Саяси процесс 5 страница

Консерватизмнің саяси-идеологиялық құндылықтарын жүзеге асыру күшті мемлекетті қажетсінетін қоғамдық status-quo сақтауға, мәмілені кеңінен қолдануға, радикальды шараларды, әсіресе революциялық сипаттағы шараларды теріске шығаруға, саяси өзгерістердің эволюциялық тәсілдеріне арқа сүйеуге бағытталған.

Қазіргі жағдайда консерватизм дүние жүзіндегі болып жатқан өзгерістерге бейімделіп келеді. Консерватизм дамуында жаңа фаза – неоконсерватизм пайда болды. Неоконсервативтік сана үшін қоғамдық реформаларды іске асыру керектігін, ғылыми-техникалық прогресс табыстарын пайдалану қажеттігін мойындау тән. Оның саяси мақсаттарын прагматизм ерекшелейді.

Марксизм (социализм) идеологиясының айтарлықтай тарихы бар. ХІХ ғасырдың орта тұсында Батыс Еуропада пайда болған маркстік (социалистік) идеология жетілмеген капиталистік қоғамның өткір таптық қарама-қайшылықтары жағдайында қалыптасты. Оның дүниетанымдық негізі диалектикалық-материалистік түсінікпен және әлеуметтік-саяси процестерді таптық тұрғыдан талдаумен байланысқан.

Марксизмнің саяси бағдарламасы биліктік және меншіктік қатынастарды революциялық жолмен өзгертуді талап етеді. Осы өзгертулерге коммунистік партияның жетекшілік жасауы қажеттігі жарияланған, кейін жалпы халықтық мемлекетке ұласатын, капитализмнен социализмге өтпелі кезеңде пролетариат диктатурасының мемлекетін құру идеясын ұсынады. Коммунистік идеалдың негізгісі болып жеке меншік пен таптық айырмашылықтарды жоюмен байланысқан адамдардың жаппай теңдігі, мемлекеттің жойылуы және меншіктен, биліктен, мәдениет табыстарынан шеттетілуді жеңген «жаңа адамды» қалыптастыру саналады.

Тарихи тәжірибе көрсеткендей, марксизмнің саяси бағдарламасын жүзеге асыру өткір таптық күреспен, күштеу әдістерін кеңінен қолданумен, бір партияның саяси монополиясын орнатумен, өндіріс құралдарының мемлекеттендірілуімен, моноидеологияның үстемдік етуімен байланысты болды. Өмірдің материалдық, әлеуметтік және рухани салаларындағы, мемлекеттік құрылыс саласындағы ірі жетістіктер азаматтардың саяси құқығы мен бостандығына белгілі шектеу қоюмен қатар жүргізілді; экономикалық қызмет пен рухани шығармашылық саласында да қатаң әлеуметтік бақылау қойылды. Марксизмнің кейбір концептуальды ережелері (әсіресе футурологиялық аспектіге қатысы бар) практикада керегінше расталмады.

Дүниежүзінде социал-демократия идеологиясы кеңінен тарады. Э.Бернштейннің «Социализмнің алғы шарттары және социал-демократияның міндеттері» (1899 ж.) еңбегінде социал-демократия идеологиясының теориялық негіздері қаланды. Онда ол капитализмнің өзін-өзі дамыту қабілеті туралы тезисті негіздеді. Э.Бернштейннің көптеген идеялары қазіргі социал-демократияның саяси доктринасына енді. Бұл доктрина 1951 жылы Майнедегі Франкфурт қаласында өткен социал-демократтардың құрылтай конгресінде «демократиялық социализм» тұжырымдамасы болып жасалды. Плюралистік дүниетанымға арқа сүйей отырып (ерте марксизм, неокантшылдық, сыншыл рационализм және т.б.), қазіргі социал-демократия бостандықты, әділеттілікті және ынтымақтастықты орталық идеялар ретінде жариялаған. Оның саяси бағдарламасы қоғамдық реформалар жүргізу, әлеуметтік әріптестік, құқықтық мемлекет, әлеуметтік бағыт ұстаған аралас экономика, саяси плюрализм мен демократия талаптарын өзіне қосқан. Социал-демократия идеологиясының маңызды компоненттері болып адамгершілік құндылықтар жүйесі мен саяси қызметтің этикалық ынталандырулары жатады[104].

Социал-демократияның саяси стратегиясы күрестің революциялық әдістерінен бас тарту, саяси қызметтің парламенттік формасының басымдығы, қоғамдық өзгерістердің бірте-бірте жасалуы, мәмілеге келу, кең саяси одақтармен коалициялар құру негізінде құрылады. Практикада бұл бағдарлама индустриалды дамыған елдерде, әсіресе Еуропада, демократия және әлеуметтік әділеттілік идеяларын іске асыру барысында маңызды нәтижелерге қол жеткізді.

Мысалы, демократиялық социализмнің «скандинавиялық моделінің» табыстары көңілге аса қонымды: қысқа мерзім ішінде тиімділігі жоғары экономика жасады; бүкіл еңбекке жарамды халықты жұмыспен қамтамасыз етті; кедейшілікті жойды; дүниежүзіндегі ең дамыған әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жасады; сауаттылық пен мәдениеттің жоғарғы деңгейіне қол жеткізді.

Скандинавия елдерінде демократиялық әлеуметтік мемлекет әділеттілікті барынша қамтамасыз ету мақсатында ұлттық табысты бөлу функциясын іске асырады. Сөйтіп аралас, көп укладты экономиканың әлеуметтік бағытталған рынокпен органикалық үйлесімділігіне қол жеткізіледі, әлеуметтік теңсіздік қысқарады, байлар мен кедейлердің арасындағы диспаритет төмендейді.

Социал-демократия идеологиясының күші мен өміршеңдігі оның қалың бұқара халықтың мүддесінен шығатындығында, әлеуметтік өмірден қуат алатындығында, социализмнің игілікті идеалдарына арқа сүйейтіндігінде екенін айтуымыз керек. Жоғарыда аталған негізгі саяси идеологиялармен қатар қазіргі дүние жүзінің саяси санасына, саяси өміріне идеологияның басқа да түрлері белгілі бір ықпал жасайды. Мысалға, саясатпен, саяси санамен тығыз өзара әрекетке түскен ұлтшылдық, радикализм, фашизм, нацизм және өзге де экстремистік идеологияларды айтуға болады.

Саяси идеологиялар адамдардың саяси психологиясына қарама-қайшы келетін болса, олардың қаншалықты терең ойластырылғанына және негізделгеніне қарамастан, бұқара халық олардың бірде-біреуін қабылдамайтын болады. Саяси сананың осы деңгейінде идеологияның ұтымды конструкциясы саяси мінез-құлықтың нақтылы ынталандырушысына, себебіне және мақсаттарына айналады. Сондықтан саяси психологияны саяси сананың маңызды формасы ретінде қарау, зерттеу – саяси ғылымдардың принциптік міндеттерінің бірі.

4. Саяси психология – саяси сананың маңызды формасы

Саяси психология – ғылыми пән, ол ұлттың, таптардың, әлеуметтік топтардың, үкіметтің, индивидтердің саяси санасы деңгейінде қалыптасып көрінетін және олардың нақтылы саяси әрекеттерінде жүзеге асатын қоғамның саяси өміріндегі психологиялық компоненттерді (көңіл-күй, пікір, сезім, құнды бағыттар және т.б.) зерттейді.

Саяси психология – бұл адамдардың саяси санасы мен саяси мінез-құлқының саласы, негізінен баға беруді, әдеттегідей, саяси жүйеге (ең алдымен мемлекеттік билікке), саяси өмір оқиғалары мен фактілеріне сезімдік қатынасты білдіреді. Саяси психология, сайып келгенде, саясат субъектілерінің мінез-құлықтарының тікелей уәждерін қалыптастыратын практикалық санасы болып табылады[105].

Саяси психология саяси идеологияға қарағанда жүйеге келтірілмеген, ұтымды және сондай-ақ, парықсыз (иррационалды) көзқарастардан тұратын ішкі қайшылықты көзқарастар жиынтығымен айрықшаланады. Саяси субъектілердің нақтылы субъективтік сапаларын біріктіріп-ырықтандырып, саяси психология ерекшелікті саяси топтардың (тобырлардың, бұқараның, көпшіліктің) пайда болуына шешуші ықпал етуге қабілетті. Әдетте, саяси психологияның функцияларына саяси мүдделерді қабылдау мен жете түсінудің, адамның саяси салаға бейімделуін, саяси мінез-құлық ниеттемелерінің (мотивация) жүзеге асуын жатқызады.

Саяси психологияның мазмұны бойынша оның тұрақты бөлімін (дұрыс мағына, діл, этностың психологиялық құрылымы, дәстүрлер, т.б.) және қозғалыстағы, тұрақсыз бөлімін (көңіл-күй, әсерленушілік, эмоция, сезім, күту) бөліп көрсетуге болады.

Тұрақты психологиялық феномендер арасында түрлі әлеуметтік өзгерістер мен саяси оқиғаларға саясат субъектілерінің жауап қайтару тәсілдері, тұрақты саяси құндылықтардың жиынтығы – саяси ментальдылықтың үлкен маңызы бар. Саяси ментальдылықтың негізі болып белгілі бір этникалық қауымның тарихи даму тәжірибесі шоғырланған тарихи, географиялық және ерекшелікті ортада өзін-өзі сақтаудың аса сенімді тәсілдерін ұрпақтан-ұрпаққа беріп, жеткізетін ұлттық мінез-құлық шығады. Сондықтан ұқсас саяси жағдайларда әр халық өзін әр түрлі ұстайды. Мысалы, олардың кейбіреулерінде шыдамсыздық туғызып, жедел жауап қайтаруға тырыстырса, басқалары алға қойған мақсаттарға жетуге табандылық қабілет көрсетумен қатар бейбіт жолдарды анықтап, ешбір саяси ұстамсыздыққа бармай, төзімділікпен басынан өткізеді.

Әр түрлі саяси-психологиялық сапаларды таптар, әлеуметтік жіктер, сонымен қатар шағын топтар (тікелей қатынас жасайтын), дәлірек айтқанда адамдардың микроәлеуметтік бірлестіктері, референттік түзілімдер, жекелеген саяси ассоциациялар, т.б. меңгерген. Осы топтардың әрқайсысына уақытша немесе тұрақты өмір сүру тән, оларда ұйымдасқан немесе стихиялық байланыстардың болатыны да анық.

Саяси психологияның құрылымының күрделі әрі көп жоспарлы екенін айтуымыз керек. Нақтылы саясат міндетті түрде саяси психологияның құрылымы және динамикасы туралы білімді есепке алу және қолдану негізінде құрылады. Нақты саяси жағдайда бай саяси эмоцияның әрдайым бір ғана жағы басқаларын өзіне бағындырып басымдыққа жетеді. Саясатта саяси процестердегі әсерленуші жақтардың белгілі бір құрылымдық жіктелуін көре білу маңызды болғанымен, бұл салада жүріп жатқан өзгерістерді де байқай білу маңызды. Саясаттануда «шаршау принципі» тұжырымдалған, ол көпшілік ісіне бұқараның қызығушылығының тез өсуімен және соншалықты жылдам басылуымен сипатталатын саяси құмарлықтардың, эмоциялардың тұрақсыздығын есепке алу қажеттігін білдіреді. Сондықтан кез-келген белгіленген саяси акция шексіз ұзаққа созылуы мүмкін емес, оған қатысушы адамдар ғана білетін оның анық уақыттық шекарасы болуы тиіс. Осы уақыт аралығы созылмауы керек, әйтпесе саяси акцияға жетпей-ақ оған деген қызығушылық жоғалуы (өшуі) мүмкін.

Саяси психологияда тұрақсыз, тез өткінші болып саналатын көңіл-күй аса маңызды, өйткені көңіл-күй белгілі бір кезеңде көптеген адамдарды қамтумен және қайсыбір саяси оқиғаға немесе проблемаға олардың қатынастарын анықтайтын психологияның жалпы, анық көрінетін белгісі. Көңіл-күй көптеген адамдардың саяси санасына, мінез-құлқына бірқатар ықпал етеді. Мысалы, көңіл-күйдің аса маңызды қасиеттері оның саны жағынан көп адамдардың назарын аударып отырған проблемаға, саяси қайраткерге шоғырлануы қабілетінен көрінеді.

Көптеген адамдардың көңіл-күйіне ықпал жасауды қамтамасыз етуді пайымсыз механизмдерді қолдану жолымен іске асыруға болатынын айтуымыз керек. Бұл жұғыстық – оның қайнар көзі жағынан етілетін ықпалды сынсыз қабылдауымен, тез тарауымен, көптеген бұқара халықтың белгілі бір психологиялық күйіне ендіру сияқты пайымсыз ықпал жасауды қамтумен сипатталады.

Адам психикасының типі мен саяси қатынастар саласындағы оның өзіне алатын рөлінің арасында сөзсіз байланыс бар. Бұл байланыс қатаң, тікелей бола алмайды, адамның дүние танымымен және білімімен, оның саяси мәдениетімен және ол әрәкет ететін әлеуметтік және өмірлік жағдайдың сипатымен айтарлықтай дәрежеде жанасады, түзетіледі. Алайда ұқсас саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларда бірыңғай әлеуметтік, мәдени және басқа да топтардың өкілдері өздерін біркелкі ұстамайды: біреулері өздеріне саяси оқиғаға белсенді қатысушының міндетін алады; басқалары оған еш араласпайды; үшіншілері – өздерін одан тәуелсіз деп қабылдап, оқиғаның барысына байсалды бағынады; төртіншілері – өз түсініктеріне сәйкес оқиғаны бағыттау үшін күшін салады.

Осымен байланысты өзіне-өзінің сенімді болуы, индивидуалдық күшін, өзінің адамгершілігін сезінуі, өзінің күшіне сенуі – бұл белгілердің бәрі саяси өмірге қатысумен жағымды ара қатынаста болады. Саясаттан қашқақтайтындар көбіне-көп әлсіз индивидуалды кісілер, өзінің күштері мен мүмкіндіктеріне сенбейтін адамдар. Саясаттан қашқақтайтын адамдар басқа да өмірлік жағдайларда өздерінің қызығушылығын әлсіз түрде көрсетеді.

Саяси санаға, ойлауға және мінез-құлыққа тұлғаның мақсаты және стереотипі сияқты психологиялық күйі де айтарлықтай ықпал етеді[106].

Мақсат – адамдардың немесе адам топтарының (әлеуметтік-саяси және эмоционалды тәжірибесі) саяси оқиғаларға қатынастарын анықтайтын психикалық күйі. Қалыптасқан мақсат негізінде қоғамдық-саяси өмірдің жағымды немесе жағымсыз құбылыстарын сезіну жүреді. Бейтарап қалу қандай да бір мақсатының жоқ екендігін білдіреді.

Мақсат психологиялық құбылыс ретінде эмоционалды боялған, тұлға үшін маңызды әр түрлі факторлардың ықпалымен пайда болады. Оның қалыптасуында сенімді деректерден келіп түсетін, сонымен қатар сол уақытта бірінші орында тұрған ақпарат үлкен рөл атқарады. Көбіне-көп сенімді ақпарат сыни пайымдаудан өткізілмейді, оны таза сенім ретінде қабылдайды; басқаша саяси түсініктеме беріліп, кешіккен ақпарат қалыптасқан мақсатпен бетпе-бет келіп қалады да белгілі бір сенімсіздікті тудырады.

Саяси психологиялық мақсат пен объектінің стандартталған әлеуметтік және саяси бейнесі – стереотипі ұштасады.

Әдеттегі жағдайларды бейнелейтін сенімді стереотиптер адамның саналы түрде саяси қызметке қатынасын жеңілдетеді, сенімсіздері – жалған бағалау жүйесін тудырады да дұрыс әлеуметтік-саяси бағдарларға кедергі келтіреді. Қалыптасқан стереотиптерді қирату, егерде тұлғалардың орнын толтыратын немесе алмастыратын идеялары, істері, жаңа ұстанымдары болмаса, тұлғалардың өмірлік ұстанымы үшін қатерлі қауіп төндіруі мүмкін. Стереотиптер мақсатқа қарағанда баяу қалыптасады, бірақ олар алғашқымен салыстырғанда әлдеқайда берік және өміршең болып келеді.

Саяси сана негізінен саяси психологияда адамдардың саяси мінез-құлықтарының психологиялық компоненттерінің болуына көңіл аударады. Сондықтан саяси сананы және саяси процестер мен құбылыстардың сипатын түсіну үшін саяси мінез-құлықтың әр түрлі формаларындағы ерекшелікті психологиялық көріністерді білудің зор маңызы бар. Ғылыми әдебиеттерде бұл көріністерге адамдардың саяси мінез-құлқына тән ұйымдасқан және стихиялық екі негізгі формада қолдануға талдау жасалады.

Саяси процеске қатысушылардың мінез-құлқының ұйымшылдық формалары билік органдарының және басқа да саяси институттардың, соның ішінде оппозициялық институттардың қызметтері арқылы іске асады.

Ресми (биліктік) институттардың қызметіне әдеттегідей, жағымды сезімдер мен көңіл-күйлердің басымырақ болуы тән. Олардың қызметіне қатысатын адамдар мансабын арттыруға, жоғарғы әлеуметтік мәртебеге жетуге, жеңілдіктер алуға біршама ден қояды. Олар үшін көбіне-көп шындыққа сыни емес қатынастар және бейімделушілік, соның ішінде қоғамда үстем етуші саяси құндылықтарға бейімделу тән.

Оппозициялық ұйымдар мен формальды емес бірлестіктердің қызметінде, зерттеу көрсеткеніндей, өзгеше саяси-психологиялық ахуал қалыптасады. Осы ұйым мүшелерінің арасында әдетте беймазалық сезімі мен көңіл-күй, қанағаттанбаушылық, өзгеріске, жаңартуға т.б. деген ықылас басым болады. Оппозициялық қозғалыстарға қатысушылар саяси практикада орын алған саяси құбылыстарды сыни қабылдауға әлдеқайда қабілетті.

Стихиялық саяси мінез-құлық саяси ұйымдар мен қозғалыстарға қатысушылардың жоспарланбаған қимылдарынан, сонымен қатар ұйымдаспаған қарсылық әрекеттерінен көрініс табады. Стихиялық мінез-құлық – бұл адамдардың саяси дағдарысқа, тұрақсыздық жағдайға, биліктің теріс әрекетіне, өзінің жағдайының нашарлауына байланысты көрсететін жаппай реакциясы. Ол саналылық пен прагматикалылыққа қарағанда әрекеттің иррационалдық, қызбалық формаларының басым болуымен байланысты.

Стихиялық саяси мінез-құлықтың және оның себептерінің психологиялық ерекшеліктерін білу күрделі саяси коллизияларды шешуге көмектеседі. Осымен байланысты наразылықтың ұйымдаспаған формасы қоғамға қауіпті әрекеттерге – бунтқа, жаппай жөнсіздікке, лаңкестік актілерге (жарылыстарды ұйымдастыру, адамдарды кепілдікке алу және әкімшілік ғимараттарды басып алу, т.б.), сонымен қатар басқа да зорлық-зомбылыққа, заңға қайшы әрекеттерге әкеп соқтыратынын есте ұстау қажет.

Адамдардың стихиялық мінез-құлқына сенімсіздік сезімінің артуы, билік құрылымдарына және ресми ақпаратқа сенбеушілік, ызақорлық, байбаламшылық көңіл-күй және т.б. сияқты психологиялық факторлар ықпал етеді. Мінез-құлықтың стихиялық формасына алып келетін келеңсіз көңіл-күйлердің артуына, өз кезегінде алып қашпа сөздер, агрессиялық әрекеттер, қылмыстың өршуі, жемқорлық пен әділетсіздік фактілері, танымал емес заңдар және атқарушы органдар мен басқалардың қате шешімдері ықпал етеді.

Сайып келгенде, саяси мінез-құлық саяси психологияның саясат және саяси сана салаларындағы орны мен рөлін көрсететін маңызды сыртқы форма болып табылады.

Қорытындылай келіп, саяси сана – саяси идеология мен саяси психологияға негізгі салмағы түсетін күрделі, көп деңгейлі конструкцияны бейнелейді деген тұжырым жасауға болады. Саяси сана – бұл адамдардың өмір сүріп тұрған және саясат пен саяси құбылыстарда болса екен дейтін субъективтік қатынастарын көрсететін көзқарастар, ұғымдар, түсініктер, мақсаттар мен сезімдерінің жүйесі.

Он үшінші тақырып. САЯСИ МӘДЕНИЕТ

Саясат әлемінде саяси мәдениет ерекше орын алады. Онсыз қоғамның саяси өмірі мен азаматтық болмысы, жекелеген мемлекеттердің, сондай-ақ халықаралық ауқымдағы саяси қатынастың да қалыптасуы мүмкін емес. Саяси мәдениеттің деңгейі мен типтері көбінесе оның түрлеріне, тәсілі мен саяси өмірге қатысты болуының ауқымына және жеке тұлғалардың саяси болмысына, саяси іс-әрекеттің сипатына тәуелді болады. Саяси әлемнің қыр-сырын түсіну үшін саяси мәдениеттің маңызы зор екені даусыз. Соған қарамастан ғылыми әдебиетте оны көрсетуге айтарлықтай мән берілген жоқ. Өмірдің ең басты қоғамдық саласының бірі ретінде саясаттың пайда болған кезеңінен бері оның құндылық-нормалық өлшемдері болды, онда адамдардың қоғамдық игілігі жөнінде, қоғамды әділетті құру жөнінде түсінігі көрініс тапқан. Барлық пайда болған саяси институттар, оның әлеуметтік міндеттері, биліктің ара қатынасының түрлері және жеке тұлғалар қоғамдағы саяси мәдениетті айқындайды.

Саяси мәдениетке қоғамдық саяси инститтуттармен және саяси процестермен байланысты болған кез-келген елдегі қоғамдық ақыл-ойдың элементтері мен жекелеген құбылыстары мемлекеттік және саяси институттардың түрлеріне, қалыптасуына іс-қимыл жасауына және дамуына айтарлықтай ықпал ете отырып, саяси процестерге және адамдардың саяси көзқарастарына бағдар беріп отырады. Саяси мәдениеттің негізгі құндылығы кез-келген қоғамдық саяси жүйенің өмірге бейім болуы мен сабақтастығының сақталуы үшін аса маңызды болып табылады.

Саяси мәдениеттің ауқымы (сферасы) қоғамның саяси өмірі болып табылады, оның бәрі биліктің проблемасы мен басқаруына, адамдардың саясатқа араласуына қатысты екенін атап көрсеткен жөн. Сондай-ақ оның ауқымына: саясат пен құқықтың, саясат пен экономиканың, саясат пен адамгершілік болмыстың өзара қатысы кіреді. Осыған орай саяси мәдениетті толық мәнінде ұғынып және дұрыс бағалай білу қажет. Бұл үшін бәрінен бұрын саяси мәдениет туралы түсінік пен оның құрылымын оқып үйрену, білу қажет.

1. Саяси мәдениет туралы түсінік және оның құрылымы

Саяси мәдениет күрделі әрі көп қырлы құбылыс, сондықтан да ол туралы барынша кең ұғым, пікір, позиция, анықтамалар, тұжырымдар және т.с.с. қалыптасқан. Сондай-ақ, оның құрылымдық бөліктері, мазмұны, қызметі, т.с.с. туралы да осылай деуге болады. Саяси мәдениетті кейде саяси іс-әрекетке бағдар берудің, саяси сананың, психологиялық ерекшеліктің, тарих пен саясатты субъективті түсінудің жиынтығы ретінде саяси жүйемен бірдей дәрежеде қарастырады. Көбінесе оны адамдардың білімі мен мәдениетіне, оның жұртшылық алдында өзін ұстау қабілетіне, саяси позициясын нақты және айқын баяндай білуіне теңдестіре қарастырады. Осыған байланысты ғылыми әдебиетте саяси мәдениет көбінесе бағыт-бағдардың, құндылықтардың, баға беруге деген наным-сенім мен міндеттердің жиынтығы ретінде де қарастырылатынын атап айтқан жөн.

Ғылыми әдебиетте саяси мәдениетке 50-ден астам анықтама берілгенін айта кету керек. Бұл анықтамалардың қай-қайсысында болмасын ең бірінші оның жан-жақтылығы, аспектісі және сипаты айтылады. Бұл анықтамалардың бәрінің де өміршеңдік негізі бар. Сонымен қатар саяси мәдениеттің табиғатын түсіну үшін бұл құбылыстардың барынша толық сипатын да ұғыну қажет. Мұның өзі саяси жүйелердің қызметін, адамдардың саяси мәдениетінің қалыптасуы жолындағы мақсаткерлік ұмтылысын түсіну үшін қажет[107].


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: