Келесі мысалы: 9 7 10 8 11 9 12. 19 страница

Үшіншіден,жеткіншектердің қырсық мінез көрсетуіне негіз болатын келесі себептерді атап көрсетуге болады:

- -отбасы мүшелерінің біреуінің жүйке-психикалық ауытқуы,не алкоголдық,наркотикалық,химиялық заттарға тәуелді болуы,

- -соматикалық аурулар және ауру жарақаттар салдарынан жеткіншектерде «кемістік»сезімнің орын алуы,

- -эмоционалдық сфераның тұрақсыздығы,

- -ситуативті мазасыздану дәрежесінің тұрақсыздығынан өзін дискомфортты сезінуі;

- -барлық нәрсені өз бетімен орындап, үлкендердің қамқорлығы мен ақыл –кеңесінен құтылғысы келуі;

- үйге берілген тапсырмаларды жаттап алмастан өз сөзімен түсінікті етіп айтуға тырысуы;

- үлкендерге сын көзбен қарап, олардың айтқанын сынап-мінеп, кей кезде өрескел мінез көрсетуі;

- істі игеру жағынан әлі бала болса, ал оларға қойған үлкендердің талаптары бойынша оларды ересек деп есептегендей болуы;

- жеткіншектердің өз мүмкіндіктерін жоғары бағалап, бәрін өзі істей алатындай сезінуі;

- балалардың оқудан басқа айналысатын шаруасының болмауы;

- радио, теледидар, интернет және басқа да ақпарат көздерінен ересектерге арналған хабарларды көріп, соған еліктейтіндігі;

- өзінен үлкен балалармен танысып,солардың жағымсыз әрекеттеріне еліктейтіндігі,

- -күні-түні фантастикалық және криминалистикалық әдебиеттерді оқып, ондағы кейіпкерлерге еліктеуі;

- акцентуацияның көрініс беруі.

Жеткіншектің өмірінде орын алған осы көріністер, олардың өз қатарларымен және ата-аналарымен дұрыс қатынас жасай алмауы мен олардың мінез-құлқында неше түрлі ауытқулардың орын алуына алып келеді. Олардың ішінде ең көп тарағаны мінез акцентуациясы. Акцентуацияның белгілері: адамның ызақор болып, кейбір стресс факторларына өте қызу түрде реакция беруі. Сонымен қатар дәл өзіне тікелей қатысы жоқ факторларға немқұрайлы қарауы. Акцентуацияны көп психиаторлар психопатияның бастамасы деп түсінеді. Оларды шизоидты тип және эпилептикті тип деп екіге бөледі.

Психологиялық қызмет көрсету барысында балалардың мінез-құлқындағы осы ауытқулардың алдын алып, психопрофилактикалық жұмыс жүргізудің, отбасында бала жағдайын түсініп, кейбір өрескел мінездерін көрсетіп, оларға жас ерекшеліктерімен байланысты шатақ мінез көрсетіп жүргенін түсіндірудің маңызы өте үлкен. Бұл мәселені толық түсіну үшін балада орын алған акцентуацияның түрлерін нақты анықтап алу қажет. Оны анықтау үшін К.Леонградтың теориясына сүйене отырып жасалған және бұл мәселені зерттеуге кеңінен қолданылып жүрген классификациялардың бірі А.Е.Личконың ұсынысына жүгіне отырып келесі түрлері мен олардың сипаттамасын пайдалануға болады (сипаттамасы бірінші кітапта берілген).

Гипертимдік тип.Лабильдік тип.Сенситивтік тип.Шизойдтық тип.Эпилептоидтық тип.

Тұрақсыз тип.Астено-невротикалық тип.Демонстративтік тип.Циклоидтық тип.

Аффекті-экзальтациялық тип.

Психодиагностикалық зерттеу барысында осы жағдайларды тудырған себептерді анықтап, психологиялық кеңес беру немесе коррекция жүргізу туралы шешім қабылданады.

Кеңес беру жұмысында жиі кездесетін проблемалардың бірі-ата-аналардың өздерінің ересек балаларымен қарым-қатынастарындағы қиындықтарға шағымы. Әдетте мұндай шағыммен анасы келеді, бірақ кейде ата-ананың екеуі де, тіпті әке ғана келеді. Бұл мәселенің ерекшелігі олар өзінің көмек сұрауын балаларынан құпия сақтағысы келетіндігінде. Ата-аналар өздерінің проблемасы туралы әңгіме бастағаннан психолог шиеленісті «қатысушылардың күшімен», қосымша ақпарат алмай, аталған оқиғаға «кінәлі» адамдарды іздеместен, әр ата-ана балалармен өздері тіл табысып, мәселелерін өздері шешуге бағытталуы керектігін білдіреді.

 

Жасөспірімдерге тән мінез ауытқулары

Жасөспірімдерге психологиялық қызмет көрсету барысында оларды терең толғандырып және алаңдатып отырған кез-келген мәселені анықтауда келесі екі факторды ескеру қажет. Біріншіден, жас кезеңіндегі тұлғалық даму ерекшеліктері толық суреттеу, екіншіден, тұлғааралық қарым-қатынас процесін оңтайландыруға әсер ету. Бұл екі фактордың бір-біріне сай келуі кеңес беру және коррекция жүргізу стратегиясын адекватты құруға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер үлкендік өмірге жақындағандықтан олар өздерінің келбетін сәнді үлгілерге ұқсас етіп шығаруға тырысу әсіресе қыз балаларда өте көп уақыт алуы мүмкін. Балалар үшін сыртқы көріністері «балалық» түрде болмай, «ересектерге» ұқсас болғаны, кездесулер, дәстүрлі би, шарап болатын кештер өткізілгені маңызды бола бастайды. Мұндай жағдайларда жасөспірімдер алғашқы кезде өздерін көбінесе ыңғайсыз сезінеді: айтатын сөздері де болмайды, өздерін қалай ұстауды да білмейді. Дегенмен мінез-құлықтың, қарым-қатынастың, көңіл көтерудің белгілі бір формасын сақтауға тырысады. Көптеген балалар студенттерге қарап бағдарланады, кинодан, теледидардан, көшеден көргендеріне еліктейді. Жасөспірімдер әкесінің, ағасының, жақын танысының үлкендік қасиеттерін мақтан етеді, оларға ұқсауға тырысады, олардың қасиеттері туралы сүйсіне әңгімелейді. Сонымен қатар балалардың өздерінің арасында күштілігімен, батылдығымен, ептілігімен, спорттық іскерліктерімен көзге түсетін құрдастары да жасөспірімдерге үлгі болуы мүмкін.Мұндай балалар өте-мөте белгілі болады, ал мұның үстіне олар жақсы жолдас болса, олардың беделі өте жоғары болуы мүмкін. Қорқақтықтың көріністері үзілді –кесілді айыпталады. Өзінің батылдығын көрсету үшін жастар шектен асқан істерге, ал кейде қоғамдық жағымсыз істерге де тәуекелге баруы мүмкін. Осы кезде дене күші ерекше жоғары бағаланады. Кейде сыныпта немесе бір топ балалардың ішінде кімнің күші кімнен асып түсетінін біледі және ол күштілерге басқалары тәуелді болып жүреді. Әсіресе ұл балалар өздерінің дене күшінің өсуіне өте сергек қарайды. Олар күресіп, күш сынасқанды жақсы көреді. Күрестің алуан түрлері жұрттың алдында өтеді. Кейбір балалардың төбелес қойлығы көбіне басқалардан күшті екенін дәлелдеуге тырысумен байланысты орын алады. Балалар өзінің күшін, еркін, батылдығын дамыту үшін әр түрлі жаттығулар жасап, спорт түрлерімен шұғылданады. Егер осы жолда балалар сәтсіздікке ұшыраса олардың көңілдері суып, өзінің бұл сәтсіздікті жоюға мүмкіндігі бар екеніне сенімсіздік туғызуы мүмкін. Бұл уақытта балаларға үлкендердің, әсіресе ата-ананың көмегі өте қажет болады. Үлкендер оларға жаттығуларды орындаудың дұрыс амалдарын, тұрақты жасалған жаттығудың дене күшін жетілдіруге тигізетін пайдасын түсіндіріп, тиімді әдістерді табуға көмектесуі керек.

Көптеген балауса қыз балалардың атам заманнан ерлер қасиеттері деп саналатын жігерлілік, батылдық, қажырлылық, ұстамдылық, т.б. қасиеттерге жеткісі келетінін атап айту керек. Ер балалар сияқты олар да өздерінде осындай қасиеттерді тәрбиелейді. Әйелге тән қасиеттер қазіргі қыздар мен бойжеткендер үшін әрқашан тартымды деуге болмайды. Мұның өзі әйелдің қоғам өмірі мен отбасындағы жағдайының өзгеруіне байланысты. Қоғамдық мұратта бейнелердегі өзгеріс осыдан келіп шығады, ал бұлар өз кезегінде қыз балаларда ұнамды қасиеттер туралы түсініктің қалыптасуына ықпал жасайды. Қыз баланың мұра тұтқан бейнесінің мазмұны оның алған тәрбиесі мен ортасының нақты ерекшеліктеріне де едәуір байланысты болады.

Жасөспірімдік жас кезеңіндегілердің іс-әрекеттерінің мазмұны жағынан ересектердің еңбектерімен теңеседі (міндеттерді орындау сапасы бойынша және іскерлікті меңгеру жағынан). Жоғары сынып оқушыларына әкесі, шешесі, мұғалімі, кез-келген үлкен адам әр түрлі қиын тапсырмаларды сеніп береді. Отбасы өмірінде жасөспірімдерге шаруашылық жұмыстардың бірсыпырасы, кішкентай балаларды бағып қағу жүктеледі. Балаларға қатысты ол іс жүзінде ересек адамның орнында болады. Ата –анасының арасындағы ұрыс-керіс, материалдық тапшылық қабаттасуы мүмкін, мұндай жағдайларда балалар отбасының қамқоршысы, асыраушысы нормалары бойынша өмір сүретін кездері де кездеседі. Ересектермен қатар және теңдей еңбекке қатысу, олардың тарапынан жауапкершілік, дербестік, оңтайлылық сезімін, әр түрлі істер мен міндеттерді орындау барысында олар басқалар туралы ойлап, қамқорлық жасау, сезімталдық пен ілтипаттылық қасиеттерін қалыптастырады. Жақын адамдардың игілігі, олардың қамын ойлау жас бала үшін ерекше маңызды болып, өмірлік қазына сипатын алады. Бұлардың барлығы баланың адамгершілік сенімдерінің, болашаққа жоспар құруының ерте бастан қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды. Болашаққа арналған жоспарлар құрғанда жақындарының қамын ойлау көп орын алады. Көптеген ер балалар ересектердің әр түрлі іскерліктерін - ағаш және темір ұсталығын меңгеруге, станокта жұмыс істеуге, автомашина, мотоцикл жүргізуге, фотосурет түсіруге, мылтық атып, аң аулауға, компаспен бағдарлануға, компьютерлік техниканы меңгеруге, т.б. ұмтылатынын атап айту керек. Қыз балалар да олардан қалыспай, тек әйелдер іскерліктерін ғана меңгерумен шектелмейді. Жастық шақтың басы – осындай іскерліктерді үйретуге ең қолайлы уақыт. Бұл үшін балаларды ерте қолқанат ретінде ересектердің тиісті кәсіптерінде пайдалану қажет. Балалардың өздері де осыған ұмтылады, ересектердің оларға сенім көрсеткенін ұнатады, оны ақтауға тырысады. Үйірмелер мен еңбек сабақтарындағы жұмыс балалар үшін неғұрлым көп жаңалық ұсынса, ілгерілеушілік болса, олар өз еңбегінің нәтижесін, оның қоғамға пайдалылығын айқын көрсе, соғұрлым тартымды болады.Балалар үшін ересектердің көмекшісі рөліне әбден риза, ал олар, уақытша болса да, ересектердің орнын толық ауыстырып, мүлдем дербес іс-әрекет жасауға ерекше қуанышты болады. Бұл жағдай жасөспірімдерді жаңа жетістіктерге ұмтылдырады.

Үлкендік позицияның дамуындағы мазмұнды бағыттардың бірі –болашақты жоспарлаумен байланысты. Ол жоғарғы сынып оқушысының бір нәрсені шын мәнінде танып-білуге ұмтылуынан барып өседі. Мұндай іс-әрекеттің ғылымға, техникаға, өнерге, білімнің бір немесе бірнеше саласына қатысты болуы мүмкін және кәсіптік ниеттермен әрдайым байланысы бола бермейді. Әуестену құштарлық сипатта болып, ондайда бірқатар уақыт (бос уақыт қана емес, сабақ даярлауға қажетті уақыттың да) сол өзіне ұнамды іспен шұғылдануға кетеді. Қайсыбір іске ынталы бала өте белсенді болады: қажетті кітаптарды, материалдарды, аспаптарды іздестіріп, оларды пайдаланудың әр түрлі тәсілдерін игереді. Балалар әр түрлі мәселелерді талқылайды, кітаптармен, материалдармен алмасады, әр түрлі қиыншылықтарда ақыл –кеңес пен және іспен бір-біріне жәрдемдеседі. Ықыластанған білімді табу немесе сәтсіздіктің себебін анықтау үшін олар кітаптар мен анықтамаларды қарайды. Мұның өзі ынта-ықылас пен нәтижелі іс-әрекеттің дамуындағы өте маңызды қадам: жаңа білімдерді қажетсіну дербес, яғни өздігінен білім алу арқылы қанағантандырылады. Бұл дербес іс - әрекеттерде кейде шығармашылық элементтер болады, оның жаңа нәрсе жасау процесі және жалпы алғанда танымдық әрекеттің өзі әуестендіреді. Бұл баланың интеллектуалдық дамуына ықпал жасап, білімін тереңдетеді, ол білімді пайдалану жолдарын үйретеді.

Танымдық мүдделердің басым бағыттылығы жеткіншектік шақта қалыптасады. Кейде нақ осындай жағдайда бастауыш мектеп шағында немесе жеткіншектік жастың басында тиянақты кәсіптік ниеттер қалыптасады, болашаққа даярлану жөніндегі іс-әрекет басталады. Кейбір жағдайларда балалық ойын, өздігінен білім алу және өзін-өзі тәрбиелеу элементтерімен өзінше ұштасады: белгілі бір мамандық туралы арман, бір жағынан, әр түрлі рөлдер болатын ойындардың мазмұнында және таңдап алынатын рөлдерде бейнеленеді, ал екінші жағынан, мүдделер тобын анықтап, белгілі бір білімге, іскерлікке, қасиеттерге жетуге ынталандырады. Жоғары сыныптарда осы қызығушылығын нығайтатын білімнің әр түрлі салаларынан сабақ беретін мамандар ақыл-кеңес беріп, балаларды едәуір көп білім алуға, дербес жұмыс істеуге үйретуі керек. Олар білімге және таным процесіне өздері үшін маңызды әрі қажетті деп қарайды. Бұл жағдайлар көбіне ата-аналар балалардың таным әрекеттеріне үлкен көңіл аударғанда орын алады.

Жасөспірімдерге психологиялық қызмет көрсету барысында бұл жас кезеңінде орын алатын мінез ауытқуларының түбірі кіші мектеп және жеткіншек жас кезеңдерінде жатқанын ескере отырып, ең алдымен олардың психологиялық сферасының дамуында қарама-қайшы келетін себептер анықталады. Ол себептерді ортақ көрсеткіштері бойынша топтастырып талдауға болады.1.Жасөспірімдердің барлық психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша дамуының аяқталмағандығы;

-өзінің сыртқы көрінісін менсінбеуі, сұлу емеспін деп сезінуі;

-эмоционалды сфераның тұрақсыздығы;

-жүйке жүйесі функциялары әлі қалыптасу үстінде болуы;

-ситуативті мазасыздану дәрежесінің тұрақсыздығынан дискомфортты сезінуі;

2.Жасөспірімдердің таным процестерімен байланысты жеке дәрежесінде олардың қалыптасуына кедергі келтіретін саналы және санасыз себептердің ішінен мыналардың әсері терең:теориялық ойлау дамуының кедергіге ұшырауы;

мағыналы ес дағдыларының жетімсіздігі;

оперативті ес көлемінің тапшылығы;

зейіннің негізгі компоненттерінің дамымағандығы;

қиялдың шындыққа сай келмеуі;

жекелік мазасызданудың жоғарылығы;

бірінші немесе екінші сигналды жүйенің шектен тыс дамуы;

ерік сферасының қалыптаспағандығы, т.с.с. себептерді айтуға болады.

Жоғары сынып оқушыларының жеке тұлғалық қасиеттерінің объективті және субъективті дәрежелері келесі жағдайларға байланысты көрініс береді:

өзін -өзі басқара алмайтындығы;

өзін бағалау мен талпыну деңгейінің бейадекваттылығы;

дүниетанымының жағымды эталондары мен идеалдарының қалыптаспағандығы.

4.Жасөспірімдердің микротоптық деңгейдегі бір – бірімен қарым-қатынастарынан туатын қиындықтары:

- отбасы мүшелерімен қарым-қатынасының қалыптаспағандығы;

- мұғалімдермен қарым-қатынасына көңілі толмауы;

- қарым-қатынас дағдысының қалыптаспағандығы (үндеместік, ұялшақтық, мылжыңдық);

- жоғары адами сезімнің, достық және махаббаттық қатынастың нақтылығын бейадекватты түсінуі;

- эгоистік тенденцияның анық байқалуы;

- ақиқаттағы шындықты теріс түсінуі;

- ашық сыншылдық скептицизмнің орын алуы;

- ересектердің талаптары мен позицияларын қабылдамауы;

- өзін басқаларға көрсету тенденциясының анық байқалуы;

- айналадағылармен қатынас кезінде жасөспірімдік максимализмнің орын алуы.

5.Жасөспірімдердің әлеуметтік ортаға адаптациядан тез өтіп, барлық жағдайға тез бейімделуге қиналатындығына алып келетін себептер:

- өмірдің мағынасын түсінуінің төмендігі және өмірлік жоспарының болмағандығы;

- мемлекеттік және қоғамдық өмірге қатынасуының төмендігі мен саяси белсенділігінің болмауы;

- түрлі еңбектерге деген көзқарасы және меңгерудегі шынайы мүмкіндіктері;

- кәсіби қызығушылығы және мамандық таңдау мотивінің қалыптаспағандығы;

- оқуы мен кәсіби қызығушылығының сай келмеуі;

- міндеттілікті сезінбеуі және әлеуметтенуге тырысуының төмендігі,

Бұл жағдайларды анықтауға бақылау, әңгімелесу, социометрия, референтометрия, «аяқталмаған сөйлем», топтық дискуссия сияқты таным процестерінің ерекшеліктерін бағалау және дамыту әдістемелері, коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілетін, қарым-қатынас мәдениетін бағалау әдістемелері пайдаланылады. Сонымен қатар факторлық талдау, интеллектуалдық қабілетті анықтау, мамандық таңдау мотивациясын Е.Климов, М.Краун шкалалары бойынша талдау, т.с.с.әдістемелер қолданылады.

 

Ата-аналардың балалары туралы шағымдары

 

Ата-аналардың балалары туралы жасайтын шағымдарын шартты түрде төрт топқа бөлуге болады:

Балаларымен байланыстарының болмауы: олардың қалай өмір сүретінін, неге қызығатынын түсінбеуі, балаларының сырласпауы, бірлесе отырып сөйлесудің, мәселені шешу жолдарын талдаудың мүмкінсіздігі, өзінің ата-аналық қажетсіздігін, сәбиінің бөтендігін сезінуін және т.с.с. Мұндай проблеманы клиенттерге т «мен оны мүлдем түсінбеймін» немесе «мен балам туралы ешнәрсе білмеймін, ол қайда барады, не істейді, достары кімдер» немесе «Ол маған өзі жайында ешнәрсе айтпайды, жоспарларымен бөліспейді, сенім білдірмейді» және осы секілді шағымдық әңгімелер тән.

Балаларының ата-аналарын сыйламаушылығы, менсінбеушілігі, оларға дөрекілік көрсетуі, тік мінездік қарым-қатынасы, олардың шамалы нәрсеге бола дау-дамай шығарып, шиеленіс жағдайлар туғызуы. Балаларымен мұндай қатынаста болатындардың шағымдары «Ол үнемі маған дөрекі сөйлейді», немесе «Ол менімен мүлдем санаспайды, үйде ешнәрсе істегісі келмейді, барлығын маған жүктеп қойып ешнәрсеге көмектеспейді», «Мені менсінбейді, сұрақтарыма тек мысқылдап жауап береді» секілді болады.

Ата-аналардың көзқарасы тұрғысында өмір сүріп, олардың айтқан ақылдарын орындап жүрмейтін балалары туралы байбалам. Көбіне бұл жерде ата-аналар өздерінің балаларын бақытсыз, адасқан, жолы болмайтын, жалғыз және т.б. сәтсіздікке ұшырап жүрген адам ретінде қабылдайды. Ата-ананың осы позициясы психологиялық кеңес алуға негіз болады. Шағымдар, әдетте, былайша сипатталады: «Менің балам музыкамен шұғылданғысы келмейді, барлық уақытын компьютер алдында өткізеді. Ол адамдармен сөйлесуді де ұмытып қалады ма деп қорқамын», «Менің балам мотоциклистермен қосылып алған, оқуы нашар болмаса да оның болашағынан қауіптенемін. Айтқаныма көнбейді», «Менің қызымның күйеуімен қарым-қатынасы өте нашар, мен оған отбасылық қатынастарын жөндеуге көмектескім келеді, бірақ мұны қалай істеуімді білмеймін» немесе «Менің ұлым үш жыл оқыған институтын тастап кетті, енді оның болашағы қандай болатынына көзім жетпейді. Ол жаман жолға түсті ме деп қорқамын».

Балаларының стандартты емес, кейде асоциалдық өзгермелі мінез-құлқымен байланысты проблемалары: «Менің ұлым қаңғыбас болды. Ешқандай себепсіз үйден кетіп қалады да, бірнеше күн тентірегеннен соң үйге қайтып оралады. Ол мектепті де тастап кетті, «Менің қызым есірткі заттарын қолданады, оған қалай көмектесуге болады?», «Менің ұлым ұрлықпен айналысатын топтың мүшесі, не істеуіме болады?»

Әрине, ата-аналардың шағымдары қандай болмасын, психологтың бірінші міндеті – проблемаларды шешу, ата-аналардың шағымдары мен бағалары шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін анықтау, проблеманы талдау арқылы өзінің диагнозын қою. Бұл үшін өте тиімді жол – нақты фактілерді жинау. Бәрінен бұрын қабылдауға келген ата-ана өз тарапынан қосымша сұрақтарсыз барлығын өзі айтып беретін сөзге шебер клиент болуы мүмкін. Соның өзінде мәлімет толық және ақиқатқа сай келуі қиын, сондықтан психолог көптеген қосымша сұрақтардың көмегімен қажетті нәрселерді анықтайды. Ал клиент аз сөйлейтін, сыр сақтайтын адам болса одан нақты оқиғалар туралы ақпарат алу үшін баланың жалпы мінез-құлқы, ата-аналарымен қатынастары қалай жүретіндігі, олар бір-біріне не айтатындығы жөнінде, ұрыс-қағыстың неліктен және қалай туатындығы туралы, мазасыздық пен күдіктік негізі неде екендігі жайында арнайы сұрақтар беруге тура келеді.

Келешектегі кеңес беру немесе коррекция жүргізу іс-әрекеттері туралы болжам жасауға мүмкіндік беретін дәл және нақты психологиялық диагноз қоюдағы маңызды нәрселер мыналар болып табылады:

а) ата-ананың баласы туралы беймазалануының себебі неде, олардың тыныштығын жоғалтуының себебі қаншалықты ақиқатқа сай келетіндігін, маңызды екенін анықтау, басқаша айтқанда бала «нормадағы қалыпта» болып табылады ма, яғни оның қиындықтары, шеше алмай жүрген мәселелері, өзіне тән ерекшеліктері тәуелсіздікке ұмтылыстары, өмір туралы түсініктері шынында ауытқулармен сипатталатын болып табылады ма;

б) ата-ананың балаға көзқарасы, өмірлік ұстанымдары шынында қандай екендігі, ата мен баланың тіл табыса алмай жүруінің негізінде қандай проблеманың жатқандығын түсіну.

Екі жақтың да позициялары дұрыс болатын оқиғалар жиі кездеседі. Сонымен қатар баланың өзіне сенімсіздігі, сәтсіздікке ұшырауы ата-ана ұстанымының дәлсіздігіне байланысты бала өмірінде неше түрлі қиындықтар мен проблемалар орын алуына негізделген болуы мүмкін. Бірақ кеңес алуға келген клиент ата-ана болғандықтан, кеңес берушінің басты назары оның жүйке күйзелістерін шешуіне көмектесуге, бала үшін күйзелуі қаншалықты дұрыс екенін анықтауға бағытталуы керек.

Кеңес беруге негіз болатын қақтығыстар мазмұны

Конфликт (лат. Conflicts) –қақтығыс, дау-жанжал, ол мақсатқа бағытталған, қызығушылыққа, ұстанымға, оппоненттің көзқарасына, субъектілердің өзара іс-әрекетіне бағытталған қақтығысы, қарым-қатынас кезіндегі дау-жанжал, келіспеушілік.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: