Пластмассадан жасалатын материалдар

Орманда қарағай діңінен мөлдіреп шығып тұрған шайыр тамшыларын көргендерің бар шығар. Оның икемге келгіштігін жұрт баяғыдан білуші еді. Бірақ оны іске жарату мүмкін емес-ті, өйткені шайыр суықта қатып, морт сынғыш күйге түсіп, ал жылыда балбырап еріп кететін. Химиктер шайырдың осы қасиетін ескере отырып, оның көптеген жасанды түрлерін – «ағайындарын» жасап шығарды. Оның бойында өңдеуге қолайлы қасиеттер мол еді. Қыздырған кезде тез жұмсаратын және қажетті пішінге келуі оңай болатын. Міне, осындай жасанды материалдардың бәрі – пластикалық массалар – пластмасса деп аталады.  

Пластмассасинтетикалық материалдардың бір түрі. Ол өзінің негізі болып табылатын полимердің арқасында қалыпқа түскен пішінін жақсы сақтайды.

Ғалымдар пластмассалардың небір түрлерін жасап шығаруда. Кейбір пластмассалар ең сапалы деген болаттан да берік, енді біреулері – резинадан да жұмсақ, ал үшінші біреулері – хрустальдай мөлдір әрі оңайлықпен сынбайтын мықты болып келеді. Жоғары температураға төзімді, сондай-ақ кәдімгі тоз тығыннан 100 есе жеңіл пластмасса да бар.

Кейбір пластмассаларды қажетті температураға дейін қыздырады да, иненің жауындай ғана тесіктерден қысыммен сығып шығарады. Одан шыққан жіңішке талшықтар суына келе жіпке айналады. Капрон және нейлон жіптері міне, осылайша алынады.

Пластмассалардың бәрі дерлік ылғалға және күйдіргіш қышқылдарға төзімді, тот баспайды және шірімейді де. Олардың енді бір тиімді жері – анағұрлым арзан шикізаттардан алынады. Пластмассалар ағаш, металл, шыны орнына жүре береді. Өзінің осы бағалы қасиеттерінің арқасында, олар өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және медицинада кеңінен қолданылады.

Полимерлер өнімінің көлемі аз-ақ және олардың құны едәуір жоғарылау. Сондықтан да, полимерлер негізінде жасалынатын материалдар мен бұйымдар қымбат және айтарлықтай жетіспейді. Сондай-ақ пластмассалардың өздеріне тән өзгеше қасиеттері оларды тиімді түрде құрылыста қолданатын жерлерін анықтауды қажет етеді. Мұндай материалдарға жататындар ең алдымен, қазіргі кезде пайдаланып жүрген дайындығы толық өңдеуші құрылыстық бұйымдар (жуылатын тұсқағаз –  әшекейлі жапсырма қағаз немесе мата, декоративтік өзі жапсырылатын пленкалар, жапырақты өңдеуші пластиктер, т.б.); еденді жабуға жұмсалатын өңдеуші материалдар (линолеум, плиткалар), тиімділігі жоғары жылу қоршағыш материалдар, әсіресе көбіктелінген пласмасса негізіндегі бұйымдар, құбырлар мен санитарлық-техникалық бұйымдар (шайып тұратын бочоктар); арнаулы полимер ерітінділері мен полимер бетондар.

Акустикалық материалдар мен бұйымдар

Акустикалық деп ішкі және сыртқы дыбыстардың қаттылық дәрежесін төмендететін және дыбыстың толқын энергиясын азайтатын материалдарды айтады. Сәулет және құрылыс салаларында жүргізілетін көптеген шаралар дыбыстық шуға қарсы арнаулы акустикалық материалдар мен конструкцияларды қолдануды талап етеді. Бұл материалдар мен бұйымдар – дыбыс сіңіргіштік және дыбыс қоршағыштық болып екі топқа бөлінеді.

Дыбыс ауада түрлі жиіліктегі және амплитудағы толқындармен тарайды. Дыбыс толқынының ауытқу жиілігі герцпен өлшенеді. Үйлерде және түрлі ғимараттарда жиі кездесетін дыбыстар 2300 Гц дейінгі аралықта болады. Дыбыс толқынының таралып барып басылуын әдетте децибелмен өлшейді.   

Шу деңгейін (қаттылығын) өлшерде көбінесе, децибел (дБ) өлшем бірлігін қолданады. Үйлер мен ғимараттардың арналуына байланысты олардың ішіндегі шудың деңгейлері 35-90 дБ аралығында болуы керек. Бұл тұрғыдағы санитарлық-гигиеналық талап орындалуы үшін үй жобаларын жасарда әрі әсем, әрі дыбыстан қоршағыштаушы түрлі материалдар мен бұйымдарды белгілейді. Мұндай материалдарды шудың түріне, деңгейіне және ауытқуының жиілігіне байланысты сәйкес таңдап алады. Сондай-ақ мұндай материалдарды қазіргі тұрғын үй, қоғамдық және өнеркәсіптік орындарына қойылатын эстетикалық талаптардың мәніне сәйкес таңдап алады.       

Акустикалық материалдардың барлығы тығыздықтарына және құрылыстарына байланысты дыбыс шуларын белгілі бір шамада жаңғыртады, біразын өзіне сіңіреді, қалғанын өзі арқылы өткізіп жібереді. Акустика мақсатында қолданатын материалдар мен бұйымдардың дыбыс өшіру коэффициенті (а) 0,2-ден жоғары болуы керек.

Акустиканың басты мақсаты – өндіріс және оқу орындарында, тұрғын үйлерде, қоғамдық және ойын-сауық көрсететін орындарда қажетті тыныштық режимге (тәртіпке) сәйкес, сырттан келетін шу деңгейін төмендету, сонымен қатар жайлардың акустикамен түгел (жақсы) жабдықталуын қамтамасыз ету болып табылады.

Қоғамдық және ойын-сауық көрсететін мекемелерде адам дауысының толық естілуі, ал концерттік залдарда – күй мен әннің табиғи үнмен тыңдаушыларға анық жетуі өте маңызды. Сондықтан осындай акустикалық талаптардың нақты шешілуі – үй жобасын жасау барысында материалдар мен бұйымдардың жан-жақты сарапталған қасиеттерін дұрыс көрсетуіне тікелей байланысты.

Қ о р ш а ғ а н  о р т а н ы  қ о р ғ а у

           Біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау бүкіл мемлекеттік міндет болып табылады. Табиғатты қорғау және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі заңдардың талаптарына сәйкес салаларды дамытуды жоспарлауда, жаңа объектілерді жобалауды, салуды жоспарлағанда табиғат қорғау шараларын жүзеге асыру барлық министрліктерге, кәсіпорындар мен ұйымдарға міндеттелген.

           Қалалар мен елдімекендерді, өндірістік және тұрғын  аудандарды жобалағанда, олардың бас жоспарларында табиғаттың барлық элементтерін қорғау мен қалпына келтіру жөніндегі тиісті шаралар міндетті түрде қарастырылуы тиіс. Өйткені жете ойластырылмаған жұмыс әдістері орны толмас зардаптарға ұрындырады. Мәселен, ормандардың және жас көшеттердің жойылуына, ортаның өзгеруіне, жерасты және жерүсті суларының режиміне, ортаның экологиялық тепе-теңдігін бұзуға әкеліп соғады.

           Құрылыс салынып жатқан территорияда сақталуға тиіс ағаштар мен бағалы көшеттер арнайы қоршаулармен қоршалады. Ағаштардың және көшеттердің бағалы түрлері нөмірленіп қабылданады, ал оларды өткізу акті бойынша дендрологтың қатысуымен жүргізіледі.

           Үймереттің жерүсті бөлігін тұрғызғанда территорияны шаңдатпас үшін, құрылыс қалдықтары мен қоқысты шығарып тастап отыру керек. Олар арнайы контейнерлерге тиеліп төгіледі немесе қораптармен қабылдау бункерлеріне түсіріледі. Құрылыста жарамсыз деп табылған құрылыс бұйымдары мен бөлшектерін, құрылыс материалдарының қалдықтарын, бояғыштарды, автоқаптағыштарды және басқа да ауаны ластайтын қоқыстарды жағуға болмайды.

           Объектіні жобада көрсетілген көріктендіру және айналадағы территорияны көгалдандыру жұмыстары біткеннен соң, су, ауа, газ тазартатын құрылыстарды алдын ала техникалық қабылдаудан өткізіп, қалдықтар территориядан шығарылғаннан кейін ғана пайдалануға болады.

          

Төтенше жағдайдағы қауіпсіздік

           Төтенше жағдай – адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай.

           Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – дүлей зілзала (жер сілкінісі, сел, көшкін, су тасқыны және басқалар), табиғи, өрт, індеттер мен малдың аурулары, ауылшаруашылық өсімдіктерінің және ормандардың кеселдері мен зиянкестері арқылы зақымдануын туғызатын төтенше жағдайлар.

           Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар – өнеркәсіп, көлік және т.б. авариялар, өрт (жарылыс), күшті әсер ететін улы, радиоактивті және биологиялық жағынан қауіпті заттарды тарататын авария, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердің бұзылуы, электр-энергетика және коммуникация жүйелеріндегі, тазарту құрылыстарындағы авария туғызған төтенше жағдайлар.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі принциптері:

– өрт қауіпсіздігі адамдардың өмірі мен денсаулығын, меншікті ұлттық байлық пен қоршаған ортаны өрттен қорғау;

– ұйымдар мен азаматтардың қызметіндегі қатер деңгейін алдын-ала анықтау, өрт қауіпсіздігі саласында сақтандыру шараларына оқытып үйрету және алдын алу шараларын жүзеге асыру;

– өрт сөндіру, медециналық қызмет көрсету, азаматтарды және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау.

           Кәсіпорындар, ғимараттар, құрылыстар және басқа да объектілер үшін өрт қауіпсіздігі шараларын әзірлеу,  жобалау барысында, өрт кезінде адамдардың басқа жерге қауіпсіз көшірілуі міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс.

           Радиациялық қауіпсіздік – белгіленген нормаларға сәйкес қызметшілерге, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсерді шектейтін шаралар кешенімен қамтамасыз етілетін радиациялық жағдайдың жай-күйі.

           Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі принциптері:

– қоршаған орта объектілерінің радиоактивтік ластануының алдын алу және иондаушы сәулелендірудің табиғи көздерін бақылау;

– иондаушы сәулелендіру әсерінен халықтың денсаулығын қорғау;

–  үйлер мен ғимараттар құрылысы кезінде топырақтан радонның бөліну деңгейін ескере отырып, жер учаскелерін таңдау; жобалау және салу.    

           Электр барлық халық шаруашылығында, тұрмыста, өндірісте қолданылады. Сондықтан электр қауіпсіздігі мәселесіне үлкен мән беру керек. Электр қауіпсіздігі – зиянды және электр тоғының қауіпті әсерінен, электр доғасынан, электр магнитті алаңнан және тұрақты электр тоғынан қорғауды қамтамасыз ету құралы.

Қ о ж а  А х м е т  Я с c а у и

           Қазақстандағы, ғажайып сәулет ескерткіштерінің бірі – XII ғасырда өмір сүрген ақын, философ Қожа Ахмет Яссауиге салынған Түркістан қаласындағы кесене. Ахмет Ясауи – өз кезіндегі сауатты, білімді адамдардың бірі болған. Оның білімділігі, ақындығы, дін жолына шын берілгендігі тағы басқа, көптеген қасиеттермен көпшілік құрметіне бөленген Әзірет Сұлтан, «Әулие» атанған.

           «Әулиеге» деген халық құрметі қаһарлы Ақсақ Темірдің де, назарын аударады. 1397 жылы Темір құлауға жақын тұрған күмбезді бұзып, орнына жаңа кесене салуға бұйрық береді.

           Ескерткішке кіретіндер: мешіт, Ахмет Яссауи кесенесі, салтанатты сарайлар, Үлкен және Кіші Ақсарай, кітапхана, шаруашылық жайлары (құдық), ас үй, қоймалар, ортадағы қазандық.

Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи ескерткіші – қазақ халқының сәулет мұраларының ішіндегі жоғары орын алатын тамаша туындысы. Алыстан көрінетін көк күмбезді ғимарат XIV-XV ғасырларда салынған. Кесене сырты көк таспен қапталған. Дәл ортада Ахмет Яссауидің құлпытасы орныталған. Ол ақшыл, жасыл түсті асыл таспен қапталған.

Ескерткіштің ені 46,5, ұзындығы 62,5, ал биіктігі 40 метрге жуық. Ол 35 бөлмеден тұрады. Ортада қазандық деп аталатын бөлме бар. Оның төбесі күмбезделіп көмкерілген. Осы бөлмеде 60 шелек су құятын үлкен қазан орнатылған. Оған аптаның  жұма, дүйсенбі күндері 2,5 батпан бидай, 2 батпан (12 пуд) ет пісірілетін болған. Қазан суын немесе осындағы құдық суын қасиетті деп санайды.

Ескерткіштің қабырғалары құйма кірпіштен, күмбездері арша ағашынан жасалған. Мешіт іші өте сәнді әшекейленген. Әсіресе, алып қазан, күміспен қапталған шырағдандар, есіктердің әсем тұтқалары көз тартады.

           Ескерткіштің барлық сыртқы қабырғаларының жел, күн, жауын-шашынға төзімді, құйма кірпіштен қапталуы ескерткіштің ғасырлар бойы жақсы сақталуын қамтамасыз еткен.

ЮНЕСКО-ның қызыл кітабына енгізілген бұл кесене – әлем жұртшылығы келіп тамашалайтын ғажайып мұражай, мұсылман қауымы сиынатын қасиетті орын.

            Ахмет Яссауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен шығармасы «Диуани Хикмет» (Даналық жайындағы кітап) – жалпы түркілік әдеби мұра. Одан қазақ халқының ежелгі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына деген, экономикасы, этнаграфиясына қатысты фактілер табуға болады. Сонымен қатар Яссауи сол кезде Орта Азияда кең тараған софылық діни-мистикалық идеяларды насихаттаумен де айналысқан.

Б е к е т  а т а  –  с ә у л е т ш і

ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін Батыс Қазақстанның оңтүстік аудандарының тұрғындары, әсіресе Солтүстік Үстірт қазақтары Хиуа хандығының тарапынан күшті саяси, мәдени-идеологиялық ықпалға ұшырап келді. Бұл кезеңде қазақтар мен хиуалықтардың арасында ағайындық саяси қатынас басым болды. Хиуаның ықпалы қазақ жеріне, әсіресе Маңғыстау және Үстірт халықтарына күшті болды, ислам дінін таратуға, мұсылман идеологиясының терең енуіне бұлар тікелей әсер етті. Мұны ХҮШ-ХІХ ғасырларда қазақ жерінде көптеген мешіттердің салынуы дәлелдейді. Мешіттердің көптеп салынуының исламды таратумен қатар қазақтардың арабша сауаттануына кең жол ашқанын айту керек. Мешіттердің көпшілігі бара-бара мектеп-медресеге айналды. Бұл тұрғыдан алғанда бүкіл батыс қазақтары аруағына бас иетін 1813-жылдың шамасында дүние салған Бекет атаның өмір-тірлігі бастама болған.

«Бекет – Ата Мырзағұлұлы (1750-1813) – Маңғыстаудың, жалпы Батыс Қазақстанның халқы пір тұтқан діни қайраткер, халық батыры, абыз, әулие-көреген, сәулетші. Туып-өскен жері – Жем өзені бойындағы Ақмешіт-Құлжан, Маңғыстау өңірі. Мүрдесі Маңғыстауда-Оғыландыдағы өз мешіт-ғимаратына қойылған. Бекет-Ата жастайынан оқу-білімге құмартып, білім іздеген, өз еңбегімен күнелткен жігерлі, қайсар, ерекше дарынды, көріпкел, әулие адам болған. Хорезм ойында Пақыржан қажыдан оқыған. Жем бойынан (Ақмешіт), Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жер асты медресе-мешіттер жасап, бала оқытқан. Бекет-Ата жер асты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дәстүрін дамытқан ежелгі сәулетші. Бұл сәулеттік туындылар әлі күнге дейін сақталған.

Сонымен қатар, Бекет ата өз замандасы Барақ батыр сынды қайраткермен үзеңгілес болып, қол бастап талай айқаста ерлік, ақыл көрсетіп, батыр, ақылшы атанған. Ел тәуелсіздігі үшін басқыншы, шапқыншыларға қарсы жорықтарға қатысып, ақыл-кеңес беріп қол бастаған.

Бекет-Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбек-сүйгіштік, абыз-көріпкелдік қасиеттері өз дәуірінде ерекше танылған. Халық оны айырықша қадірлеп, әулие тұтқан. Адай елі өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет-Ата өмірін, оның қысылғанға жар болған ерекше қасиет-қадірін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырған».

Құрылысшы  Т.Қ. Бәсенов

    Бәсенов Төлеу Құлшаманұлы – кеңес одағының архитекторы, бұрынғы ҚазКСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы, Кеңес одағы Архитектура академиясының корреспондент мүшесі, Коммунистік партияның мүшесі болған. Ол 1909 жылы 12 қыркүйекте қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген.

   Т.Қ. Бәсенов 1934 жылы Ленинград азаматтық инженерлер институтының архитектура факультетін бітірген. 

    1934-37 жылдар аралығында ол Жамбылда, Алматыда, Қырғызстанда қызмет етті.

    1937-41 жылдар аралығында ол Алматы қаласының бас архитекторы болды.

    Соғыстан кейінгі жылдары ол ҚазКСР Министрлік кеңесі жанындағы архитектура істері басқармасының бастығы болды.

    1958-72 жылдар аралығында ол ҚазКСР Министрлік кеңесінің құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары болды.

    Т.Қ. Бәсенов – ҚазКСР Архитекторлар одағының алғашқы ұйымдастырушысы. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары ол аудандық жоспарлау, қала салу істеріне басшылық жасады. Оның архитектура саласындағы басты еңбектері: Алматы қаласының бас жоспары (өзгелермен бірігіп), ҚазССР ішкі істер министрлігінің клубы, тұрғын үйлер мен Азаматтық әуе флоты басқармасының үйі, Аманкелді ескерткішінің архитектуралық жоспары, Кеңес одағы бойынша халық шарушылығы жетістігі көрмесіндегі Қазақстанның павильоны (өзгелермен бірігіп), Алматының Достық даңғылын қайта құру мен орталығын сәулеттендіруге арналған жоспарлар (өзгелермен бірігіп). Сонымен қатар, ол Қазақстан архитектурасын зерттеу саласында ғылыми еңбектер жазды.    

  Атап айтсақ:

  1. Сам ауданындағы архитектуралық ескерткіштер. –Алма-Ата., 1947 ж;

  2. Сәулет өнеріндегі Қазақстанның ою-өрнегі. –Алма-Ата., 1957 ж;

  3. Қазақстанның сәулет өнері.-Алма-Ата., 1959 ж (авторлық бірлестікте).

   Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дағы Сәулет және құрылыс институтына Т.Қ. Бәсеновтың есімі берілді. Оның атына Алматыда көше берілген. Т.Қ. Бәсенов 1976 жылы төртінші мамырда Алматы қаласында қайтыс болды.

Архитектор М. Меңдіқұлов

    Малбағар Меңдіқұлов  –  кеңес одағының архитекторы, бұрынғы ҚазКСР-інің еңбек сіңірген архитекторы, архитектура кандидаты, Кеңес одағы Құрылыс және архитектура академиясының корреспондент мүшесі, Коммунистік партияның мүшесі болған.

    Ол 1909 жылы 10 қарашада қазіргі Орынбор облысындағы Қарабұтақ деген жерде дүниеге келген.

   М.Меңдіқұлов 1936 жылы Ташкенттегі Орта Азия индустрия (кейінгі политех.) институтының архитектура факультетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

   1937-41 жылдар аралығы мен 1945-47 жылдар аралығында ол Ташкентте қызмет етті.

    1953-62 жылдар аралығында ол ҚазКСР Ғылым академиясының Архитектура, құрылыс материалдары институтының директоры қызметін атқарды, сонымен қатар ҚазССР министрлік кеңесінің жанындағы архитектура істері басқармасының бастығы қызметін және Кеңес одағы Құрылыс және архитектура академиясы қазақ филиалының жетекшісі қызметін атқарды.

     1964-71 жылдар аралығында Алматы қаласының бас архитектуры қызметін атқарды.

     М.Меңдіқұлов 1971-80 жылдар аралығында Қазақ политехникалық институтында архитектура тарихы кафедрасының меңгерушісі болды, 1976 жылдан профессор атанды.

     Оның архитектура саласындағы басты еңбектері: Ташкенттегі газет-журнал комбинатының үйі (басқалармен бірігіп), Ташкент каналының Ангрен дюкері, Алматыдағы шарап зауытының үйі мен Неке сарайы (өзгелермен бірге), М.О. Әуезов пен Жамбыл ескеткіштері.

    М.Меңдіқұлов Қызыл ту, 1-және 2-дәрежелі Отан соғысы ордендері, Қызыл жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендері және медальдармен наградталған.

    М.Меңдіқұловтың жарыққа шыққан шығармалары:

1. Батыс Үстірт пен Маңғыстау түбегіндегі архитектуралық ескерткіштер.       Алма-Ата, 1956 ж.

2. Қазақстанның сәулет өнері. Алма-Ата, 1959 ж (авторлық бірлестікте).

3. Қайта жаңғырған Сарыарқа. Алма-Ата, 1967.

     М.Меңдіқұлов 1986 жылы 17 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

Уәлиханов Шота Ыдырысұлы

Уәлиханов Шота Ыдырысұлы – қазақтың әйгілі сәулетшісі. Оған 1978 жылы Қазақ Кеңес социалистік республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі атағы берілген.

 Ол 1932 жылдың 26 сәуірінде бұрынғы Көкшетау облысы, Айыртау (қазіргі Павлодар) ауданының Сырымбет аулында дүниеге келген.

Ш.Ы.Уәлиханов 1956 жылы Мәскеудің сәулет өнері институтын бітірген.

Ол 1956-1965 жылдар аралығында Қазақ қала құрылысын жобалау институтында және КСРО (Кеңес социалистік республикалар одағы) құрылыс және сәулет өнері академиясының Қазак филиалында сәулетші, кіші ғылыми қызметкер болып істеді.

Ал 1966-1967 жылдар аралығында ол Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары қызметін атқарды.

1967-1970 жылдар аралығында ол Қазақ өнеркәсіп құрылысын жобалау институтының («Қазпромстройниипроект») аға ғылыми қызметкері болып істеді. Ол 1971-1978 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы төрағасының бірінші орынбасары болып, 1973-1975 жылдар аралығында Қазақстан сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 1975 жылдан бері ол КСРО Сәулетшілер одағы' басқармасының хатшысы қызметінде, ал 1982 жылдан бастап Қазақ азаматтық ауыл құрылысын жобалау институтында («Граждансельпроект») бас сәулетші қызметін атқарады. Уәлиханов Шота – бірнеше қоғамдық ірі ғимараттардың, 20 монумент пен ескерткіштердің (басқалармен бірге) авторы. Солардың ішінде: Алматыдағы «Динамо» стадионы (1958), «Универсам» магазині (1979), «Казгипрозем» үйінің (1983) ғимараттары бар.

Сонымен қатар, 1969 жылы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің (ол үшін оған 1970 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілді) және 1970 жылы бұрынғы Семей облысының Қарауыл селосындағы Абай ескерткішінің, 1975 жылдары Әліби Жангелдин мен Тоқаш Бокиннің, 1984 жылы Ғани Мұратбаевтың т.б. ескерткіштерінің авторы. Ол Қазақстан сәулет өнері мәселелеріне арналған көптеген еңбектер жазды.

Шота Уәлиханов – драматург, КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Оның «Шоқан», «Ағнұр», «Тағдыр» атты пьесалары республика театрларының сахналарында қойылды. Халықаралық сәулетшілер одағының дүниежүзілік 12-13 конгрестеріне қатысты.

 Қ а з а қ с т а н»  қ о н а қ  ү й і

25 қабатты қонақ үй Достық даңғылының кешенді қайта салу жобасы бойынша тұрғызылып, Абай алаңының солтүстік іргесінен орын тепкен.

Қонақ үйдің көлемдік-жоспарлық шешімінде ғимараттың қызмет ету мақсатына қарай зәулім тұрғын жай ғимараты және әр түрлі қызмет көрсету бөлмелері, кіреберіс алаңқайы, мейрамхана, банкет залы, кафе, бар, пресса орталығы, конференция залына төменгі қабат көлемі алынған. Ең жоғарғы қабатта «Космос» кафесі орналасқан. Қонақ үй кешенінде жеңіл көлік пен автобустарға арналған жабық көлік тұрағы бар.

  Қонақ үйде негізінде 2 орынды бөлмелер басым. Сонымен қатар, орта разрядты люкс және жартылай люкс бөлмелер де қарастырылған.

  Ғимараттың көп қабатты бөлігінің жалпы жобасы доғалдана жасалған. Оның салмақ түсетін басты керегесі тұтас темір-бетоннан қобдиша іспетті жасалған сом тақтайлардан тұрғызылған.

 Құрылыс барысында ғимараттың салмақ түсіп тұрған бөліктеріне сынақ жұмысы жүргізілді. Сынақ кезінде оның жер сілкінісіне төзімділігі тексерілді.

 Ғимараттың қасбеті Маңғыстаудың ұлутасымен қапталған. Оның ішкі әрлеу жұмысына гранит, мәрмәр сияқты тастар қолданылған.

 Ғимарат авторларына Қазақ Мемлекеттік сыйлығы берілді.

 Құрылыс мерзімі 1975-1977 жылдар. Авторлар ұжымы: сәулетшілер – Ю.Гратушный, Л.Ухоботов, А.Е.Анчугов, Б.Б.Каштанов, конструктор А.К.Деев, Н.Л. Матвиец, А.Ш.Тәттіғұлов.

М е д е у  м ұ з  а й д ы н ы

Кіші Алматы өзенінің бойын қуалап, биік тауға қарай мың бұралған жолмен жүріп отырған кісі Медеу шатқалына барып тіреледі. Қия беткейді өрлеп жоғары көтерілсең, табаныңның астында күнге шағылысып, жарқырап жатқан үлкен айна көресің. Он мың шаршы метрден астам бұл не еткен алып айна деп қайран қаласың. Ал, шын мәнінде бұл жарқырап жатқан алып айна – дүние жүзіне белгілі, коньки спортынан талай-талай рекорд иелерін түлетіп ұшырған «Медеу» кешені. Оны кешен деп атауымыздың да өзіндік сыры бар. Неге десеңіз, «Медеу» – коньки спортынан әр түрлі дәрежедегі жарыстар өткізетін орын ғана емес, Қазақстанның және ТМД елдерінің құрама командалары жаттығатын, шеберліктерін шыңдайтын мұз айдыны.

Жотасын мәңгі мұз құрсаған, қарлы шыңдары аспанмен тілдескен Алатау аясындағы ауасы кәусар Медеу шатқалының табанына 1951 жылы алғаш рет мұз қатырылған болатын. Ол әуелгі кезде Алматы тұрғындары мен қонақтары серуендейтін, тынығатын көпшілік мәдени орны еді. Қысқы спорт түрлерімен айналысатын спорт ұжымдары Медеудің таза ауасы мен мұзының ерекшелігіне бірте-бірте назар аудара бастады. Мәскеудің, Балтық жағалауы республикаларының мамандары Алматыға арнайы келіп, мұнда ірі жарыстар өткізуге әбден болады деген тұжырым жасады. Осылайша «Медеу» дүние жүзі конькишілерінің өнер көрсететін сүйікті орнына айналды.

“Медеу” мұз айдыны кешені Іле Алатауының теңіз деңгейінен 1700 метр биіктіктегі 13 шақырым жерде орналасқан. Бұл жердің тамаша жұмсақ ауа райы мен күн көзінің шуағы әркімді қызықтырады. Ауа қысымы да төмен. Тау суынан қатқан мұздың жоғары сапалылығы ”Медеу” мұз айдынының” рекордтар фабрикасы ” атанып, бүкіл әлемге әйгілі болуына септігін тигізді.

Көрермендер трибунасы мұз айдынын шығыс, оңтүстік, батыс жатқан қоршай орналасқан. Әкімшілік корпусы солтүстік жақтағы қуысқа жайғасқан. Шығыс жақтағы трибунаның астында спортшылар шешінетін бөлмелер, төрешілер бөлмесі, медицина орталығы, массаж бөлмесі, спортшылар буфеті, пресса орталығы, коментаторлар бөлмесі бар. Батыс трибунаның астында көремендер киім ілгіші, буфеттер, сыйлы қонақтарға арналған бөлмелер және 80 орындық мейманхана орналасқан. Оңтүстік трибунаның асты мұз айдының қадағалап тұруға арналған тетіктерді сақтайтын қойма қызметін атқарады.

Тұтас құйылған темір-бетон қаңқа, оның қабаттарының төбесі жиналмалы қуыс бедерлі панельмен жабылған. Мұз айдыны алаңыңың құрылысында 20-дан астам материал түрі пайдаланылған. Суық айдайтын машина залы төменгі тепкішекте орналасқан. Қуаты сағатына 5 млн. ккал болатын суық айдау агрегаты алып мұз айдынын жылдың 8 айы бойы мұздатып тұрады.

Мұз айдыны алаңының конструкциясын жасаған жоба авторлары мен құрылысшылар КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған.

Құрылыс мерзімі 1970-1972 жылдар. Авторлар ұжымы: бас сәулетші В.З.Кацев; бас конструктор С.Б.Матвеев; сәулетшілер А.С.Қайнарбаев, И.Г.Косогова; суықпен жабдықтау құрылымының инженерлері – Э.Л.Лихенштейн, В.В.Вдовченко.

Балуан Шолақ атындағы Спорт кешені

     Республикалық орталық стадион – ірі спорт кешені. 1955-67 жылдары ірге көтерді. Абай даңғылы мен Есентай өзенінің қиылысында бір кварталды (ауданы 22.3 га) алып жатыр. Кешен құрамына спорт аренасы – стадион, футболшылардың жаттығу алаңы, спорт ойындарының кіші стадионы (5 мың орынды), жабық және ашық жүзу бассейні, спорт сарайы (4 мың орынды), жеңіл атлетика манежі, ашық теннис корты, спорт алаңдары енеді. Негізгі спорт аренасы 1958 жылы сәулетшілер А.Қ.Қапанов пен А.Я.Коссовтың жобасы бойынша салынды. Стадион трибунасы 30 мың адамға лайықталып жасалған, 6 қақпасы бар. Стадионға қажетті негізгі бөлмелердің бәрі трибуна астына орналасқан. Мұнда жаттығу залдары (бокс, күрес, ауыр атлетика, шахмат және дойбы), стадион қызметшілерінің, жаттықтырушылар мен төрешілердің бөлмелері, дәрігерлік пункт, жуынатын орындар бар.

Спортшыларға арналған қонақ үйі (220 орынды), радио торабы, қала аралық және халықаралық телефон қатынас жүйесі бар байланыс бөлімшелері жұмыс істейді. Стадионның спорт аренасы футбол алаңы (69х104 м) мен 400 (6 адамға) және 100 метрлік (8 адамға) жүгіру жолынан, оған қосымша жеңіл атлетика мен түрлі спорт ойындарына арналған секторлардан тұрады.

Қыс мезгілінде футбол алаңынан мұз айдыны жасалады. Жасанды мұз айдыны бар Спорт сарайы 1967 жылы сәулетші В.З.Кацевтің т.б. жобасы бойынша салынды. Оған басты зал, мұз дайындайтын машина бөлімшесі, медициналық және әдістемелік бөлмелер кіреді. Стадионда спорттың 16 түрінен жаттығу жүргізіліп, жарыстар өткізіледі. Жаттығуда 7 және 75 жас аралығы 2 мыңға тарта адам қатысады. Орталық стадионда мұнымен бірге көпшілік жиын-тойлары (ән мерекесі, жаңа жыл мейрамы т.б.) өткізіліп тұрады. Қазір Алматы қаласындағы Спорт кешеніне Балуан Шолақтың аты берілді.

    Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы – қазақтың халық композиторы, өнерпаз спортшы, атақты балуан. Балуан Шолақ 1864 жылы Хан тауының маңында дүниеге келген, ал өскен, өнер ұстартқан жері Қараөткел (қазіргі Астана), Көкшетау төңірегі болған. Оның өз аты Нұрмағамбет. Ол жасынан ән-күйге құмар болып өседі. Кейін бір қолының басы отқа күйіп саусақсыз қалады. Кейбір деректерде үсіп саусақсыз қалған. Сөйтіп, Нұрмағамбет Шолақ атанады. Ал Балуан деген сөз – оның ерен күшіне байланысты халықтың қадірлеп қойған аты. Сонымен ол халық арасында Балуан Шолақ атанған. 

      Бала кезінен-ақ ол күреске құмар болып, күштілігімен көзге түседі. Ат үстінде түрегеліп, кейде төбесімен тұрып, шауып келе жатқан аттың баурынан айналу немесе үзеңгіден бір аяғын шығармай, аттың бір жағында тұрып шабу сияқты сан алуан ат ойынымен де жастай айналысқан. Осындай күші мен шеберлігіне қоса ол жасынан домбыра тартып, ән айтуға да құмартып өседі. Есейе келе әншілік, шығармашылық өнерінің үстіне сан рет топ жарып күреске түседі. Цирк аренасында профессионал күресшілермен сайысқа шығып, жеңіске жетеді, сөйтіп жаурыны жерге тимеген балуан атанады. Ол 1919 жылы қайтыс болады.

А с т а н а – Б ә й т е р е к

           Астанадағы ірі архитектуралық көркем композицияларының бірі – «Астана-Бәйтерек» монумент ескерткіші. «Астана-Бәйтерек» монументі бұл дүниеде жоқ аналогтардың әмбебап ғимараты, оны салу идеясы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтікі.

           «Астана-Бәйтерек» монументінің маңызы – ол қазақ халқының өмірінің жаңа кезеңінің символы сияқты, оны «Аялы Алақан» – Қазақстан Республикасының алғашқы Президентінің оң алақанының бедерлемесі шығармашылық композициясынан көруге болады. Оның алақанынан мемлекетке ұқыпты және қасиет тұтатын қарым-қатынасын және осы елдің тұрғындарына деген тату-тәтті өмірге, достық пен жарасымдылыққа деген ниеті көрінеді. Оған қол тигізгенде спираль түрінде жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылса, Қазақстанның әнұраны ойнай жөнеледі. Ал 97 метр биіктікте орналасуы 1997 жылды көрсететін Астананың мемлекеттің жаңа астана болғанын және осыған сәйкес ел тарихындағы жаңа кезең нүктесі. Соның ішінде «Бата» композициясы да бар – 2003 жылы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада жиналған он жеті әлемдік діни конференциялардың жетекшілері Қазақстан халқына және жеріне берген ақбатасы.

           «Астана-Бәйтерек» монументі – металдан, шыныдан және бетоннан жасалған әдемі архитектуралық ғимарат, оның масштабы таңқаларлықтай: 105 метр биіктіктегі металл конструкция, салмағы 1000 тоннадан артық және 500 діңгек қадамен ұсталынады. Алғаш рет дүниежүзінде күннің көзінің түсінен түсін өзгертіп тұратын «хамелион» әйнегінен 22 метр диаметрімен және 300 тонна салмағымен шар 97 метр биіктікке көтерілді. «Астана-Бәйтерек» монументі бейнелейтін негізгі идея – бұл Әлем Ағашы.

           Ағаштың негізгі функциясы: негізгі үш ел мекемесінің деңгейін біріктіру – төменгі (жер асты), ортаңғы (жердегі) және үстіңгі (аспандағы). Монумент архитектурасына төменгі деңгейі 4,5 метр, онда кафе, аквариум сонымен қатар белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың еңбектерімен «Бәйтерек» минигалереясы бар. «Бәйтерек» ағашының бағанымен панорамалық лифтімен көтерілгенде келушілер аспандағы қабаты – шардың ішіне түседі. Оның ішінде бар және астанамыздың жаңа кескінін қызықтайтын панорамалық зал бар.

           Келушілер панорамалық лифтімен әйнек шарда орналасқан көретін жарық, кең залдарға көтеріліп «құс ұшатын» биіктіктен егеменді Қазақстанның жаңа астанасында болған және болып жатқан масштапты өзгерістерді көре алады. Келушілердің жайы үшін жаңа қаланың мәдени-әкімшілік орталығының макеті бар. Экскурсоводтар мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде астанамыздың алыс және жақын шетелдік, сонымен қатар Қазақстанның астанаға келген қонақтары үшін шолу экскурссияларын өткізеді және оларды қызықтыратын сұрақтарға жауап береді.

«Астана-Бәйтерек» монументі жалпы тек архитектуралық ескерткіш емес, біздің мемлекеттің өткенінің, қазіргі күнінің және болашағының айқын көрінісі. «Бәйтерек» жас, күшті өсетін ағашты білдіреді, ол өзінің тарихи тамырын сақтап қалған, мықты тірегі бар және болашақтағы дамуына бағытталғандықтың символикасы.

«Астана-Бәйтерек» сәулет-құрылыс кешені халықаралық сәулет триенналының күміс медаліне ие болды. Бұдан басқа ТМД Сәулетшілер одағы халықаралық ассоциациясының қатысушы елдерінен шыққан сәулетшілердің 2002 жылғы үздік шығармаларының халықаралық байқауында Гран-при мен алтын медальді жеңіп алды.

               


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: