Статья IV. 2 страница

Құқық жүйесі:

а) құқықтық нормалардан;

б) құқық салаларынан;

в) құқық салашаларынан;

г) құқықтық институттардан тұрады.

Құқық жүйесі - құқықтың өзінің құрылысы, өзінің құқық салашаларына, салаларына және институттарға жіктелуінің реті. Құқықтың жүйелік құрылысы белгілі бір анықталынған иерархиялық (сатылық) байланыстары бар, өзара қисынды орналасқан көптеген элементтерден тұратын біртұтас құрылым.

Құқық жүйесінің негізгі ерекшеліктері:

1) жүйенің бастапқы элементі болып құқықтың нормасы алға шығады, олар іріленген құрылымдарға - институттар, салашалар мен салаларға бірігеді;

2) жүйенің осы бастапқы элементтері өзара қайшы болмайды, бір-бірімен байланысқан, іштей үйлескен болып келеді, мұның өзі жүйеге тұтастық, жинақылық түр береді;

3) жүйенің мұндай болуы әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұлттық, діни, мәдени, тарихи факторлармен байланысты болып келеді;

4) құқық жүйесі объективтік түрде бар қатынастарға байланысты туындайды, адамдардың субъективтік еркінше жасалуы мүмкін емес. Құқықты реттейтін не – деген сұраққа пән жауап берген болса, онда қалай реттейді деген сұраққа – әдіс жауап береді. Енді осыдан шығарып құқықтық реттеудің әдісіне анықтама беріп көрейік.

Құқықтық реттеудің әдісі дегеніміз біркелкі сипатты қоғамдық қатынастардың құқықтық реттелуін жүзеге асыратын заңдық құралдардың жиынтығы.

Құқықтық реттеудің мынандай негізгі әдістері болады:

1) Иперативтік әдіс - бұл өкілдік ұйғарымдар мен субординациялар арқылы тыйымдар, міндеттер мен жазалар беру нормаларына негізделеді.

2) Диспозитивтік әдіс - бұл әдіс келісімге келуші жақтардың теңдігі (теңқұқықтылығы), субординациялар арқылы рұқсат ететін (ерік беретін) нормаларға негізделеді.

3) Мадақтау - бұл лайықты мінез-құлқына байланысты анықталған сыйлық беру әдісі.

4) Ұсынылатын, кеңес беретін - бұл әдіс қоғам мен мемлекет үшін қажетті нақты мінез-құлықтың болуын жүзеге асыруға кеңес беруге негізделеді.

Құқық жүйесінің құрылымдық элементтері:

Құқықтық норма - мемлекеттің өзі бекітіп кепілдендірген, нормативтік актілер нормасында көрсетілген, коғамдық қатынастарды реттейтін жеке түрде жалпыға бірдей міндетті болатын мінез-құлық (жүріс-тұрыс) ережесі.

Құқық институты — белгілі қоғамдық қатынастар топтамасын реттейтін заң нормаларының, тәртіпке салынған жиынтығы. Құқық институты — құқықтық нормалардың салыстырмалы түрде алғанда көп емес орнықты жиынтығы. Құқықтық институттар қоғамдық болмыстың жекелеген тұстарын, фрагменттерін (үзіктері мен үзінділер), жақтарын ретке келтіріп тәртіптеуге бағытталған. Институт — саланың құрамдас бөлігі, топтамасы, звеносы (үзбесі). Құқық саласының әрқайсысында көптеген институттар болады. Мысалы, қылмыстық құқықта тағайын, жаза беру, қылмыстық жауапкершіліктен босату институттары болады; отбасы құқығында - неке институты, бала асырап алу институты, некені бұзу институты болады; азаматтық құқықта – сатып алу – сату шарты институты, заңды тұлға институты, талаптың ескіруі институты және т.с.с.

Барлық институттар бір-бірімен тығыз байланысты түрде бір саланың аясында немесе одан тысқары да қызметтерін атқара береді. Құқықтық институттардың арасында кешенді күрделілері де болады. Бұлар өз құрамдарында субинституттар деп аталатын тым майда құрылымдардан тұратын құқықтық нормалардың аса ірі жиынтықтары. Мысалы, азаматтық құқықтағы жеткізіп тұрушылық институты өзіне айып институтын, айып төлеу (неустойка), жауапкершілік институттарын біріктіреді.

Қандайда болсын бір жиынтықтың нақты құқықтық институтқа, жекеленуі үшін заңды айырымдық үш нышаны (белгі) қызмет етеді:

1) құқық нормаларының заң тұрғысынан тұтастығы;

2) қоғамдық қатынастардың белгілі бір жиынтығын реттеудің толықтығы;

3) құқықтық институттарды құрайтын нормалардың заңдар және басқа нормативтік құқықтық актілер тарауларында, бөлімдерінде және басқалай да құрылымдық бірліктерінде жекеленуі.

Құқық саласы – құқықтық норманың жиынтығы болып табылатын қоғамдық қатынастардың сапалық жағынан біркелкі аясын өзіне тән құқықтық реттеу әдісімен реттейтін құқық жүйесінің ең ірі бөлімі.

Құқық салашасы - құқық саласымен салыстырғанда құқықтық нормалардың аздаған ғана топтамаларын біріктіреді және тектес қоғамдық қатынастарды реттейді. Мысалы, кәсіпкерлік құқығы – азаматтық құқықтың салашасы.

Құқық салаларының белгілері (нышандары):

- әрбір саланың өз пәні болады;

- өзінің заңдары, қағида бойынша дербес кодекстері немесе ірі заңдары;

- құқық нормаларын мүлтіксіз орындауға бағытталған құқық және міндеттерді, мемлекеттік құқықтық шараларды жүзеге асыру тәсілдерін белгілейтін өзінің заңдық ерекше режимі болады.

Құқық салаларын жіктеу:

1) басты құқықтық режимдерді қамтитын профильдеуші негізгі салалар және де бүкіл құқық саласы жүйесінің үстінде конституциялық құқық болады, содан кейін барып материалдық салалар – азаматтық, әкімшілік қылмыстық құқық және соларға сәйкес іс жүргізу салалары - азаматтық іс жүргізу құқығы, әкімшілік іс жүргізу құқығы, қылмыстық іс жүргізу құқығы болады;

2) арнайы салалар — мұнда құқықтық режимдер қоғамның ерекше аясына; еңбек құқығына, жер, қаржы құқығына, әлеуметтік қамсыздандыру құқығына, отбасы құқығына ыңғайластырылады;

3) профильдеуші және арнайы салалардың әртекті институттарын біріктіруі оларға тән болып келетін кешенді салалар: аграрлық құқық, экологиялық құқық, сауда құқығы, прокурорлық қадағалау, теңіз құқығы.

Заң әдебиеттерінде құқық салаларынан мыналарды атап көрсетеді:

1) Конституциялық құқық;

2) Азаматтық құқық;

3) Әкімшілік құқығы;

4) Қылмыстық құқық;

5) Жер құқығы;

6) Еңбек құқығы;

7) Неке-отбасы құқығы;

8) Қылмыстық іс жүргізу құқығы;

9) Аграрлық (ауылшаруашылық) құқығы;

10) Қылмыстық іс жүргізу құқығы;

11) Экологиялық (табиғи қорғау) құқығы;

12) Қаржы құқығы;

13) Азаматтық іс жүргізу құқығы;

14) Халықаралық құқық.

Қалыптасу кезеңін өткізіп жатқан құқықтарға кәсіпкерлік, салық, кеден, муниципалдық, компьютерлік, ғарыштық құқықтарды жатқызуға болады.

Құқықтың негізгі салаларына сипаттама беру дегеніміз конституциялық, әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, неке-отбасылық, еңбек және т.б. құқықтардағы нақты пәнді және олардағы құқықтық реттеудің басым әдістерін талдап қарастыру болып табылады. Кейбір құқық салаларын қарастырып көрейік.

Конституциялық құқық саласы - жетекші құқықтық сала Конституциялық құрылыстың негіздері, тұлғаның құқықтық жағдайы, басқару формасы және конституциялық құрылыс осы құқықтың реттейтін пәні болып табылады. Бұл құқықтық салада құқықтық реттеудің әдісі – императивтік әдісі басым түрде қолданылады.

Азаматтық құқық саласы - мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтық қатынастарды реттейді. Бұл құқықтық сала құқықтық реттеуде негізінен диспозитивтік әдісті қолданады.

Әкімшілік құқық саласы - мемлекет органдарының атқару-орындау қызметінің барысында туындайтын құқықтық басқару қатынастарын реттейді. Бұл құқықтық салада құқықтық реттеудің көпшілігінде императивтік әдісін қолданады.

Қылмыстық құқық саласы - адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылысты, меншіктің жекелік және мемлекеттік нысандарын және т.б. қылмыстық қол сұғулардан қорғауда туындаған құқықтық қатынастарды реттейді. Бұл құқықтық саланы құқықтық реттеуде императивтік әдіс үстем болып келеді.

Неке-отбасы құқығы саласын — отбасын құру негізінде туындаған және отбасы мүшелері арасындағы қатынастарды құқықтық жолмен реттейді. Бұл құқықтық саланы құқықтық реттеуде негізгі қолданылатыны диспозитивтік әдіс.

Еңбек құқығы саласы - еңбек аясы мен еңбек ету яғни жұмыс атқару барысында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді. Бұл құқықтық саланың құқықтық реттеуде қолданатыны – императивтік әдіс.

Бақылау сұрақтары

1. Құқық жүйесі анықтамасын айтыңыз және оның элементтеріне сипаттама беріңіз.

2. Құқықтың негізгі салаларын жіктеп беріңіз.

3. Құқықтық институт деген не?

4. Құқықтың негізгі салаларына қысқаша сипаттама беріңіз.

Он бесінші тақырып. ҚҰҚЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Құқық шығармашылығы мемлекеттік қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Заң ғылымында құқық шығармашылық екі аспекті тұрғысынан түсініледі. Құқық шығармашылығы мағынасы құзырлы органдардың құқықтық нормаларды тікелей жасау процесі Ал кең мағынада құқық шығармашылық дегеніміз процесс деп қаралады. Ол құқық шығармашылық түпкі ойдың туындаған сәтінен басталады да құқықтық норманың нақты жүзеге асырылуына шейін созылады (яғни оны даярлау, қабылдау, жариялау және т.с.с. дейін).

Құқық шығармашылығын ұғынудағы тәсілдердің айырмашылығына қарамастан, бұл әрқашанда құқық өкілеттігі бар органдардың белгілі бір нормативтік актілерді даярлау, қайтадан өңдеп даярлау және баспадан шығару бойынша атқарған қызметтік әрекеттері болып табылады.

Құқық шығармашылық қызметі негізгі екі бөліктен тұрады.

Біріншісі— заңдық мәні бар әрекеттермен байланысты болмайтын құқық шығармашылықтың ұйымдық мәселелері кіреді (нормативтік актінің жобасын даярлау, оны талқылау және т.с.с).

Екіншісі — өз негізінде құқықтық қағидаттарға (принциптерге) сүйенеді. Ал оның қызмет етуінің басталу сәті болып нормативтік акт жобасын даярлау туралы шешімнің бекітілуі саналады.

Осы екі бөлік бір-бірімен тығыз байланысты және жалпы контексте қарастырғанда құқықтық құжатты талқылауға, қабылдауға және жариялауға дайындау процесі тұтас рәсім болып табылады. Осыған сәйкес құқық шығармашылық процесін негізгі екі сатыға бөледі.

Біріншісі - нормативтік актінің жобасын жасауда мемлекеттік ерік-ықтиярды алдын ала қалыптастыру қарастырылады. Осы сатыдағы барлық іс-әрекеттер дайындық сипатта болады және олар құқықтық салдарды туындатпайды.

Екінші саты - құқық нормаларында мемлекеттің ерік-ықтиярын ресми түрде бекіту, мұның өзі нормативтік актінің жобасын жалпыға бірдей міндетті сипаты бар құқықтық актіге айналдыру болып табылады.

Құқық шығармашылығы төмендегідей ерекшеліктер арқылы сипатталады:

- белсенді түрдегі, шығармашылықты білдіретін, мемлекеттік қызмет болып табылады;

- оның шығаратын негізгі өнімі - ең алдымен нормативтік актілерде іске асырылатын заңдық нормалар;

- қоғамды басқарудың ең манызды құралы, оның даму стратегиясы осы жағдайда қалыптасады, мінез-құлықтың (жүріс-тұрыстың) маңызды ережелері қабылданады;

- құқық шығармашылықтың деңгейі мен мәдениеті, осыған сәйкес қабылданылатын нормативтік актілердің сапасы да – қоғамның өркениеттенуі мен демократиялануының көрсеткіші;

- құқықтық нормаларды жасау, өзгерту және оның күшін жоюда объективті әлеуметтік қажеттіліктерді және коғам мүдделерін танып білуге негізделген мемлекеттің ерекше нысанды қызметі. Құқық шығармашылық ісі белгілі қағидаттарға: демократизмге, жариялылыққа, кәсіпқойлыққа, заңдылыққа және құқық қолданудағы іс-тәжірибемен (практикамен) байланыстыруға негізделінеді.

Осы қағидаттардың сипаттарын қарастырайық:

1) демократизм - азаматтардың құқық шығармашылық ісіне қатысу деңгейін сипаттайды; қоғамдағы рәсімді нормалар мен институттардың даму деңгейін сипаттайды;

2) жариялылық - құқық шығармашылық ісінің қалың жұртшылыққа ашықтығын білдіреді;

3) кәсіпкерлік - осындай қызметпен құзыретті адамдар - заңгерлер, басқару ісінің мамандары, экономистер (барлығы да білікті ғалымдар болуы қажет) және т.б. айналысады.

4) заңдылық - осы құқық шығармашылық ісімен айналысу қызметі Конституция мен басқа да заңдар аясында атқарылуы тиіс;

5) ғылымилық-нормативтік актілерді даярлау барысында әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқалай да ахуалдарды зерттеу аса маңызды болады; қоғамның дамуындағы объективтік қажеттіліктерді жете зерттеудің құқық шығармашылық ісіне тигізер ықпалы зор болады.

Осы параметрлерді анықтау үшін түрлі-түрлі әлеуметтік-құқықтық эксперименттер, социологиялық (әлеуметнамалық) сұраулар жүргізу, анкеталау және т.с.с. көрсетілген факторларды ескеріп барып қабылданған құқықтық ұйғарымдар дәлелді және тиімді болады,

Құқық қолдану іс-тәжірибелерімен болатын байланыс – заң шығарушы орган құқық қолданушылармен байланыс орнатпаса өз еңбектерінің нәтижелерінен бейхабардар болады. Қабылданған құқықтық шешімдердің тиімділігі жөнінде қорытындыларды жасауда, өз жұмыстарындағы олқылықтар мен кемшіліктерді түзетуде тәжірибені пайдалану ісі ақсайды. Құқық қолдану іс-тәжірибесі заң шығарушының тарабынан жіберілген олқылықтар мен кемшіліктерді табуға мүмкіндік береді, құқық шығармашылық ісіндегі қажеттіліктерді көрсетеді.

Субъектілерге байланысты құқық шығармашылық мынадай түрлерге бөлінеді:

1) халықтың тікелей құқық шығармашылығы – бұл мемлекет пен коғам болмысының ең маңызды мәселелері бойынша референдум – бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өткізіледі;

2) мемлекеттің өкілетті органдарының тікелей құқық белгілеу қызметі;

3) мемлекеттік органдардың өздеріне тәуелсіз әдет-ғұрып түрінде қалыптасқан немесе мемлекеттік емес ұйымдар даярлаған нормаларды бекітуі (санкциялауы).

Заң қабылдау ісі құқық шығармашылықтың құрамдас бөлігі болып көрінеді. Заң шығармашылықтың мағынасы - ең жоғары заң қабылдау органының (парламенттің) ең жоғары заңдық күші бар нормативтік құқықтық актіні қабылдауы. Мұның өзі негізгі төрт сатыдан тұрады:

1) заң шығару бастамасы;

2) заң жобасын талқылау;

3) заңды қабылдау;

4) заңды жариялау.

Заң қабылдаудағы осы сатылардың барлығының орындалуы Қазақстан Республикасы Конституциясында өз көріністерін тапқан.

Заң шығару бастамасы құқығы – құзырлы органдардың, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген адамдардың парламентке заңдар немесе басқалай да актілер шығару жөнінде немесе өзгерту, күшін жою туралы ұсыныстар енгізуге құқықтылығы. Мұндай ұсыныстар енгізудің соңы бұл мәселенің парламентте міндетті түрде қаралуымен аяқталады. Бұл заң шығару бастамасы ұсыныс немесе дайын заң жобасын парламентке беру түрінде көрінеді. Заң қабылдаудың ең жоғары органы мұндайда жаңағы ұсыныс немесе жобаны өз өндірісіне алуы тиіс. Мұндай ұсыныстар қамтамасыз етілуі тиіс.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы ҚР парламент депутаттарына, ҚР үкіметіне тиесілі.

Заң жобасын талқылау ең алдымен Мәжілісте өтеді. Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қарастырылып барып қабылданған заң жобасы Сенатқа жіберіледі. Онда алпыс күн ішінде қаралуы тиіс. Сенат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданғаннан соң заң жобасы Заңға айналады, сөйтіп 10-күннің ішінде президентке қол қоюға тапсырылады.

Қазақстан Республикасының Заңдары республика Президенті қол қойғаннан кейін өз күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Президенті заңға 15 күннің ішінде қол қояды, халыққа таратылады, жарияланады. Мұндай болмаған жағдайда заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылауға, дауысқа салуға парламентке жіберіледі.

Егер де парламент әрбір палата депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен осының алдында қабылданған шешімін растаған болса, онда Президент 7 күннің ішінде заңға қол қояды. Егерде президент заңға қарсы болып ол қарсылығы қабыл алынса, онда заң қабылданбаған болып саналады да президент ұсынған редакцияда қабылданған болып саналады.

ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу парламенттің әрбір палатасы депутаттарының жалпы санының төрттен үшінен кем емес дауыстарымен қабылданады.

Конституциялық заңдар Конституцияда көзделіп қарастырылған мәселелер бойынша өрбір палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінен кем емес дауыспен қабылданады.

Конституциялық заңдарды қабылдау немесе оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөне Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша мәселелерді қарауда заң жобасының екіден кем емес оқылуын жүргізу міндетті (ҚР Конституциясының 62-ші бабы).

Барлық заңдар оған Президент қол қойғаннан кейінгі жеті күн ішінде ресми түрде жариялануға жатады.

Заңдар ресми жарияланғанынан он күн өткеннен соң өз күшіне енеді. Егер де заңның өз күшіне енуінің басқаша нақты тәртібі сол заңда белгіленсе, онда заң өз күшіне сол тәртіп бойынша енеді.

           
     
 
 


Ұлтаралық ынтымақтастық

       
   
Адамгершілік, ізгілік, имандылық
 
 

(i)


(ii) Пысықтау сауалдары

1. Құқық шығармашылығына анықтама беріңіз.

2. Заң шығару құқық шығармашылығынан қалай айырмаланады?

3. Құқық шығармашылығы қағидаттарын (принциптерін) сипаттаңыз.

4. Құқық субъектілері қандай болады?

5. Заң кабылдау процесіне сипаттама беріңіз.

6. Заң шығару бастамасы құқығы кімдерде болады? (ҚР-сы Конституциясының 61-бабы бойынша мысал келтіріп айтыңыз).

7. ҚР-сы Конституциясы бойынша заң қабылдаудың тәртібін баяндап беріңіз.

Он алтыншы тақырып. ЗАҢДАРДЫ ЖҮЙЕЛЕУ

Әрбір мемлекетте толып жатқан түрлі құқықтық нормалар мен құқықтық нормативтік актілер болады. Пайдалануға ыңғайлы болуы үшін оларды үнемі белгілі бір жүйеге келтіріп отыру қажет. Мұндай қызметті "заңдарды жүйелеу" яғни құқықтық нормативтік актілерді нақты іс-тәжірибелерде пайдалану мақсатында оларды "тәртіпке салу" деген ұғымын білдіреді. Заң ғылымында заңдарды жүйелеудің негізгі екі түрі бар: инкорпорация және кодификация.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: