Саяси процесс 12 страница

Осымен байланысты саяси көшбасшылардың соңғы он жылдағы дамуында бірқатар ағымдар айқындалады.

Мұндай ағымның біріншісіне көшбасшылардың институционализациясы жатады. Ол ең алдымен саяси көшбасшыларды сұрыптау процесінен, олардың билікке дайын болуы мен қозғалысын және олардың қызметінің өзі белгілі бір институттардың – нормалар мен ұйымдардың шеңберінде жүзеге асатынын байқатады. Саяси көшбасшылар функциялары Конституциялармен және басқа да заңдық актілермен заң шығарушы, атқарушы, сот және ақпараттық биліктерге бөлумен шектелген. Сонымен қатар, саяси көшбасшыларды сұрыптау мен қолдауды олардың өз партиялары іске асырады, олардың қызметіне сол партиялармен қатар оппозиция және жұртшылық бақылау жасайды. Осының бәрі олардың билігін және айла жасау мүмкіндігін біршама шектейді, ортаның шешім қабылдауға ықпалын арттырады.

Саяси көшбасшылар дамуындағы келесі маңызды ағымның бірі – экономикалық және әлеуметтік мәселелерде көшбасшылардың белсенділігінің артуы. Бұл әсіресе демократиялық мемлекеттердегі саяси көшбасшыларды айрықшалайды. Осы ағымның дамуы көптеген жағдайларға байланысты. Саяси көшбасшының қызметімен байланысқан экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайту, ұлттың әл-ауқатын арттыру оның ықпалын арттырады, оны жақтаушылардың санын көбейтеді, оппоненттердің позициясын әлсіретеді. Келесі жағдай саяси белсенділіктің уақытша шеңбермен шектелуімен байланысты. Мысалы, АҚШ президентінің төрт жылға сайланатыны белгілі. Бірақ жоғары экономикалық нәтижеге жету, халықтың әл-ауқатын арттыру оның келесі мерзімге тағы да сайлануының ең сенімді ірге тасы саналады.

Саяси көшбасшылардың дамуында маңызды үшінші ағым – олардың кәсібилігі. 1919 жылы М.Вебер «Саясат әуестілік және мамандық ретінде» деп аталатын еңбегінде билік үшін күрес дағдысын және қазіргі партия жүйесі жасаған оның әдістері жөніндегі білімді талап ететін саясаттың «кәсіпорынға» айналуын, сонымен қатар саясаткерлер үшін бұл қызмет негізгі мамандық болып табылады деген. Шынында, бүгінде саясаткер халықтың талаптарын анық та нақты тұжырымдауды қамтамасыз етуді ұйғаратын, ұжымдық шешімдерді қабылдау мен жүзеге асыру үшін парламент және үкімет органдарымен, БАҚ, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген адамдармен қажетті байланыс орнатуды, шиеленістерді шешу мен келісімге келуді дұрыс жолға қоюдың қоғамдық байланыс саласындағы маманға айналады.

Осы функцияларды арнайы білімі, дағдысы және тәжірибесі жоқ адам бүгінде тиімді жүзеге асыра алмайды.

Саяси еңбек дәрігер, конструктор немесе адвокаттың мамандығы сияқты бірте-бірте мамандыққа айналады. Ол тұрақты және басты табыс көзіне айналады. Кәсіби саясаткерлер сайлау нәтижесінде лауазымды қызметке отырғанына қарамастан, жоғарғы эшалендағылардың көпшілігі, әдетте, билеуші партиялар ауысқаннан кейін де өз қызмет түрін сақтап қалады. Бұған олардың парламенттегі, партиядағы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, басқа да мекемелерде бірқатар саяси қызметтерді шоғырлауы ықпал етеді.

Бірқатар елдерде – Жапония, Франция, АҚШ-та саяси қызметті кәсібилік есепке алу болашақ саяси көшбасшыларды тіптен бала бақшасынан немесе жасөспірім шағындағы және арнайы мектептерде және университеттерде оларды дайындаудағы іріктеуден көрінеді. Мұндай шаралар азаматтардың саяси қатысуларын дамытуды және билікті иеленгендерге бақылауды нығайтуды ұштастыру саяси көшбасшылықтың тиімділігін арттыруға, оны бүкіл қоғам мүддесіне бағындыруға ықпал етеді.

Саяси көшбасшылар дамуындағы төртінші маңызды ағым – бұл саяси процестегі ауқымды, басынан кешіріп отырған жаһандық ағым. Көпшілік халықтың ХХ ғасыр – ХХІ ғасыр басында ауқымды стрестік жағдайы және ғылыми-техникалық прогресс жасаған түбегейлі өзгерістер адамзат өркениетіне шақыру тастаған ғаламдық мәселелерді туындатты. Осы жағдай саяси көшбасшыларына жаңа жоғары талаптар қойды[126]. Олардың адамдардың тағдырына, өздері билеп отырған халықтар мен мемлекеттердің бүгіні мен болашағына жауапкершілігі тез артты. Қазіргі саяси көшбасшылар адамзаттың жаһандық мәселелерін есепке алмай, өз мемлекеттерінің даму бағдарламасын ұсына алмайды. Олар өздерінің ішкі саясатын жалпы дүние жүзілік, ғаламдық процестерді құраушы ретінде қарастырулары тиіс. Осы жаңа ағымды түсіну және жүргізіп жатқан саяси бағытта оны ескеру жоғарғы деңгейдегі саясаткерлерді ерекшелейді.

Саяси көшбасшылардың дамуындағы бесінші маңызды ағым – бұл Цезарь, Петр І, Наполен, Бисмарк, Гитлер немесе Сталин сияқты саяси көшбасшы-көсемдердің немесе батырлардың қазіргі жағдайда пайда болуының мүмкіндігін азайту. Бұған себептер өте көп. Солардың арасында: қоғамдық өмірдің бірнеше қайта күрделенуі көшбасшылар функцияларын жүзеге асырудағы еңбек бөлінісінің қажеттігін туғызады, «саясаткерлердің қызмет еркіндігін», билікте болу мерзімі саяси көшбасшының мүмкіншілігін шектейді. Сонымен қатар, жоғарыда айтылғанындай, ірі саяси көшбасшылар көбіне-көп терең дағдарыстың кезеңдерінде көрінеді. Осымен байланысты ХХ ғасырдағы терең экономикалық, саяси дағдарыстарға ұқсас құбылыстарды болдырмау үшін қазіргі мемлекеттер оларды болжамдауды үйренді. Осы себептермен байланысты қазіргі көшбасшыларға көсбасшы-көсем-батыр болу ешбір келмейді, қазіргілері үшін нақты жағдайда өз елдерін ұлттық қауіпсіздік, халықтың әл-ауқатын арттыру және адам құқын көбейту іспетті үш маңызды құндылықтармен қамтамасыз ету тән.

Саяси көшбасшылардың дамуындағы жаңа маңызды алтыншы ағым – ол формальды емес саяси серкелердің ролі мен ықпалының артуы. Көптеген формальды емес көшбасшылардың аттарын атауға да болады. ХХ ғасырдағы сондай формальды емес саяси көшбасшылардың ең көрнектісі Кеңес физигі, КСРО ҒА академигі, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров. Америка саясаттанушысы Роберт Такер оны жаңа типті саяси көшбасшы деп атайды. Дүние жүзіне танымал көрнекті ғалым, академик А.Сахаров, атомдық соғыс бола қалған жағдайда оның адамзатқа төндіретін апат қаупінің ауқымын мойындап, әлем халықтары мен үкіметтеріне меморандуммен шықты. Ол дүние жүзінің көптеген елдерінде адам құқы үшін күрескер ретінде белгілі болды, бұл мәселені жаһандық міндеттер деңгейіне дейін көтерді. Академик А.Сахаровтың, мысалы, мемлекеттік саясатты бақылау мүмкіндігі болмаса да, формалды емес саяси көшбасшы саяси үрдістер дамуында аса маңызды рөл атқара алатынын көрсетті.

Қазақстан Республикасында соңғы уақыттарда жүріп жатқан саяси процестер ондағы саяси көшбасшылардың дамуының кейбір ағымдарын анықтауға мімкіндік берді. Біріншіден, саяси көшбасшылар және жаңа идеялар рыногының мейлінше жеткіліксіздігін байқатты. Өткен бес жыл ішінде Қазақстан саяси элитасы қатарына аз ғана жаңа көшбасшылар қосылды. Бұны Н.Назарбаев пен бірге елде рефомалар жүргізуді бастаған, бірақ уақытша саяси биліктен шеттетілген саясаткерлерді қайтадан пайдалану ағымы көрсетіп отыр.

Екіншіден, өте қызықты, бірақ іске асыруға қиын жобалар ұсынған көшбасшы-арманшылдар сияқты көшбасшы-теоретиктердің де уақыты бітті. Еліміздің белсенді саяси өмірінен Ә.Қажыгелдин, С.Әбділдин, С.Терещенко, Ж.Тұяқбаев, М.Жолдасбеков, З.Нұрқаділов, Н.Балғынбаев, М.Әбілязов және басқа да көптеген саясаткерлер кетті және кете бермекші. Нақты міндеттер қоюға және оларды шешу үшін ресурстар табуға қабілетті, жағдайды ескеретін және нәтижеге бағыт-бағдар ұстаған Ә.Бәйменов, Д.Қалетаев, Қ.Келімбетов, М.Құл-Мұхамед, Қ.Мәми, Н.Нығматулин, М.Тәжин, Ж.Түймебаев іспетті көшбасшы-прагматиктердің күні туды.

Үшіншіден, тез арада нәтиже алуға есептелген шешуші шараларды жақтаушы көшбасшы-радикалдардың жаңа ұрпағын саяси сахнаға шығару қажеттігін қоғамдық санада түсіну артып отыр.

Төртіншіден, саяси өмірдегі мәнді өзгерістерге қарамастан, елде бұрынғы көшбасшы типі сақталып қалды, яғни көшбасшының көсемдік типі дәстүрі өзгермеді. Ал көсемшілдік, белгілі болғандай харизмаға және жоғарғы билікті бейнелейтін адамға берілгендікке негізделеді. Заңды реттеушілікке арқа сүйейтін көшбасшының ұтымды-заңды-жария типіне өту бірнеше себептерге байланысты күрделенеді, ең алдымен қазақстандық ұлттық өзіндік сананың типімен ерекшеленеді, онда көсемнің билігі – хан, патша, партияның бас, бірінші хатшылары қоғам өмірін ұйымдастыруда маңызды орын алған. Қазақстандағы Президенттік сайлаудың стеротиптік және таңдаудың консервативтік болып қалып отырғанын көрсетті. Қазақстан халқының бұқаралық санасында саяси көшбасшыға қайсыбір мистикалық фигура ретінде қарау сақталған. Жаңа генерациялық саяси көшбасшы Ғани Қасымовтың сайлауда жеңіліс табу себебін осымен түсіндіруге болады.

Көшбасшылық туралы харизматикалық түсінікті арнайы дайындықтан және іріктеуден өткен, саяси қызмет олар үшін мамандық болуы тиіс саяси сахнаға жаңа генерациялық саяси көшбасшылардың шығуымен өзгерту мүмкіндігі бар. Олар саяси шешімдерді қабылдауда, биліктің әр түрлерімен өзара әрекетте белгілі бір демократиялық нормалар мен процедуралардың шеңдерінде қимылдауға тиісті болады. Жаңа генерациялық саяси көшбасшылар қоғамға арманды, көпшілік азаматтарға болашақтың жобасын ұсынумен қатар оларды алға жылжытудың жолдары белгілі деп сендіруі қажет. Қазақстан мен дүние жүзіндегі саяси көшбасшылардың дамуының қазіргі ағымы осындай. Осыған орай саяси көшбасшылардың шынайы рөліне баға беру үшін уақыт керек. Уақыт өткеннен соң ғана көшбасшылардың шынайы мәнділігі анықталады. Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде мынандай қорытынды шығаруға болады. Саяси элиталар мен көшбасшыларға баға беруде әр түрлі амалдардың болуы олардың ғылым мен практика үшін маңыздылығын көрсетеді. Қоғамдық-саяси өмір практикасы көрсеткендей, саяси элиталар мен саяси көшбасшылар халықтың әр түрлі жіктерінен және кәсіби топтарынан шыққандар. Әр түрлі тарихи дәуір саяси элиталар мен саяси көшбасшылардың шығуына өз ізін қалдырары сөзсіз. Қазіргі тәжірибе қоғамдық маңызы бар саяси фигураларды мемлекеттік-бюрократиялық өнеркәсіп, қаржы, әскери және партия төңірегіндегілерді жиі ұсынатынын көрсетіп отыр. Қазіргі қоғамның элитарлығы ешбір күмән туғызбайды. Бұл саяси шындық, ол жойылмайды, бірақ оны ескеріп және тиімді пайдалану керек. Саяси элиталар мен саяси көшбасшылар басшылық позицияға, қызметке орналасып, қоғамдағы биліктің шынайы іске асуын белгілі бір саяси жүйе шеңберінде жүзеге асырады. Саяси ғылым саяси элиталарды қалыптастыруда, саяси көшбасшыларды дайындауда, олардың өзге әлеуметтік топтармен байланысын нығайтуда, олардың функционалдық міндеттерін анықтауда, олардың қызметіне бақылаудың сипатына және т.б. өз ұсыныстарын дайындап ұсынады. Көптеген елдерде мұндай ұсыныстар саяси практикада қолданылып келеді және қоғамға нақты пайда келтіріп отыр.

Он бесінші тақырып. САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР

Саяси технологиялар проблемасы саяси ғылымда ең аз зерттелген деуге болады. Саяси өмірде теориялық ілімді, қағидаларды білу ғана маңызды емес, сонымен бірге саясат іс жүзінде қалай, қандай әдіс-тәсілдермен, қандай технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатынын білудің де мәні зор.

Осыған байланысты кез келген құрылымы күрделі қоғам мен мемлекеттегі нақты саяси процестердің көп қырлылығын атап айтуға болады. Осы көп қырлы процестерді зерттеуде саяси технологиялар маңызды рөль атқарады.

Саяси технологиялар саяси жобалаумен – билік институтының іс жүзіндегі қызметін ұйымдастыру ісімен, оны жорамалдаумен, жоспарлаумен, бағдарлама жасаумен айналысады. Міне, сондықтан да саяси технологиялардың көмегімен биліктің жаңа мағынасы мен мәнін айқындауға болады. Саяси технологиялар саяси оқиғаларды айқындау проблемасын жаңаша қояды, саяси құбылыстарды реттеу, бақылау жөніндегі мамандандырылған қызмет үшін негіз қалайды. Саяси процестерді түсінудің айрықша ресурсын жасай отырып, саяси тенологиялар бұл құбылыстың мәні қайсыбір міндеттерді шешудің қолданылып отырған әдістеріне тікелей байланысты екендігін көрсетіп беріп отыр. Мәселен, жаппай өсек-аяң, жалған ақпарат тарату, белгілі бір партияның өкілдерін телеэфирге шығармау, билік органдарының қалыптасу процесінің өңін айналдырып, азаматтардың өз өкілдерін ерікті түрде таңдауының орнына бұқаралық ақпарат құралдарының бақылауындағы ерік-мүдделерді таңдауға дейін жеткізетіні сөзсіз.

Саяси технологияларды қолданудың негізгі пафосы әр түрлі субъектілердің өз міндеттерін орындауларын оңтайландыруда екенін айтқан жөн. Саяси технологиялар ресурстарды тарту мен үнемдеуге, мемлекеттегі жағдайды тұрақтандыруға немесе тұрақсыздандыруға, сайлау науқандарын ұйымдастыруға, мемлекеттік бағдарламаларды жасау кезінде мүдделерді ойластыруға қатыса алатын субъектілердің мүдделеріне, функциялары мен мақсаттарына сәйкес көзделген мақсатқа функционалды түрде бағытталады.

Әдетте, саяси технологиялардың қалыптасуының қажеттігі қайталанып отыратын ситуациялар, тіпті стеоретиптік жағдайлар мен іс-әрекеттер орын алған кезде көрініс береді. Мақсатты түрде бағытталған қызметтің әдістері мен процедурасының жиынтығы ретінде көрініс беретін саяси технологиялар мақсатқа жетудің құралын реттеп қана отырмайды, сонымен бірге іс-әрекеттің кезектілігін, саяси субъектілірдің мінез-құлқының тиісті алгоритмін жасауды да бекіте түседі. Іс жүзінде саяси технологиялар субъектілер мен объектілердің өзара қарым-қатынастарының сан түрлі әдістері мен механизмдерінен, контрагенттердің өзара іс-әрекетінен, сыртқы және ішкі факторлардан қалыптасатынын айтқан жөн. Бұл мәселелерді дұрыс түсіну үшін, ең алдымен саяси технологиялардың мәні мен типтерін анықтау қажет.

1. Саяси технологиялардың мәні мен типтері (түрлері)

Саяси технологиялар – бұл әлеуметтік технологиялардың әр түрлілігі ғана емес, «саяси технологиялар» түсінігі – мақсаттылықтың, бір ізділіктің, қажетті, ойластырылған саяси нәтижелерге негізделген белгілі тиімді іс-әрекеттердің жүйесі екендігі де сөзсіз.

Менің пікірімше, «саяси технология» және «саясаттағы технология» түсініктерін бір-бірінен ажырата қараған жөн. Соңғы түсінік көбінесе саяси компоненттерді ғана емес, сонымен қатар алға қойылған саяси мақсаттарға жетуге көмектесетін ұйымдық, дипломатиялық, әскери, қаржылық, ақпараттық, психологиялық, манипуляциялық, компьютерлік және басқа да формалар мен әдістердің кең спектрін де қамтиды.

Ал, «саяси технологиялар» бір жердің шеңберінен аспайтын, тез арада жүзеге асырылатын қысқа мерзімдік нәтижелерге (тактикалық) жетумен бірге, ұзақ мерзімге есептелген тиімділікке стратегиялық қол жеткізуді де қамтиды. Қайсібір саяси технологияларды болмасын, пайдалану саяси басқарудың тиімділігін, саяси процестерді реттеуді, саяси жүйелер мен барлық саяси кеңістіктің тұрақтылығын айқындайды. Саяси технологиялар көп ретте қоғамдық дамудың түріне, режимнің сипатына қарай анықталады.

Саяси технологиялардың құрылымы аналитикалық мақсатты жорамалдаудың және одан арғы жерде оның қызметін жекелеген кезеңдерге, сатыларға, операцияларға бөлудің, сондай-ақ балама, тиімді әдістерді, жүзеге асырылатын мақсатқа байланысты олардың құралдары мен қолданылуын іріктеп, таңдап алудың көмегімен жүзеге асырылады.

Көптеген жағдайларда осы заманғы саяси ортаның проблемалық алаңы саяси технологияларды талдап жасап, іске асырудың бірқатар кезеңдерінің болуымен анықталады. Олардың қатарына жататындар мыналар: әлеуметтік саяси жағдайлардың диагностикасы мен мониторингі; нақты саяси технологиялардың көмегімен қол жеткізілетін мақсаттар мен міндеттердің алға қойылуы; алға қойылған мақсаттарды жүзеге асырудың мүмкін варианттарын салыстырмалы талдау және т.б.

Сонымен саяси технологиялар бірізділікпен қолданылатын процедуралардың, нақты саяси субъектінің мақсаттары мен міндеттерін белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде неғұрлым оңтайлы және тиімді түрде жүзеге асыруға бағытталған қызметтің әдістері мен тәсілдерінің жиынтығын қамтиды деуге болады. Осыған орай тұтас алғанда субъектінің билік саласындағы нақты міндеттерді шешуін қамтамасыз ететін саяси технологияларды бір жағынан саяси маркетинг деп те атауға болады.

«Маркетинг» термині экономикалық, әлеуметтік және саяси қатынастарды реттеу жөніндегі әр түрлі ұйымдық-техникалық және басқару қызметін белгілеу үшін де пайдаланылады[127]. Бұл – тауар және қызмет көрсету рыногындағы сұраныс пен ұсынысты зерттеу, жұмыс беруші мен жалданып жұмыс істеушілердің, саяси қайраткерлер мен азаматтардың арасындағы процестерді реттеу деген де сөз. Аталған терминді саясат саласында пайдаланудың заңдылығы мына жағдайға байланысты да келісілуі керек, мәселен АҚШ-та саяси маркетинг ашық түрде тауар сатумен теңдестіріледі. Саяси маркетингі әр түрлі ғылым мен оның салаларындағы мамандарды: саясаткерлерді, психологтарды, әлеуметтанушыларды, экономистерді, программистерді, жарнама кәсіпкерлерін және басқаларды біріктіреді. Саяси маркетинг демократиялық тұрғыдағы саяси режим орныққан шет елдердің барлығында іс жүзінде кеңінен қолданылуда.

Саяси маркетинг – саяси партиялардың, саяси лидерлердің өкілетті билік органдарына, депутаттыққа кандидаттардың және басқа да билік құрылымындағы адамдардың сайлаудағы жеңісін қамтамасыз ету мақсатында қолайлы имиджін жасауға бағытталған шаралар комплексін құрайды.

Жалпы саяси технологиялар ықпал етудің белгілі бір алгоритмі ретінде әрекет үстіндегі адамның өзіндік ерекшелігін (оның білімін, тәжірибесін, шындыққа қалай қарайтындығын), оның қызметінде пайдаланылатын материалдық және рухани ресурстарды, сондай-ақ, техникалық компоненттерді қамтамасыз ететін саяси инженерияның формасын қамтиды деуге болады. Осындай себеппен саяси технологиялардың қалыптасуы мен қолданылуы, оларды жүзеге асырудың қарқыны субъектінің біліктілігі мен жауаптылығына, оның іс жүзінде белгілі бір саяси ресурстарды пайдалану білігі мен қабілетіне тікелей байланысты. Әдетте, техникалық немесе кадрлар ресурсы жағын нашар қамтамасыз етілу саяси технологияларды қолданудың тиімділігін төмендетеді.

Саяси технологияларды өзара әрекет етудің жекелеген механизмдерімен, техникасымен, немесе әдістерімен шатастыруға болмайды. Саяси технологиялар – бұл нақты әрекет етуші субъектінің белгілі бір мақсаттарға қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған техниканы қолданудың процесі болуымен бірге, осы қызметтің нәтижесі де. Ал, егер бұдан да анығырақ айтсақ, саяси технологиялар алға қойылған мақсатқа қол жеткізу бойынша әлденеше рет әрекет ету мәселені шешудің неғұрлым оңтайлы және экономикалық жағынан тиімді әдістерін алға тартқан кезде пайда болатын қызметтің осы әдістерінің белгілі бір әрекетінің қорытындысы болып табылады.

Саяси техногологиялар саяси билік пен мемлекеттік басқарудың барлық буынына кеңінен еніп отыр. Осы тұрғыдан алғанда олар саяси билікті қолданудың және мемлекет ресурстарын тиісінше бөлудің конвенционалды (ашық түрдегі) процестерінде де, сондай-ақ конвенционалды емес, заңмен тыйым салынған немесе саяси дәстүрлерге қарама-қайшы келетін әдістер мен процедураларды пайдалану ұйғарылған процестерде де көрініс беріп отырады. Саяси технологиялар қолданылу орны және уақыты бойынша шектеулі болып келеді. Осы қызметтің белгілі бір жүйесі ретінде қызметтің әдістері мен тәсілдерінің, техникасының нақты үйлесімінде, И.Пригожиннің сөзімен айтқанда, кеңістік-уақыттық жағдайларға қатаң таңылған өзінің «ішкі уақыты» болады.

Алайда, саяси технологияларда әрқашанда да субъектінің творчествосына, импровизациясына, үйреншікті емес іс-қимылдарына жол беріледі. Саяси технологиялар нақты бір субъектінің мақсаттары мен міндеттерін тиімді рационализациялауға бағытталған, белгілі бір формалдылыққа, институтционализмге және нормалық жағынан бекіте түсуге ұмтылады.

Ережеге сәйкес саяси технологиялардың құрылымына неғұрлым маңызды үш элементтің кіретінін айтқан жөн, олар: айрықша технологиялық білім, әрекет етудің нақты тәсілдері, процедуралары және әдістемесі, сондай-ақ, әр түрлі техникалық-ресурстық компоненттер.

Осы элементтердің ішінде айрықша-технологиялық білім жетекші рөлге ие. Бұл рөлдің жетекші болуының сыры мына тұрғыда келісілген, саяси технологиялар өзінің мәні бойынша да билік саласы мен мемлекетті басқаруда пайда болатын проблемаларды іс жүзінде шешудің құралдары мен әдістерін табуға бағытталған шындықты бейнелеудің ерекше формасын іске асыру болып табылады. Бұл мағынада шындықты танудың технологиялық деңгейі ғылыми-қолданбалы білімнің формасын ғана қамтып қоймайды, сонымен бір мезгілде ол саяси проблемаларды шешуді субъектілердің мүдделілігі тұрғысынан бағалауды да білдіреді. Сонымен айрықша-технологиялық білім шындықты қарапайым ғана емес, ғылыми танудың әдістерін қамтитын танымдық-проективтік, идеалды-жаңғыртушылық қызмет болып табылады. Бұл айрықша-технологиялық білімде бейнелеудің ғылыми формасында да, жекелей алғанда оның қарапайым әдісіне де тән емес құбылысты бейнелеу мен түсіндірудің жеке өзіндік логикасы болатындығын көрсетеді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: