Тарау. Саяси социология 18 страница

 Қоғамдық бірлестіктердің шығу тегі, құрамы, құрылымы және нысандары;

 Мемлекет-қала, қалалық (мемлекеттік) бірлестіктің ерекшеліктері мен тіршілігі;

 Мемлекет және оны басқару нысандары;

 Адамның қоғамдағы орны мен міндеттері, оның функциялары қоғамдық құбылыс ретінде, еңбек қызметі, парасаттылық және тәрбие мәселелері;

 Мемлекеттік бірлестіктің түпкілікті мақсаты, бақытқа жетудің жолдары мен тәсілдері.

Көтерілген мәселелердің мазмұны мен құрылымының өзі әл-Фарабидің азаматтық қоғам проблематикасымен үндесетін адам мен қоғамның өзара байланысы проблемаларын, олардың құқықтары мен бір-біріне қатысты міндеттемелерін әлеуметтік ілімінің өзегі етіп алғанын растайды.

Әл-Фараби “азаматтық ғылымның міндеттеріне шынайы бақытқа жетелейтін өнегелі қылықтар мен ізгілікті әрекеттер белгілі бір саяси (мемлекеттік) ұйым арқылы қалай іске асатынын сипаттау жатады. Ұйым басшысының негізгі міндеті осындай қылықтар мен әрекеттерді айқындау және оларды сақтау жөніндегі шараларды іске асыру болып табылады” деп атап өтеді [12].

Шынайы бақытқа қол жеткізудің негізгі жолдары ізгілік, жан тазалығы, игілікті қылықтар болып табылады, ал бұған қарама-қарсы әрекеттер - жамандық пен жетілмегендік. Адамда ізгіліктің, жан тазалығының және т.б. болу тәсілі қалаларда белгілі бір тәртіппен пайда болуы, таралуы және бірлесе жүзеге асуы мүмкін. Басқа сөзбен айтқанда, дәл осы оңтайлы әлеуметтік ұйым адамдағы ізгіліктің дамуына жағдай жасайды.

Әл-Фараби қоғамның шығу тегі туралы өзінің қайталанбас тұжырымдамасын ұсынады: “Әрбір адам өзінің жаратылысында тіршілік етуі және кемелдікке жету үшін жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын және қол жеткізу үшін әрқайсысы оған жеке-жеке оның қажет еткен нәрселер жиынтығының қандай бір нәрсесін жеткізіп беретін кейбір адамдардың қауымдастығын керек ететін көптеген нәрселерге мұқтаж боп жаратылған. Бұл ретте әрбір адам бір-біріне қатысты дәл сондай жағдайда болады. Міне, осылайша әрбір адам басқа адамға оның өмір сүруі үшін қажетті нәрсенің кейбір үлесін беретін бір-біріне көмектесетін көп адамдардың бірлестігі арқылы ғана адам өзінің жаратылысындағы жетуі тиіс кемелдікке ие бола алады. Мұндай қауымдастықтың әрбірінің қызметі өз жиынтығында оның әрқайсысына өмір сүруге және кемелдікке жетуге арналған қажеттіліктерін береді” [13]. Осылайша, әл-Фараби адам қоғамының шығу тегі туралы табиғи теорияны ұсынады - адам тек қана басқа адамдармен өзара байланыста өмір сүре алады және болғанда ғана моральдік кемелдікке жете алады.

Бұл позиция XVІІ - XVІІІ ғасырлардағы еуропалық философтар мен ағартушылардың дүниетанымдарымен көп жағдайда ортақтасады, атап айтсақ, қоғамның шығу тегі осыған ұқсас түсіндірілетін Руссоның “табиғи келісім-шарт” туралы ілімімен ортақ.

Әлеуметтік ұйымның құрылымында әл-Фараби ұлы, орта және шағын қоғамды бөліп қарайды. Ұлы қоғам - жерді мекен еткен барлық адамдардың, халықтардың бірлестігі; орта қоғам - қандай да бір жеке халықтың немесе ұлыстың қоғамы; шағын қоғам - қала қоғамы. Қала жетілген қоғамның бірінші сатысы болып табылады және қандай да бір халықтың мекендейтін жеріндегі белгілі бір бөлігінде болады. Демек, халық қалалық бірлестіктерге бөлінеді, ал барлық адамзат қоғамы халықтарға бөлінеді. Әл-Фараби қала-мемлекеттерді ізгі немесе ғажап және тұрпайы деп бөледі. Әл-Фараби ізгі қала-мемлекеттерді барлық органдары тіршілік иесінің өмірін сақтау және оны неғұрлым толыққанды ету үшін бір-бірімен өзара байланысты және бір-біріне көмектесетін адам организмімен салыстырады. Әл-Фарабидің көзқарасы бойынша қала-мемлекеттің барлық мүшелері адам организміндегі сияқты тұтастыққа қатысты алғанда әр түрлі, бірақ бір-бірін толықтыратын міндеттерді атқара отырып бір-біріне тәуелді болады. Бұл мемлекетте ізгілік пен әділеттілік үстемдік құрады, ал әділетсіздік пен зұлымдық айыпталады.

Шынайы бақыт туралы түсінік жоқ және оған ұмтылмайтын, тек тәннің саулығына, байлыққа және рахаттануға ғана көңіл бөлінетін қалалар тұрпайы болып табылады.

Әл-Фараби ізгі қалада оның тұрғындарының күрделі сословиелер иерархиясы болады деп ұйғарады - “әркім өз ісімен айналысады”. Дегенмен де, мұндай иерархияның негізіндегі нәрсе - әрбір нақты адамның қабілеттері, ең алдымен ақыл-ой қабілеті, сондай-ақ тәжірибе мен ғылымдарды зерделеу процесінде алған білімдері.

Мемлекеттің ішкі міндеті әл-Фарабидің ойынша оның тұрғындарының шынайы бақытқа қолын жеткізетін қажетті мынадай шараларды жүзеге асыруды қамтиды: әділдік орнату, халық ағарту, оларды болмыс туралы негізгі ғылымдарға оқыту, өнегелілік және интеллектуалдық тәрбие, бақытқа қол жеткізетін игілік пен ең жақын әдет-ғұрыптарды тарату. Қалған барлық - экономикалық, саяси және т.б. проблемаларды шешу халықтың рухани саулығына, оның рухани кемелдігінің дәрежесіне тәуелді. Бұл көзқарастар әл-Фарабидің азаматтық қоғам идеяларына жақын позициясын да сипаттайды.

Өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастарында әл-Фараби демократияға деген белгілі бір қатынастарын да көрсетеді. Барлық тұрпайы мемлекеттердің ішінен ізгілікке ең жақыны тұрғындары барынша тең еркектері әйелжанды, әйелдері еркекжанды болып келетін қала деп есептеді. Әл-Фараби бостандық пен тең дәрежелілікті қоғамдық өмірдің ерекше құнды қасиеттері деп есептеді, бірақ сонымен қатар жалпы бақытқа анархияны тұқыртып, ізгі қасиеттердің дамуына жағдай жасауға қабілетті берік мемлекеттік басқарусыз қол жеткізу мүмкін емес деп ұйғарды.

Әл-Фараби басқарудың үш нысанын бөліп қарады, олар монархиялық, аристократиялық және феодалдық-демократиялық болып сипатталады. Фараби басқарудың үш нысанын да тең дәрежелі, бір мақсатқа - халық ағартуға, халық үшін жалпы игілікті әл-ауқат пен бақытты өмір орнатуға қызмет етеді деп есептеді. Әл-Фарабидің бұл көзқарастары белгілі бір дәрежеде азаматтық қоғамның теориялық алғышарттары тұңғыш рет неғұрлым айқын тұжырымдалған Ш.Монтескьенің “Заңдар рухы туралы” кітабында баяндалған басқару нысандары туралы іліміне ұқсас.

Әл-Фарабидің әділеттілік табиғатын ұғынуы көп жағдайда азаматтық қоғамның мәнімен ортақ. Бұл қасиетті әл-Фараби қоғамдық өмірдің нормасы деп есептеді және қаланың барлық тұрғындары пайдаланатын ортақ игіліктердің бөлінісі және олардың арасындағы бөлінген нәрселердің сақталуы деп түсінді. Бұл игіліктер әл-ауқат, байлық, құрмет және оларға қатысты жағдайлар мен өзге де игіліктер болып табылады. Қалалықтардың әрбірі осы игіліктердің өздерінің сіңірген еңбектеріне тең үлесіне ие, онда ол үлес аз болса, бұл оған қатысты әділетсіздік, ал көп болғанда - қала тұрғындарына қатысты әділетсіздік болады. Яғни, әл-Фараби бойынша - бұл мүмкіндіктер мен бөліністің теңдігі.

Орта ғасырлардың көрнекті ойшыл және жаратылыс зерттеушісі ӘЛ-БИРУНИ (973 - 1048 жылдар шамасы) өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастарын әр түрлі халықтардың, үнділердің, гректер мен арабтардың мәдениеттерін зерттеу және қатар қою арқылы көрсетті. Ол әр түрлі мәдениеттер өздерінің ең жақсы жақтарымен гуманистік құндылықтарға бейімділіктерді біріктіреді деп ұйғарды. Ол ислам діні мен индуизмнің философиялық негіздерінде принципті айырмашылықтар жоқ деп есептеді. Әл-Бируни барлық діндерді өздерінің дүниетанымдық алғышарттары бойынша тең дәрежелі деп тапты.

Әр түрлі діндердің бірлігін негіздеу гуманистік құндылықтардың әмбебаптығы туралы ұғымға, ал сайып келгенде барлық халықтардың тең дәрежелілігін түсінуімен тікелей байланысты.

Көрнекті ғалым және философ ИБН-СИНАНЫҢ (Авиценнаның, 980 - 1037 жылдар шамасы) [14] қоғамдық-саяси көзқарастары адамның жердегі орнын гуманистік ұғынуымен тығыз байланыста қалыптасты. Ибн-Сина өз заманындағы феодалдық қоғамды едәуір дәрежеде кертартпалы, адам бостандығын шектемейтін деп есептеді. Ибн-Сина феодалдыққа қарама-қарсы жетілген мемлекет деп ғылымдары гүлденген мемлекетті есептеді. Ол әр түрлі халықтар мен мемлекеттер арасындағы тығыз байланыс болу қажет деп есептеді.

Ибн-Сина былай деп ұйғарды: “адам өзінің жеке басының қажеттіліктерін басқа адамдармен қарым-қатынассыз қанағаттандыра алмайды. Егер де әрбір адам бәрін өзі істесе, онда қайсысының иығына ауыр, шамасы жетпес күш түсер еді. Демек, адамдар арасында келісім қажет” [15].

XІІІ ғасырдағы араб философы ИБН-РУШД (Аверрех) ізгі қоғам мен тирания - бір-біріне сыйыспайтын нәрселер деп есептеді. Әділеттікті философ биліктің тірегі, ал қанауды оның жарасы деп атады. Өз кезегінде әділеттік шынайы білімнің, ал - қанау надандықтың жемісі болып табылады. Ибн-Рушд адамды қоғамдық жануар және ол қоғамның басқа мүшелерімен өзара байланыста және ынтымақтықта ғана әл-ауқатқа қол жеткізе алады деп есептеді.

Ибн-Рушдтің әйелдердің жағдайы туралы ой-тұжырымдары қоғамдағы адамдардың тең дәрежелілігі туралы ұғымның дамуына қосқан елеулі үлес болып табылады. Ол бұл мәселеде өз заманындағы қоғамдық құрылысты сынға алды. Ол былай деп атап өтеді: “біздің әлеуметтік құрылысымыз әйелдерге өз қабілеттерін танытуға мүмкіндік бермейді; біздіңше ол бала тууға және оны тамақтандыруға жаралған сияқты және оның құлдық (күңдік) жағдайы ондағы қандай да бір парасаттылыққа деген мүмкіндігін жойып жіберген” [16]. Осылайша, Ибн-Рушд барлық адамдардың тең дәрежелілігін олардың қабілеттерін ашудың алғышарты ретінде жақтады.

XІV - XV ғасырлар белесінде өмір сүрген ИБН-ХАЛДУН (1332 - 1406) [17] математиктердің арасынан бірінші болып қоғам дамуын талдады. Ол әр түрлі қоғамдардың құрылысындағы айырмашылықтардың себептерін айқындады. Себептердің бірінші түрі - бұл психологиялық құбылыс, ол сезімтал, әрбір отбасындағы және тайпадағы жеке мүшелері мен топтарын байланыстыратын себептердің сипатын анықтайды. Екінші түрі - экономикалық құбылыс, табиғи және географиялық жағдайлармен, еңбек, қолөнер және өнер бөлінісімен байланысты болады. Себептердің үшінші түрі - саяси құбылыстар, яғни билікке иелер мен билікке бағынатындар арасындағы қарым-қатынастар, меншік құру, өкіметтің, мемлекеттің пайда болуы. Ибн-Халдун қоғамның экономикалық дамуының нұсқалары туралы бірқатар долбарлар айтқан. Ол адам өндіруші және меншік иесі болған кезде ғана қоғамдық тіршілік иесі болады деп түсінді.

Ибн-Халдун адамның әрекеттерін табиғи, материалдық қажеттіліктерге негізделген әрекеттермен байланыстырып қарастырады. Ол былай деп атап өтеді: “адамдардың ерекшеліктері қоғамдық өмір болып табылады. Бұл бірлескен өмір, қалада немесе ауылды жерлердегі бірлескен қоныстану, бұл адамдардың бірігуге, адамдардың өздерінің қажеттіліктерін бірлесе қанағаттандыруға деген бейімділіктерімен түсіндіріледі, өйткені адам табиғатына өмір сүрудің қажетті құралдарын алуға бір-біріне көмектесуге ұмтылу тән [18]. Ибн-Халдунның ойынша қоғамдық өмірдің негізін адамдардың өндірістік қызметі, олардың өзара көмектері, өзара әрекеттестігі құрайды. Осы екі фактор адамдардың өмір сүруіне және дамуына мүмкіндік береді. Өндірістің өсуі мен артық азық-түліктің жинақталуы қоғам прогресінің басты факторлары болып табылады.

Ибн-Халдун қоғам мен мемлекетті ажыратып қарады, олардың ара-қатынастары мен дамуының заңдылықтарын айқындауға тырысты. Оның тұжырымдамасына сәйкес адамдар қоғамды тіршілікке қажетті құралдарды бірлесіп өндіру үшін құрған, өйткені бір адамның қабілеті оның тамақтануға деген қажеттілігін қанағаттандыруға жеткіліксіз. Еңбек бөлінісі - бірігудің ең алғашқы факторы; бірлесуге деген басқа себеп - сырттан төнетін қауіп-қатерден қорғану және қоғамдарға біріккен адамдардың өздерінің алакөздік табиғатының пайда болуынан жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қоғамға климат пен басқа да табиғи факторлар ықпал етеді, бірақ ең бастысы - шаруашылық нысандары, өндіріс тәсілдері. Осыған байланысты Ибн-Халдун қоғамның екі кезеңін (күйін) бөліп қарайды:

1) қарапайым немесе “ауылдық”. Бұл кезеңде адамдар тек қажеттілерді ғана өндіреді және бұл ұйымның алдында азық-түлік бөлінісі проблемасы мүлде болмайды. Қоғамның нысаны толық тең дәрежелілік негізіндегі қандас туыстар ұйымы болып табылады.

2) өркениетті немесе “қалалық” (қолөнердің, сауданың, ғылымның, өнердің дамуы). Еңбек бөлінісінің дамуы және көптеген адамдардың күш-жігерлерін біріктіруі молшылық пен астамдық өндірісін тудырады, ол теңсіздік пен мәжбүрлеуге негізделген ұйымның пайда болуына әкеп соғады. Екінші кезеңге, әміршілік (қоғам) (билік-меншік) сәйкес келеді.

Ибн-Халдун әл-Фарабимен мемлекеттің мәні туралы мәселе бойынша пікір таластырады, оның әл-Фарабиден айырмашылығы ол оны келісім-шарттың немесе келісімнің негізінде пайда болған адамның жасанды туындысы емес, ұдайы қозғалыс пен дамуда болатын қоғамның табиғи дамуының қажетті күрделі және қарама-қайшылыққа толы өнімі деп қарады. Ибн-Халдун мемлекеттің де адамдар сияқты өз өмірі бар деп ұйғарды. Олар өседі, дамиды, толысқан жасқа жетеді және құлдырай бастайды. Бұл түрленулер адамдардың озбырлығынан емес, объективті себептер бойынша болады. Осылайша, Ибн-Халдун кез келген мемлекеттің күйреуі болмай қоймайды деген қорытынды жасайды, оның орташа жасын ол 120 жыл деп анықтайды және де тиісінше билеуші династияның үш буыны алмасады: бірінші буынға тағлым қарапайымдылығы мен салыстырмалы түрде алған тең дәрежелілік тән; екінші буын үлде мен бүлдеге оранған, теңсіздік пен өзара жауласу жағдайында өмір сүреді, қорқақ, өзін-өзі қорғай алмайды, жалдамалы әскер мен күзетті қажет етеді; үшінші буын кезінде түпкілікті азғындайды, мемлекет күйрейді, ұсақ мемлекеттерге бөлініп кетеді немесе басқа мемлекет басып алады.

Орта ғасырлардағы Шығыс келесі ұрпақтарына орасан мол мұра қалдырды. Шығыстың әлеуметтік-философиялық ойының дамуы барысында адам тұлғасының құндылығы, қоғамның барлық мүшелерінің заң алдында бірдей болуы, білімнің құндылығы және халық ағарту, басқарудың демократиялық жүйесі сияқты азаматтық қоғам үшін іргелі идеялар біртіндеп қалыптасты. Араб философтары діни қасаң қағидалардың сөзсіз беделіне күмән тудырды. Өткен ұлы ойшылдар Араб Шығысының ғана емес, Еуропаның да шығармашылық біліміне өлшеусіз үлес қосты: көрнекті шығыс ойшылдарының әлеуметтік ой-пікірі белгілі бір дәрежеде Жаңа Дәуірдегі еуропалық философтардың көзқарастарын алдын ала болжап қойғандай еді (Фарабидің қоғамның пайда болуы мен мемлекеттік басқару нысандары тұжырымдамасы).

Жаңа дәуірдің социологиялық ойлары

Жаңа дәуір - XVІ - XІX ғасырларды қамтитын үлкен тарихи кезең. Бұл кезеңде Еуропада буржуазиялық тәртіп орнады. Осы кезеңдегі еуропалық философияны классикалық деп атайды, өйткені қарқынды дамыған жаратылыстану мен математиканың ықпалымен философиялық зерттеулердегі таным теориясы мен әдістеменің рөлі артты, тәжірибелік-саяси бағыттылығы күшейді және философияның теологиялық қызметі әлсіреді, философияның әлеуметтік базасы мен философияшылықтың стилі өзгерді, оларды тұтас топтар мен таптар біртіндеп игере бастады.

 

Қайта өрлеу дәуірі

 

Қайта өрлеу дәуірін (XV - XVІ ғасырлар) әлеуметтік ой дамуының жаңа кезеңі деп есептеуге әбден болады. Адамға және мәдениетке қатысты теология үстемдігінен бостандық алу әлеуметтік-саяси теориялар жасау саласында да толық көрініс тапты. Адам, оның бостандыққа, бақытқа және теңдікке деген құқықтары жердегі өмірдің жоғарғы құндылықтары, ал мемлекет оны қамтамасыз ете аталатын ұйым деп жарияланды. Сондықтан сол кездегі ғалымдар жасаған әлеуметтік теориялардың өзегі мемлекет болды.

Жаңа дәуірдегі алғашқы теоретиктердің бірі итальяндық НИККОЛО МАККИАВЕЛЛИ (1469 - 1527) болды. Саяси тақырыптағы (“Тит Ливийдің бірінші декадаға ой-толғаныстары)”, “Әмірші”) және тарихи тақырыптағы (“Флоренция тарихы”) шығармаларынан басқа оның бірқатар әдеби шығармалары бар.

Маккиавеллидің (“Тит Ливийдің бірінші декадаға ой-толғаныстары”, “Әмірші”, “Әскери өнер туралы” және т.б.) шығармалары Жаңа дәуірдің саяси-құқықтық идеологиясына бастау болды. Оның әлеуметтік-саяси ілімі теологиядан азат болды; ол өз заманындағы үкіметтердің қызметін зерттеуге, Антикалық дүниенің тәжірибесіне, саяси өмірге қатысушылардың мүдделері мен ұмтылыстары туралы Маккиавеллидің ұғымдарына негізделген. Маккиавелли өткенді зерттеу болашақты болжауға немесе көнелердің мысалымен осы шақтағы пайдалы іс-әрекеттердің құралы мен тәсілдерін анықтауға мүмкіндік береді деп түйді.

Маккиавелли мемлекетті (оның нысанына қарамастан) үкімет пен азаматтары арасындағы олардың қорқуы мен жақсы көруіне тірелетін қатынас ретінде қарастырды. Егер де үкімет қастандықтар мен наразылықтарға итермелемесе, егер де қол астындағы азаматтардың қорқуы өшпенділікке, ал жақсы көруі жек көруге айналмаса, онда мемлекет мызғымайды [19].

Маккиавелли назарының өзегінде - үкіметтің қол астындағы азаматтарға әмір бере білунің шынайы қабілеттері. “Әмірші” кітабында және басқа да шығармаларында италиялық және басқа да мемлекеттердің тарихы мен сол заманғы тәжірибесі мысалында адамдар мен әлеуметтік топтардың құштарлықтары мен ұмтылыстары туралы тұжырымдарына негізделген бірқатар ережелер, тәжірибелік ұсынымдар бар.

Маккиавелли мемлекет мұраты мен оның беріктігінің негізін жеке тұлғаның қауіпсіздігі мен меншіктерінің мызғымастығы деп санады. Жеке меншіктің мызғымастығын, сол сияқты жеке тұлғаның қауіпсіздігін Маккиавелли бостандықтың игілігі деп атады, мемлекеттің мұраты мен оның беріктігінің негізі деп есептеді. Оның ілімі бойынша, бостандық игілігі республикада неғұрлым жақсы қамтамасыз етіледі. Маккиавелли Полибийдің мемлекеттің пайда болуы және басқару нысандарының иірімдері туралы идеяларын қайта жаңғыртады; антикалық авторлардың ізімен аралас (монархиядан, аристократиядан және демократиядан тұратын) нысанды дұрыс көреді.

Маккиавелли ілімінің ерекшелігі оның аралас республиканы күресуші әлеуметтік топтардың ұмтылыстары мен мүдделері келісімінің нәтижесі және құралы деп есептегенінде.

Маккиавелли халықтың бұзылғандығы туралы тарихшылардың ортақ пікірін жоққа шығаруға тырысты. Бұқара халық әміршілерден гөрі тұрақтырақ, адалырақ, дана және пайымдағыш. Егер де жеке билеуші әмірші заңды жақсы құрса, жаңа құрылыстар мен жаңа мекемелерді құратын болса, халық сол құрылған құрылысты артық сақтайды. Халық жалпы мәселелерде көп қателессе де, жеке мәселелерде өте сирек қателеседі. Ақсүйектердің халықтан айырмашылығы бар, оны Маккиавелли мемлекеттің болмай қоймайтын және қажет бөлігі деп санады. Аристократтар қатарынан мемлекеттік қайраткерлер, лауазымды адамдар, әскери басшылар шығады.

Ерікті мемлекет халық пен ақсүйектердің ымыраласуына негізделуге тиіс; “аралас республиканың” мәні де осында - мемлекеттік органдар жүйесі аристократиялық және демократиялық мекемелерді қамтиды, олардың әрқайсысы халықтың тиісті бөлігінің мүдделерін таныта және қорғай отырып, сол мүдделерге басқа бөлігінің қол сұғуын тежеді.

Маккиавелли саясаттың маңызды құралы деп дінді санады. Маккиавелли дін - адамдардың ақыл-ойы мен парасатына ықпал етудің күшті құралы деп тұжырымдады. Нақ осы себептен мемлекеттердің негізін қалаушылаыр мен данышпан заң шығарушылардың барлығы құдайдың әміріне жүгінген. Жақсы дін бар жерде әскер құру оңай. Мемлекет дінді қол астындағы азаматтарды басқару үшін пайдалануға тиіс.

Маккиавелли өз заманындағы мойынсұнуды, өзін-өзі жоюды, адамзат ісіне жиіркене қарауды уағыздайтын христиандықты жақтамады [20]. Маккиавелли католик шіркеуі мен діндарлардың елді бытыратып ұстағандарын бетіне басты. Маккиавелли дінді адамдарды басқару құралдарының бірі ретінде қарастыра отырып, оның отанды даңққа бөлеу мен қорғауға қызмет ететіндей түрленуіне болады деп есептеді. Құқық пен мемлекет туралы ілімді христиан этикасына бағындырғысы келетін католиктік дін ілімдарларына қарсы Маккиавелли саясатты моральдан бөліп қарады. Саясат (мекеме, ұйым және мемлекет қызметі) адам қызметінің өзіндік заңдылықтары бар ерекше аясы ретінде қарастырылды, олар әулие жазудан алынып немесе ойдан құрастырылмай, зерделенуге және ұғынылуға тиіс. Мемлекетті зерделеуге деген мұндай көзқарас саяси-құқықтық теорияның дамуында орасан ілгерілеу болды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: