Жиынның ашылу сәтінен соң, жиын қонақтары Талғат Рысқұлбек және «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы Асхат Жұмахановқа сөз берілді. Жастарымыз көкейлерінде жүрген сауалдарын қонақтарға қою арқылы жиынның қызығын келтірді. Сыр-сұқбат өз шегіне жеткеннен кейін, жалпы пленарлық отырысқа жалғасты. Бір сағат көлемінде 7 баяндама оқылды. Баяндама оқушылар:

1. Байтенов Бернар (Астана қаласы);

2. Әйгерім Қабден (Көкшетау қаласы);

3. Айгүл Алишер (Шымкент қаласы);

4. Ұлжан Досжанова (Алматы қаласы);

5. Ақнұр Абдрахманова (Қарағанды қаласы);

6. Сабыржан Кеңшілік (Қызылорда қаласы);

7. Мөлдір Ақжігіт (Ақтөбе қаласы).

Әр баяндамашы өз ұсыныстарын айтып кетеді. Осы ұсыныстар дауысқа салу арқылы жиын соңында қабылданды.

Жиынға қатысқан ЖОО тізімі:

1. Сулейман Демирель атындағы университет (Алматы облысы)

2. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті (Көкшетау қаласы);

3. Қаржы полициясы академиясы (Астана қаласы);

4. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина университеті (Ақтөбе қаласы);

5. «Ақмешіт» гуманитарлы-технологиялық институты (Қызылорда қаласы);

6. Аймақтық инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті (Шымкент қаласы);

7. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университеті (Шымкент қаласы);

8. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті (Шымкент қаласы);

9. ОҚО № 75 мектеп-гимназия (Шымкент қаласы);

10. Қарағанды қаласы №41 жалпы білім беретін орта мектеп (Қарағанды қаласы);

11. Халықаралық бизнес университеті (Алматы қаласы);

12. Абай атындағы Педагогикалық университеті (Алматы қаласы);

13. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университеті (Алматы қаласы);

14. Алматы энергетика және байланыс университеті (Алматы қаласы);

15. Радиоэлектроника және байланыс инженерлі-әскери институты (Алматы қаласы);

16. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті (Алматы қаласы);

17. Алматы технологиялық университеті (Алматы қаласы);

18. Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті (Алматы қаласы);

19. Қазақ-Британ техникалық университеті (Алматы қаласы);

20. Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясы (Шымкент қаласы).

Жиында қабылданған шешімдер:

Ұсыныстар Дауысқа салғандағы % көрсеткіш
1. Пікірсайысшылар штабын құру 70 %
2. Республикалық турнирлерді БПФ өткізу 15%
3. Қысқа форматтағы ойында төрт аргументтен артық енгізбеу 90%
4. Ортақ формат енгізу 30-35%
5. Турнир басталар алдында ойын барысына байланысты дөңгелек үстел өткізу 80%
6. Пікірсайысшылардың иммиджін қалыптастыру, фракция атауларына байланысты талаптар қою 45-50%
7. Әр айтылған орыс тілді сөздер үшін айыппұл төлеу (5 тг) 20-25 %
8. Төрешілер тек ұйымдастырушылар тарапынан болу 15%
9. Тәуелсіз төреші (бақылаушы адам) 15%
10. Қарар тек аудиторияда ғана жариялануы 100%
11. Клубтарды дамыту 50-55%
12. Жақсы, ұтымды идеяларды үкіметке жіберіп отыру 30-35%
13. Жеке басқа үш реттен артық қол сұғушылық үшін 1-4 спикерлік баллды азайту 15%
14. Республикалық турнирлерге тек қалалық турнир чемпиондарын жіберу 10%
15. Пікірсайысшыларға арнайы ранг тағайындап, белгілі бір дәрежелерге бөлу 25%
16. Жиынды дәстүрге айналдыру 95%
17. Оқушыларға арналған жаңа формат енгізу 10%
18. Жастар ұйымдарымен байланыс орнату 40%
19. Төрешілер одағын құру 60%
20. Пікірсайысшылардың жеке сайтын ашу 90%

Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: