Кіріспе 6 страница. Тарихилық принципінің аясында тағы мынадай мәселелер жайында айтып өту қажет

Тарихилық принципінің аясында тағы мынадай мәселелер жайында айтып өту қажет. Әрбір тарихнамалық факт, сондай-ақ олардың жиынтығы өздерінің пайда болу, қалыптасу, өзгеру, даму, бір-бірімен бірігу процесінде талданады. Фактінің мәні мен пайда болуы оның генезисін, одан ары дамуын көрсету жолдарын ғана ашады. Нақты тарихнамалық фактілер мен құбылыстарды олардың генезисі, сабақтастығы тұрғысында қарастыру олардың әртүрлі сатылардағы мәнін, өзгеруін түсіндіруге жағдай жасайды. Тарихнамалық фактіні генезис пен даму көзқарастарынан тыс талдаудың қажеттілігі уақыт тезіне төтеп берген және тарихнамада берік орнаған теориялық ережелерді айқындауға жол ашады. Осы принцип тарихнамашыдан теориялық материалдың шынайылығын тексеруді талап етеді.

Тарихилық принципі тарихнамалық фактілерді зерттеудегі абстрактілі бағытқа, оларды сыңаржақ, бұрмалап бағалауды болдырмауды ескертеді. Тарихилық принципін басшылыққа алып тарихнамалық құбылыстың пайда болуының шарттары мен себептерін, олардың экономикалық, әлеуметтік және идеологиялық тамырын терең зерттеп, оның өзгеруіне, дамуына назар аударып, қазіргі кезеңдегі жағдайын ашып көрсету қажет. Тарих ғылымындағы оқиғаларды олардың пайда болуының тарихи алғышарттарымен тығыз байланыста зерттеу тарихнамалық фактілерді бір-бірімен өзара және қоғам дамуының заңдылықтарымен байланыстыра талдауға мүмкіндік береді. Тарихнамалық құбылыстарды қоғам дамуы заңдылықтарымен біртұтастықта қарастыру күрделі, бірақ қажет, шешілуге тиіс міндет.

Тарихнамашы ғылыми мектептің идеялық мұрасынан көрініс тапқан “өміршең” тұжырымдамаларды, көзқарастарды мәлімдеумен шектелуге тиіс емес. Өкінішке орай отандық тарих ғылымында тарихнаманың өзіндік мектебі қазан төңкерісіне дейін, кеңестік кезеңдерде қалыптаса алмады. Оның себептері тарихнама тарихи білімнің ерекше тармағы ретінде көріне алмады. Тарихнамалық дәстүрдің негіздерін қалайтын зерттеулердің дүниеге келуіне қазақ халқының төл тарихын, деректерін зерттеуден шеттету елеулі ықпалын тигізді.

Кеңестік кезеңде қазақстандық тарихнамада ғылыми мектептер қалыптаспағанымен осы саладан қадау-қадау еңбектер жазған Г.Ф.Дахшлейгер, Д.И. Дулатова, К.Нұрпейіс[52] сынды ғалымдар болды. Республикадағы тарихнама ғылымының кенже қалуының бірқатар себептерін атайық. Олар қазақ тарихына қатысты төл жазба деректерінің зерттеліп, ғылыми айналымға түсірілмеуі. Келесі бір себебіне Кеңес Одағы тұсында тарихнамалық зерттеулердің қатаң коммунистік идеология құрсауында болып, ұлт тарихы туралы тәуелсіз ой-пікірлердің жазба тарихымызда еркін көсіле алмауы жатты.[53] Сонымен қатар кеңестік тоталитарлық жүйеде ғылыми еңбектерде бір-біріне ұқсас, сыңаржақ, таптаурын тұжырымдар түйінделіп, батыл тұжырымдамалар жасалмады. Сондықтан да тұжырымдары ортақ еңбектерді талдап, бағалауға қызығушылық та, ұмтылыс та болмады. Соның салдарынан тарихнамалық зерттеулер дүниеге келмеді.

Кеңестік дәуірде тарихнама теориясынан түсінік беретін тарихнама пәніне арналған оқулықтардың қазақ тілінде жазылмауы себепті, болашақ қазақ тарихшылары тарихнама туралы терең түсінік ала алмай, бұл пән тар шеңберде бір жақты түсіндіріліп келді. Міне осылардың барлығы тарихи және тарихнамалық зерттеулердің жазылуында айтарлықтай кемшіліктер мен қиындықтар тудырып, еңбектердің сапасы мен деңгейінің төмен болуына әсер етті.

Бұдан ары тарихилық принциптің қажеттіліктері жайлы жан-жақты айтатын болсақ, оның тарих ғылымындағы жалған әрі қате идеялардың, тіпті тұжырымдардың ұзақ “өміршеңдігінің” себептері мен алғышарттарын зерттеудегі маңызы өте зор. Мысалы, қазақтардың ежелгі халықтардың бірі, оның арғы тегі сақтар мен үйсіндер, қаңлылыр, ғұндар екендігі туралы автохтонды теория соңғы уақыттарда анағұрлым шынайы дәйектелуде. Ал Ресей бодандығындағы озбыр отарлау саясатына қарсы Сырым, Кенесары, Жанқожа, т.б. бастаған “бүліктердің” ұлт - азаттық сипатта жүргенін тың деректер айғақтап отыр. Көтерілістердің халықтық, азаттық сипаты туралы ғылыми тұжырымдар тарихнамадан көрініс табуда.

Қазан төңкерісінің, Қазақстанда кеңес өкіметінің сырттан таңылған құбылыс екендігі туралы да ғылыми пікірлер 1920-1930 жылдары жарық көрген Г.Сафаров, М. Шоқай, А. Байтұрсынұлы, Т. Рысқұлов, Ф.И. Голощекин[54] еңбектерінің негізінде әрі жаңа тарихи таным бағытында білдірілуде.

Ғылыми ойдың дамуын талдау тарихи білімді жинақтаудың шарттары мен ерекшеліктерін ескеру арқылы жүргізілуі тиіс. Тарихилық принципі тарихнамада тарихнамалық фактілердің шынайылығын, олардың көпжақтылығын, нақтылығын көруге мүмкіндік береді. Мұның өзі тарихнамаға даңғыл жол ашады. Нақтырақ айтсақ, ол әртүрлі проблемалардың ғылыми дамудың түрлі кезеңдерінде емес бір уақытта шығарылғандығын айқындауға, жекелеген бір мәселелердің қарастырылуына баса назар аударылып, екінші біреулерінің маңыздылығына мән берілмей зерттелгендігінің себептерін ашуға жағдай жасайды. Тарихнама осылайша тарихи процесті жақсартатын немесе оны нашарлатып көрсетуге, субъективті тұрғыдан баяндау ұмтылысына қарсы шығу мүмкіндігіне ие болады.

Тарихилық принципі тарихнаманың дамуын, оның сатыларының сабақтастығын, тарихи білімнің өткенін, қазіргісін және болашағын тұтас қамту тұрғысында түсінуде анықтауыш болып табылады. Осы турасында мына төмендегі жайтқа назар аударайық. Тарихнамалық фактідегі қазіргі кезең тарихтың бір бөлігі, ол дамушы тарихи шындық. Тарихнамалық фактіде қазіргі кезең үшін айтарлықтай маңызды емес, бірақ болашақта өзектілікке ие болатын тұстары кездеседі. Сондықтан да тарихнамалық фактіні қазіргі кезең биігінен зерттеу тарихнамаға саяси өткірлік береді. Бұл ғылым үшін қауіпті құбылыс.

Тарихнамалық фактіні тарих пен қазіргінің бірлігі ретінде түсіну тарихнама ғылымының заңдылықтары мен тенденцияларын, тарихшылардың әртүрлі буындарының шығармашылығының өзара байланысын терең тануға қызмет етеді. Алайда, сонымен қатар тарихнамалық фактілердің өткені мен қазіргісінің бірлігін қарапайым түрде түсіндіруге болмайды. Жоғарыда көрсетілгендей, тарихнамалық фактіні талдау ең алдымен белгілі бір тарихнамалық факт жасалған тарихи кезеңнің позициясынан жүргізілуі тиіс. Осыған орай өткен уақыттардағы фактілерге бүгінгі күннің талаптарын қою қисынсыз. Мұның өзі тарихқа қарсы әрекет әрі тарихилық принципіне сәйкес келмейлі. Алайда тарихнамалық фактіні қазіргі кезеңдегі тарихнама ғылымының жетістіктері негізінде қарастыру оның болмысын терең әрі жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Тарихнамашы қандай фактілердің уақыт тезіне шыдағандығын және эталон түрінде өзге де фактілерге баға беруде қызмет ететіндігін түсіндіреді.

Болашақта тарихнамалық фактілердің дамуын олардың қазіргі кездегі түрлерінің кейбір өзгерістерін айқындау негізінде көруге болады. Бұл әсіресе болашақта зерттелетін тақырыптарға, мамандарды даярлауға, ғылыми мекемелерді дамытуға қатысты. Болашақты болжай білу тарихтағы жаңа тарихнамалық фактілердің жинақталуын нақты қарастыруда кеңейеді. Сондықтан да тарих ғылымының өткенін қазіргі арқылы түсіндіруді ұсынатындармен келісуге болмайды. Себебі ол өткенді бұрмалауға ұрындырады. Болашақ туралы кейбір көзқарастарды тарих ғылымының қазіргісі және өткендегісін түсіндіруде пайдалануға болады.

Тарихилық принцип тарихнамалық фактінің жеткіліктілігін анықтауда қолданылады. Ғылымда баршаға мәлім, тарихнамашы көбінесе белгілі болған, ғылыми айналымға түскен фактілермен жұмыс істейді. Дегенмен тарихнамашының назарынан тыс қалған фактілердің де болуы ғажап емес. Осыған орай тарихнамашы тарихилық принципін пайдалана отырып жаңа фактілердің негізін анықтап, ғылыми айналымға түспеуінің, ғылыми білімнің игілігіне айналмауының себептерін көрсетуі тиіс.

Тарихнамалық шығармашылықта жекелеген тарихнамалық фактіні мысалы, тарихшының еңбегін зерттеуді талап ететін ахуал пайда болады. Тарихшының еңбегі тарихи білімнің жалпылама процесінің негізінде талдануы қажет. Сондықтан да жекелеген жұмыстар, олардың әдебиетттердің жалпы ағымындағы маңызы мен орны әділ бағаланып, белгілі бір кезеңдегі ғылыми тенденцияларға сәйкестігі айқындалуы керек. Бұл жерде тарихилық принцип жекелеген тарихнамалық құбылыстарды жалпы процеске қарсы қою емес оның бір бөлшегі ретінде зерттеуге септеседі.

Жалпыметодологиялық тарихилық принцип тарихшыларды екі топқа бөледі: біріншісі өткенді және қазіргіні объективті тану арқылы болашақты болжауға ұмтылатындар, екіншісі өткенге оқиғалардың хроникасы ретінде қарайтындар.

Тарихилық методологиялық принцип ретінде тарихи оқиғаларды, көзқарастарды, оларды танудың тарихи әдістерін біріктіреді.

Әлеуметтік принцип - тарих ғылымының, сондай-ақ тарихнаманың қажетті принциптерінің бірі. Кейде бұл принципті партиялық деп те атайды. Партиялық сөзі саяси партия деген ұғымды білдірмейді, ол қоғамның әлеуметтік құрылымымен, топтарымен тығыз байланысты ұғым.

Маркстік-лениндік методологияда кез-келген тарихи процесс әлеуметтік таптық тұрғыда қарастырылып, партиялық принципте баға беру біржақты пікір, тұжырым түйіндеуге негіз қалады. Мұның өзі партиялық принциптен бас тарту дегенді білдірмейді. Себебі әлеуметтік принцип арқылы ғана тарихнамалық фактілердің қалыптасу ортасын, сипатын анықтауға болады. Маркстік-лениндік методология шеңберінде партиялық принцип тап күресінің аясында қалып, кейде бұл принцип таптық бағыт деп те аталды. Ал маркстік - лениндік методологияның күйреуіне орай оны сынап, жоққа шығару үрдісі орын алды. Мұндай ахуал тарихи оқиғалар мен процестерге объективті баға беруден гөрі белгілі бір қоғамдық-саяси кезеңнің талаптарының зерттеушілерге ықпалын көбірек аңғартады. Тап күресі орын алған тарихи кезеңдерді таптық тұрғыдан көрсету өткеннің шындығын бұрмалаусыз реттеу деген сөз. Осы орайда ресейлік тарихшы Ю.А.Поляков: “Тап күресінің маңызын Батыс тарихшыларының айтарлықтай бөлігінің мойындағаны белгілі және мойындап отыр. Тап күресінің орын алуы мен рөлі көптеген фактілер арқылы дәлелденеді. Өйткені зерделеуде таптық бағытты алып тастау фактілерге қарама-қайшы келу болып шығады”[55], - деп жазды. Бұл жерде мәселені таптық көзбен зерттеу турасы емес, тарихта тап күресінің орын алғандығын мойындау туралы болып отыр.

Әлеуметтік принцип объективті шындықты көрсете отырып, алдын-ала пікір қалыптастыруға жол бермейді, кез-келген құбылысты оның әлеуметтік алғышарттары тұрғысынан нақты талдауды талап етеді.

Әлеуметтік принцип тарихнамалық фактлер мен құбылыстардың сипатын олардың шынайы нәтижелері бойынша баға берудің қажеттілігін көрсетеді. Олар ғылыми білімге “ұласу” тұрғысында шынайы маңызына орай бағаланады. Қарастырылатын еңбектердегі әлеуметтік принциптің сақталғандығы жөнінде тарихнамашыға баға беруде мүмкіндік тудыратын белгісі тарихи материалды талдау болып табылады. Аталмыш принцип тарихнамалық талдау жасауда зерттеушіге тарихнамалық деректердің әлеуметтік ортасын, тарихнамашының ұлттық, таптық мүддесін ескеруде қажетті болып саналады. Сонымен қатар әлеуметтік тарихнамалық құбылыстардың өзектілігін айқындауға да негіз болады. Бұл жерде өзекті болып ғылым дамуының кез-келген кезеңіне жататын, тарихи білімді алдыға жылжытуда прогрессивті рөл атқаратын тарихнамалық факт саналады. Тарихнамашы әлеуметтік принципті ғылыми пікір-талас тәрізді тарихнамалық фактіні талдауда басшылыққа алады. Айта кетерлік жайт, бұл принцип тарихнамалық құбылыстардың пайда болуы мен дамуында әлеуметтік -саяси және тарихи шарттардың ерекшеліктерін ескергенде ғана іске қосылады немесе әрекет етеді.

Жалпыметодологиялық әлеуметтік принцип өзінің нақты қолданысында тарихилық принципімен диалектикалық бірлікте пайдаланылады.

Соңғы уақыттардағы посткеңестік кеңістіктегі саяси өзгерістер зерделі тарихшыға өткенді терең зерттеп, тарихи оқиғалар мен процестердің шынайы бағасын беруге жағдай жасады. Тарихшы зерттеушілерге тарихты “Тарих жекелеген адамдардың, таптар мен партиялардың еркі мен санасына байланысты емес” және “Тарих өз мақсатын көздеген адам қызметі” деген екі қағиданы байланыстыра зерттеуге мүмкіндіктер туды. Мұндайда зерттеуші екі қағиданың екеуін де жоққа шығармай тарихтағы заңдылықтарды тануға ұмтылуы тиіс. Әміршіл- әкімшіл басқару кезінде орныққан “тарихты халық жасайды” деген тұжырымды әрбір тарихи дәуірде тарихты жеке адам, субъект қалыптастыратындығы туралы қағида толықтыруы қажет. Мұндай тұжырымның тарихнамаға да тікелей қатысты екендігі даусыз.

Тақырыптың мамұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Тарихнамадағы жалпыметодологиялық принциптердің функциялары.

2.Тарихнамадағы объективтілік принципі. Осы принциптің қажеттілігін мысал келтіре отырып түсіндіріңіз.

3.Тарихилық принципінің атқаратын рөлі.

4.Әлеуметтік принциптің ерекшеліктері.

5.Таптық бағыт немесе маркстік-лениндік методологиядағы негізігі ұстаным.

ТАРИХНАМАЛЫҚ ЗАҢДЫЛЫҚТАР

Тарихнамалық әдебиеттерде “заңдылықтар” және “заңдар” тақырыбы теориялық тұрғыда қарастырылмаған, десек те олардың кейбіреулері “стихиялы” түрде қолданылған. Көрсетілген проблеманың танымдық функциясы тарихнаманың қызмет ету ерекшеліктеріне байланысты артады. Оның сипаты, мазмұны және мүмкіндіктеріне тарихнаманың өзінің заңдылықтары мен заңдарының негізіндегі пәні баға береді. Заңдылықтарды айқындау және қалыптастыру әртүрлі тарихнамалық ахуалдарда түрлі сипатта жүреді. Тарихнаманың заңдылықтары алдын-ала ашылмайды, зерттелетін фактінің өзгеруіне байланысты олар да өзгеріп, түрленіп отырады. Заңдылықтар солардың негізінде жаңа білім алу үшін ашылып, қолданылады, ал содан кейін алынған жаңа білім тарихнамашы-зерттеушінің ары қарайғы теориялық және тәжірибелік қызметінде пайдаланылады. Осылайша, заңдылықтарды ашу және пайдалану тарихнамалық жұмысты “тарихнамалық баяндау” деңгейінен ғылыми зерттеуге көтерілуіне жағдай жасайды.

Тарихнаманың заңдылықтарын танудағы объективті факторлардың үстемдігінің ерекше маңызы бар, өйткені тарихнама субъектінің- тарихнамашының әрекеттері арқылы іске қосылады, оның әлеуметтік көзқарастары және т.б. тарихнамалық тұжырымдардың, идеялардың, пікірлердің қалыптасуына әсер етпей қоймайды.

Тарихнаманың заңдылықтары өзіне тән белгілеріне қарай көрінеді. Бұл ең алдымен тарихнамашының өзі тапқан және өңдеген, белгілі бір әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларда әрекет ететін заңдылықтар. Сондықтан да оларды тану көп жағдайда тарихтың тарихи білімін қалыптастыру теориясын терең түсінумен ғана емес, субъективті факторға баға берумен де тығыз байланысты. Тарихнаманың заңдылықтары әлеуметтік, психологиялық, эмоционалды, кәсіпқойлық ерекшеліктерді ескеруде жан-жақтылық әрі тереңділік қасиеттерге ие болады. Тарихнамашы әрекет еткен кезең заңдылықтарын, соның ішінде тарихнаманың заңдылықтарын түсіндіру өзінше әлеуметті әрі мүдделі. Осылайша жеке дара ерекшеліктері бар тарихнамашының зерттеу процесінде көрінетін заңдылықтар оның қызметінің объективті-тарихи шарттарымен тығыз байланысты. Объективтілік, логикалық және субъективтіліктің осы диалектикалық бірлігінде жетекші рөлді объективті фактор атқарады. Кез-келген заңдылық, соның ішінде тарихнамалық тәжірибеде әлдеқашан ғылымда белгілі болғанды әрі дәлелденгенді қайталау дегенді білдірмейді.

Тарихи заңдылықтардың көріну және пайдалану механизмдері негізінен тарихнамада да қолданылады, себебі тарихнаманың заңдылықтары ғылымды танудың жалпы заңдылықтарымен генетикалық тұрғыда, тарих ғылымының заңдылықтарымен ерекше байланысады. Осындай байланыстың салдарынан тарихнамашы “көпқабатты” ізденіс жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде тарихнаманың заңдылықтарын анықтайды. Мысалы, тарихшы тарихнамалық фактілердің тұрақты қайталануына әкелетін шарттарды, себептерді айқындайды. Оған бұрын әдебиеттерде көрініс тапқан тақырыптарға жазылған жұмыстардың пайда болуы мысал бола алады. Алайда зерттеуші сол тақырыпты ғылымның жаңа даму бағытында соны теориялық-методологиялық мүмкіндіктер мен тың деректердің негізінде қарастырады. Осындай қайталанатын тақырыптарға жазылған еңбектерді талдауда тарихнамашы теріске шығарылған кейбір теориялық ережелер мен қорытындылардың “өміршеңдігімен”, соның салдары ретінде олардың келесі еңбектерде көрінуімен бетпе-бет келеді. Осындай құбылыстардың орын алуын түсіндіру зерттеушінің міндетіне жатады.

Тарихнамалық заңдылық жекелеген тарихшылардың іргелі еңбектеріндегі ой-пікірлерді зерттеу жолымен ғана емес, ғылыми ойдың тарихнаманың дамуының түрлі кезеңдеріндегі қозғалыс процесін көрсететін тарихи шығармашылықты талдау нәтижесінде орнатылады.

Тарих ғылымында әртүрлі тенденциялардың күресімен басылып тасталған, ғылымды жетілдірген немесе кедергі келтірген бірқатар тарихнамалық фактілерді түсінудің күрделілігі ашылмаған заңдылықтардың бар екендігіне куә болады. Заңдылықтарға қайшы келетін құбылыстар оларды жоймайды, тек олардың әрекетін әлсіретеді. Бұдан тарихнамалық заңдылықтардың ғылымның өзіне тән мүмкіндіктері мен қайшылықтарға толы даму процесіне терең ену нәтижесінде орнатылатындығына көз жеткізіледі. Оның мазмұны тарих ғылымының дамуындағы жетекші тенденцияларды айқындау жолымен ашылады. Бұл істе жекелеген кезеңдерді, яғни сатыларды зерттеудің маңызы зор.

Тарихнамалық факт деп тарихнаманың ілеспелі қозғалысындағы өзіндік ерекшеліктерімен, қатынастарымен қайталанатын объективті құбылыстарды атайды. Осы тұрғыдан келгенде тарихнаманың мынадай заңдылықтарын атауға болады: зерттеудің жаңа бағыттағы методологиясын шығармашылық жағынан меңгеру және тұрақты түрде дамыту, тарихнаманың өткен кезеңдердегі және қазіргі замандағы өзекті мәселелерді зерттеуге құлшыныс тудыруы тарихнамалық фактіні, әсіресе тарихшының шығармашылығын қоғам дамуының әлеуметтік-саяси аспектілерімен тығыз байланыста зерттеу, тарихнамада тарихнамалық білімді жинақтауда үнемі сабақтастық, олардың жаңа идеялар, қорытындылар, тұжырымдар негізіндегі сапалы қайта түрленулері, құрулары байқалады. Сондықтан да бұл құбылыс заңдылық түрінде көрінеді. Ғылым тарихын танудағы әрбір жаңа сатының жетістіктері өзінің алдындағы сатыда қол жеткізілген табыстарға сүйеніп, олардың жалғасы, дамуы және тереңдеуі болып табылады.

Жетілдірілген жаңа идеялар, көзқарастар және заңдылықтар уақыт тезінен, әлеуметтік тәжірибеден өткен білімге қосылып, оны толықтырады.

Жаңа тарихи білімнің қалыптасу механизмі, байланыстары мен алдыңғы білімнен келесіге өтуі, оның реттелу прициптері тарихнамалық фактілерді эмпирикалық талдау деңгейінде емес, теориялық-методологиялық негізде зерттеледі. Осы бағыт тарихнамашыға алдыңғы тәжірибенің жарамды, жарамсыз тұстарын зерттеуде аса қажет.

Тарихнамалық білімді жинақтаудағы сабақтастықтың заңдылығы осылайша ғылымды дамытудың қозғаушы күштерін, жаңа білімдердің түйісу нүктелерін, оларды көбейтудің жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.

Тарихнамалық теорияда және тәжірибеде “ескі” мен “жаңа” ғылымдарды шын мәнінде зерттеудің заңдарымен бірге салыстырудың бірқатар себептері бар. Тарихнамалық еңбекте әртүрлі бірін-бірі алмастырған сатылардағы ғылыми тарихи білімнің дамуы барысында алынған тарихи білімдердің жиынтығы талданады. Тарихнамашы тарихи шығармалардан орын алған әртүрлі танымдармен, бағыттармен, жаңа идеялармен, теріске шығарылған көзқарастармен зерттеу жұмысын жүргізеді. Объективті шындыққа жетудегі тарихшының өзгелермен ұқсас пікірлерін, айырмашылықтарын салыстыру, бір-бірімен теңестіру тарихнамалық щығармашылықтың басты аспектілерінің бірінен саналады.

“Ескі” және “жаңа” ғылымдарды салыстыруды іске асыру төмендегідей тарихнамалық жұмысты атқарған кезде қомақты нәтижелерге әкеледі: тарихи құбылыстардың қайталануына көз жеткізу, солар арқылы тарихнаманың заңдылықтарын орнату, тарихнаманың әртүрлі даму сатыларында тарихи білімнің тұтас немесе жекелеген проблемалар мен тақырыптардың қарастырылу деңгейін айқындау, зерттелетін тарихи процеске зерттеушілердің жаңа буынының қосқан үлесін анықтау, тарихи білімнің шынайылығын ашу, тарихи оқиғаларды баяндаудағы сыңаржақтықтың орын алуын көрсету, автордың ойға түйгендерін түсіну, тарихи білімнің қарастырылу және қол жеткізген мүмкіндіктерінің деңгейін анықтау.

Салыстыру тарихнамалық фактілердегі ұқсастық және ерекшеліктерді, жалпы немесе сәйкес келмейтін белгілерді, сондай - ақ өткен тарих ғылымындағы бірреттегі процестердегі дара, ерекше, жалпыламаны айқындауда қажет. Ортақ белгілері бар әртүрлі уақытта түрлі елдерде пайда болған тарихнамалық фактлердің айырмашылықтарын зерттеудің де маңызы айтарлықтай. Салыстырудың осындай заңдылығы тарихнмалық фактлерді генетикалық өзара байланыста және айырмашылықта зерттеуге барынша қолайлы жағдай тудырады.

“Ескі” және “жаңа”тарих ғылымын салыстыруды бірнеше деңгейде жүргізуге болады. Солардың арасында тарихнама ғылымын білімді жинақтау процесін хронологиялық кезекте қарастыру ерекше маңызды. Тарихнамалық зерттеудегі уақыт кезегін сақтау тарихнамалық шығармашылықтың бірнеше маңызды аспектлерін анықтау үшін қажет. Осы бағытты тарихи шығармалардың байланыстары мен ішкі бірлігін айқындауда пайдалану нәтижелі болып табылады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: