Сюжетті сурет салу

Бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін (табиғат суреттері, қоршаған ортадағы оқиғалар, мерекелер, адамдардың еңбегі, ертегі, әңгіме, өлең, әндер мен мазақтамалардың сюжеттері) бейнелей білуге үйрету.

Қазақ халқының өмірін, тұрмысын, еңбегін білдіретін қазақтың ертегілері мен аңыздарының желісімен суреттер салу («Қаңбақ шал», «Ақсақ құлан» және т.б.). Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарын бейнелеуге үйрету. Кейіпкерлердің әрекеттерін бейнелеу. Қарапайым психологиялық сипаттамаларын құру, заттардың кеңістікте бір-біріне жақын, бірге және т.б. орналасуын бере білу.

Суреттегі түстік қатынастарды жеке шешуге: табиғат пен ұлттық өнердің орнын қарама-қарсы және үйлесімді байланыстарына еліктеп бояуларын таңдауға, жыл мезгілдерін, тәулік уақытын, әрекеттердің орнын түстермен бейнелеуде өзінің қатынасын бере білуге, бұлыңғыр немесе шуақты күнді, мерекелік от шашу, кешкі өзендегі жарығы жанған кеме және т.б. қағаздың түсіне сәйкес бояуларды таңдауға үйрету, түстердің қарама-қарсы және пастелді гаммаларын қолдану.

Бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға (жақын, алыс) орналастыру іскерліктерін қалыптастыру. Қағаздың төменгі жолақшасына жердегі заттарды, жоғарғы бөлігіне жоғарыдағы заттарды орналастырып кеңістіктік қатынасын бере білуге үйрету.

Ойдан салу және ұжымдық жұмыстарды қолдану.

Балаларды өнермен таныстыру

Балаларды бейнелеу өнер түрлерімен (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) таныстыруды жалғастыру.

Кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), портреттермен, пейзаждармен таныстыру.

Суретшілердің жұмыстарымен таныстыру: Ә. Қастеев («Жас Абай», «Биік таулы мұз айдын»), М. Лизогуб («Ертегі»), С. Романов («Отан аясында»), К. Тельжанов («Жамал»), А. Дүзельханов («Арыстан мен түлкі», «Батыл есек», «Жыл басы», «Көктем»), А. Исмаилов («Қамбар-батыр») және т.б.

Суретшінің әр жыл мезгілінде (алтын күздің көп түстілігі мен көктемнің тұнықтығын) табиғат сұлулығын қалай көрсеткенін сезіне білуге үйрету. Шығарманың мазмұнын көріп, түсінумен қатар, суретшінің табиғатты суреттей отырып, нені жеткізгісі келгендігін (қуаныш, қайғы) қандай әсерлендіргіш құралдар пайдаланғандығын түсіне білуге үйрету. Портреттік кескіндемемен танысу барысында суретші адамның көңіл күйін қалай беріп тұрғандығына назар аудару.

Балалардың шығармаларды қарау барысында бейнеленген құбылыстарды сезіну, суретшінің жеткізбек ойын түсіне білу қабілеттерін қалыптастыру. Мысалы, жазғы таңның сұлулығынан қуанышты көңіл күй сезіну (И. Шишкин «Қарағайлы ормандағы таң»), қоршаған орта мен жасампаз еңбек туралы (Ә. Қастеев «Қызыл үй»), қыздың ерке көңіл күйі (И. Репин «Инелік»), бұлтты аспан мен қураған шөптің мұңды көңіл күйі (В. Серов «Қазан»). Аңдар бейнесін мейіріммен жылы қабылдауға үйрету. Бөлме ішінде өнер туындыларын орналастыру әсемдігіне көңіл бөлуге үйрету.

Қазақ халқының ұлттық өнер туындыларымен, әшекей бұйымдарымен, тұрмыстық заттарымен, ат әбзелдерімен, киім-кешегімен таныстыру. Ұлттық ойыншықтар мен әшекейлер туралы (тәрбиешінің қалауымен) түсінік беру.

Шағын бейнелерді мүсіндеу (құстардың, балықтардың, жануарлар мен адамдардың) туралы түсініктерін кеңейтуді жалғастыру. Бейнені жасауда суретшінің қандай әсерлендіргіш құралдарын қолданғандығын көре білуге, бейненің мінез-құлқын анықтай білуге үйрету. Мүсінді тұғырда айналдырып, жан-жағынан анықтап қарауға үйрету.

Әр түрлі материалдардан (фарфор, сүйек, керамика, ағаш, шойын, шыны т.б.) жасалған мүсіндермен таныстырып, бұл мүсіншінің қолынан шыққан туынды екендігін әңгімелеу. Жұмыс үстіндегі мүсіншінің суретін көрсету. Мысалы: К. Наурызбаевтың «Абай», «Шоқан»; М.В. Нестеровтің «Мүсінші Вера Игнатьевна Мухинаның портреті».

Мүсіндеу құралдарымен таныстыру: «Бүркіт» (ағаш), «Көжек» (фарфор). Көлемдік пішініне, қалыбына, ырғағы мен материалына көңіл аудару. Суретшінің мүсіндік портрет құралдарын қолдана отырып кейіпкердің мінез-құлқын түсінуге үйрету (даналық, ерлік, ананың қайсарлылығы). Ұлы Отан соғысының батыры Н. Әбдіровтың анасының бейнесімен таныстыру (А. Ғалымбаеваның «Батыр анасы»).

Ұлттық музыка аспаптары: домбыра, қобыз; сәндік-қолданбалы өнер заттары: қымызға арналған ыдыстар - тегене, тостаған, ожау; ою ленталар - желбау, басқұр, жостов табақтары, хохлома нақышы, украиндық құмай, жетіген, шаңқобыз, қылқобызбен т.б. таныстыру.

Балаларды балаларға арналған кітаптарын безендіру құралдарымен таныстыру (В. Конашевичтің балаларға арналған кітабына А.С. Пушкиннің «Балықшы мен балық туралы ертегісі», С.А. Михалковтың «Сізде не бар?» шығармасына А. Пахомованың иллюстрациялары. Балалар кітаптарының қазақстандық суретшілері: график К. Пак, суретші К. Каметов, қазақтың ұлттық эпосы мен ертегілерінің суретшісі Е. Сидоркин).

Қауырсынмен, қарындашпен, акварельмен орындалған суреттердің айқындылығы мен кітапты безендірудің ерекшеліктерін (суреттердің мәтінге сәйкестілігі, мұқаба, титул парағы, басы, соңы) ескеруге үйрету.

Жыл соңында сурет салу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- бейнелеу өнерінің суреттеу құралдары туралы бастапқы түсініктерін;

- заттарды сипаттау белгілерін және құбылыстарын бөліп қарау және оны өзінің бейнелеу іс-әрекетінде көрсетуді;

- табиғи және заттарға - гүлдер, көкөністер, жемістер, бейнеуі күрделі емес ойыншықтар, жануарлар мен адамдарға қарап салу бойынша сурет салуды;

- сурет салуда адамның қарапайым қимылдарын жеткізуді;

- суретті салуда суреттеу құралдарын (түсі, пішіндері, композициясы, ырғақ және т.б.) қолдануды;

- гуашьпен, акварельмен, графитті және түсті қарындаштармен жұмыс істеуді;

- қылқаламмен жұмыс істеу тәсілдерін (жағу, малу) білуі;

- қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш, сызық) өрнек құрастыруды;

- розеткаларда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы, бұрыштарын, жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді салуды;

- өрнекте геометриялық пішіндерді және өсімдік элементтерін ырғақпен орналастыруды;

- қазақтың ою-өрнегінің көп түрлілігі туралы, сәнді-көркем кәсіптің (дымков ойыншығы, городецкая нақышы) эстетикалық ерекшеліктері туралы;

- қазақтың ою-өрнек элементтерін салу және оларды бейнеуде орналастырып, олармен киімдерді, тұрмыстық заттарды безендіруді;

- бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін бейнелеуді;

- суретте түрлі техниканы дербес қолдануды;

- бейнелерді бүкіл параққа орналастырып, заттардың кеңістіктік қатынасын беруді;

- ұжымдық жұмыстарды орындау, өз ойы бойынша сурет салуды;

- бейнелеу өнерінің алуан түрлілігі (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) туралы;

- кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), кескіндеме түрлерін (портрет, натюрморт, пейзаж), сәнді-қолданбалы өнерін білуі тиіс.

Мүсіндеу

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балаларда мүсіндеудің көмегімен бейнелердің пішіні мен мазмұны бойынша байқағыштығы мен эстетикалық қабылдауын, қиялын, бейнелеудің тақырыбы мен тәсілдерін іріктеудегі дербестігін, бастамашылығын, тапқырлығын қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Балаларды затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы мүсіндеу дағдыларын дамыту, пішіндердің ерекшеліктеріне мән бере отырып үйлесімін, құрылуын, қозғалысын бейнелеу.

2. Мүсіндеудің тәсілдері мен пластикалық түрлері арасындағы байланыстарды құрып, балаларға заттардың түрін талдауға үйрету.

3. Заттардың пішіндері, олардың ерекшеліктері мен ұқсастықтары, кеңістіктегі орналасуы, өзіне тән белгілері туралы түсініктерін анықтау.

4. Өз еріктері бойынша заттарды мүсіндеуге, оларды бейнелеудегі тәсілдері мен құралдарын дербес іріктеуге үйрету, баланың шығармашылық белсенділігін, қиялын, зейінін, байқағыштығын дамыту.

Мазмұны:

Заттық мүсіндеу

Балаларды затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы көлемі мен пішіні әртүрлі таныс заттарды, көкөністер мен жемістерге тән ерекше бөліктерді бейнелеуде барлық қол буындары мен саусақтарын дұрыс қозғалту техникасын сақтай отырып мүсіндеуге үйрету. Бір кездері өздері бақылаған заттарды бейнелеуге, заттарды түрлі қалыптарда мүсіндеу, бейненің жеке ерекшеліктерін өздері таба білуге, заттардың ұзын және қысқа, жуан және жіңішке белгілерін бере білуге, бөліктердің салыстырмалық шамаларын сақтауға үйрету.

Заттардың қарапайым үйлесімін жеткізе білуге, бейненің қосымша бөлшектерін, оны сәнді бөлшектермен толықтыру іскерліктерін қалыптастыру.

Қарапайым қатынастарды сақтай отырып адам мен жануарлардың қозғалыстағы пішінін мүсіндеуге үйрету. Кеуде, бас және басқа да бөліктерді мүсіндей білуге, мүсіндеу тәсілдерін іріктеуде дербестікті білдіру, сазбалшықтарды бөлуге, өз жұмысын алдында тұрған үлгімен салыстыруға үйрету.

Адамның тік қалпын жасауға, бөліктердің салыстырмалы шамаларын сақтауға, мүсінделген пішіндердің бөліктерін мықтап бекітуге, оларды бір-біріне қосып, біріккен жерлерін арнайы кескіштің көмегімен тегістеуді үйрету.

Ермексаз бен балшықтың бүтін бөліктерінен ленталық тәсілмен ыдыстарды мүсіндеуге үйретуді жалғастыру. Пішіннің сыртқы жағын тегістеуге, бұйымдардың сыртын ылғал шүберектің көмегімен тазалауға, заттарды мықты етіп жасауға үйрету.

Өз бетінше тақырыптарды ойлап табу және ойын жүзеге асыру іскерліктерін дамыту. Адамның бейнесін, жануарларды, ойыншықтар мен ұлттық үлгідегі заттарды мүсіндеу дағдыларын дамыту.

Балаларға пластикалық тәсілдермен мүсіндеуге үйрету (балшықтың үлкен бөлігінен созып алу).

Заттың бір бөлігін басқа затқа терең орналастыру арқылы бекітудің жаңа тәсілдерін меңгеру.

Ортақ композиция үшін ұжымдық мүсіндеу дағдыларын дамыту.

Сәндік мүсіндеу

Балаларды халық шеберлігінен шыққан ойыншықтармен таныстырып, оларды мүсіндеуге үйрету. Халықтық ойыншықтар желісімен бейнелер жасауға үйрету. Мүсінді бейнені безендірудің тәсілдерін өз қалауы бойынша таңдауды ұсыну (рельеф, илеу, кескіштер арқылы жону, қыру).

Балаларды халық шеберлерінің еңбегімен таныстыруды жалғастыру, халықтық керамика мәнерінде ыдыс (тостағандар, табақшалар, құмандар т.б.) жасауға үйрету, сыртын теп-тегіс етіп, күрделі рельефпен безендіріп, әшекейлеу («Оюланған кесе», «Тостаған», «Тегене», «Торсық», «Табақ» және т.б.) Түбі мен қабырғасына лента тәрізді пластиналарды орналастырып, бір-біріне іші-сыртын бекіту арқылы ыдыстар жасауды үйрету.

Затқа қарап, ұсынылған және өз ойлары бойынша сәнді мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру.

Декоративті пластиналарды мүсіндеуге, жұмыстарында әртүрлі құралдарды қолдануға үйрету.

Сюжетті мүсіндеу

Балаларды мүсіндеудің үйреншікті әдістері мен біліктіліктерін жаттықтыру арқылы заттардың өлшемдік қатынастарын дұрыс бере білуге үйрету (қоян үлкен, ал көжек кішкентай).

Бейненің ерекше қасиетін, адамның қимылын анық көрсетуге, сырт келбетін әдемі безендіруге үйрету, сюжеттерде түрлердің ерекшеліктерін, қимыл-қозғалысын, фактурасын (күрделі рельефтеу мен жапсыру арқылы) әртүрлі кескіштерді қолдана отырып жасай білу шеберлігін қалыптастыру. Кейіпкерлердің өзіне тән бөлшектерін (мұрын, ауыз, көз) жасай білу, композиция мазмұнын қосымша заттар мен элементтердің көмегімен (ағаш түбіртегінің, шөптің, гүлдің, мысықтың алдына тостаған, қыздың қолына себет) мейлінше көркемдеп жеткізе білу.

Кескішпен тұтас бөліктен мүсін жасауға үйрету.

Затты тұғырға орналастыру техникасын қалыптастыру. Бірыңғай заттармен сюжеттер жасауды үйрету. Бірнеше денені бір тұғырға орналастыру, бірыңғай заттардың бейнесін жасаудан, мазмұнға сәйкес әр қилы бейнелерді жасауға көшу. Балаларға таныс күнделікті өмірде балабақша мен үйде, қыдыру мен саяхат кезінде кездесетін оқиғалар сюжет тақырыптары бола алады.

Қоршаған өмір, ертегілер мен әңгімелердің, халық әндерінің мазмұны бойынша сюжеттік композиция жасауды үйретуді жалғастыру, сюжеттерді өз бетінше ойластырып, мүсіндеуде іске асыруға үйрету.

Топтық жұмыстарды орындауға үйрету.

Жыл соңында мүсіндеу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы таныс заттар, көкөнiстер, әртүрлi пішін және көлемдегі жемiстердi; адам мен жануарлардың қозғалыстағы пішінін; жұмыста әртүрлi пішіндегі кескіштерді қолдана отырып ыдыс-аяқ, сәндiк пластиналарды мүсіндеуді;

- мүсіндік және конструктивтік мүсіндеу тәсілдерін;

- заттардың пропорциясын және олардың өзара өлшемдік арақатынасын сақтап, бейнеленген заттарды біріктіруді;

- өзінің жұмысын үлгімен салыстыруды;

- халықтық қолөнер ойыншықтары туралы, халық шеберлерінің еңбектері туралы;

- халықтық ойыншықтар желісімен бейнелер жасау, қоршаған өмір тақырыбы бойынша, ертегілер мен әңгімелер сюжеттері бойынша қарапайым сюжеттік композиция жасауды;

- ұжымдық жұмыстарды орындауды;

- мүсіндеу тәсілдерін іріктеуде, ермексаз, сазбалшықты бөлуде дербестік көрсетуді;

- құрал-саймандарды – кескіш, тегістеуді мақсаты бойынша қолдануды, оларды дұрыс ұстауды және олармен әрекет етуді;

- еңбек мәдениеті ережесін, жұмыс орнындағы тәртіпті білуі тиіс.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  




Подборка статей по вашей теме: