Элей мектебі. Парменид пен Зенон 20 страница

Қорыта келе, Шопенгауердің философия тарихында өз орны бар ұлы тұлға екенін айтып өтуіміз керек. Ол болашақ XX ғ. пайда болатын көп қайшылықтарды, әсіресе адам өмірі мен тағдырына байланысты көп ойларды көтеріп, болашақ ғасырда ықпалды «өмір философиясы» аталған ағымның негізін қалап кетті. Олардың бәрін біз келесі тарауда талдаймыз. Оның алдында тағы да XX ғ. фило-софияға өзінің зор әсерін тигізген тұлға - дат философы С.Кьеркогердің шығармашылық еңбегіне тоқталсақ дейміз.

Серен Кьеркогер (1813-1855 жж.) - өз заманында бағалан-баған, жалғыздықтың зардабын толығынан басынан өткізген, бүкіл өмірін жеке тұлғаның ішкі рухани өмірінің қайталанбас жақтарын, онын Құдаймен тікелей байланысын көрсеткісі келген Дания елінен шыққан діни философ. Оның философиялық көзқарасы мен жалпы дүниесезімінің қалыптасуына әкесінің діни дүниесезімі мен біздің отбасымызға Құдай қарғысын атты деген жалған пікірі үлкен әсерін тигізді. Жас Кьеркогер әлсіз болып, неше түрлі аурулардан шықпай өсті, бұл жағдай да оның дүниесезіміне өз әсерін тигізсе керек. Ең соңында, ол 1841 ж. белгісіз себептерге байланысты өзінің терең махаббаты Регина Ольсен деген қыздан үйленерінің алдында бас тартады. Осыдан кейін ол толығынан діни сезімге беріліп, әкесінен қалған үлкен үйде жазушылық ісімен айналысып, қалада жұрттың көзіне өте сирек түседі, әкесінен қалған барлық қаражатты өзінің жазған көп шығармаларын жарыққа шығаруға жұмсайды. Негізгі еңбектері: «Әлде-әлде», «Үрей мен қалтырау, Диалектикалық лирика», «Ажалға бастайтын ауру, қайта туу мен оянуға бағытталған христиандық-психологиялық тебіреністер» т.с.с.

Жалпы алғанда, өзінің қысқа өмірінің шеңберінде бұл кісі 28 томдық еңбектерді тудырған, соның ішінде 14 томы - оның күнделіктері. Өз заманында атағы шықпаған философ XX ғ. үлкен құрметке бөленеді, оның шығармашылығына арналған мыңдаған зерттеулер жарық көреді. 1948 ж. бері Коленгаген қаласында «Кьеркогериана» деген осы ойшылдың көзқарасын зерттеуге арналған журнал шығады.

Өзінің шығармашылық жолының басында Кьеркогер қайсыбір философиялық жүйені жасаудан бас тартып, соңғының ең биік шыңы - Гегельдің философиясын қатты сынға алады. Өйткені оның философиясында рационализм өзінің шегіне жетіп панлогистік дәрежеге көтерілді. Гегельдің ойынша, болмыс, - ойлаумен тең, ақыл-ойдың шеңберінен шығатынның бәрі де акиқатты емес, Ғарышта өжетті танымның аша алмайтын ешқандай сиқыры болмақ емес.

Кьеркогер мұндай көзқарасқа үзілді-кесілді қарсы шығады, өйткені болмысты жүйелеу мүмкін емес. Қайсыбір жүйе - аякталғандықпен тең, ал болмыс өне бойы өзгерісте. Екінші жағынан, Гегель тұлғаны объективті нақтылы-тарихи шеңбердің ішіне қойып түсінеді, яғни жеке тұлғаның өзіндік қайталанбайтын тек соған ғана тән өмірі, оның еркі тарихтың қадамының астында көміледі. Сон-дықтан ол Гегельдің объективтік диалектикасына өзінің субъективті, жеке тұлғаның өмір сүру (экзистенциалдық) диалектикасын қарсы қояды. Оның ойынша, қайсыбір дүние жөніндегі жараты-лыстануға негізделген ғылыми көзқарас - зұлымдыдтың нышаны.

«Жаратылыстану ең соңында адамзаттың құруына әкелуі мүмкін», - дейді Кьеркогер. Ойшылдың бұл пікірін үстірт қарамай терең ойласақ, расында да, бүгінгі таңда ғылым адамға көп жақсылық әкелгенін бәріміз де білеміз, сонымен қатар ядролық соғыс пен экологиялық апаттың мүмкіндігін адамзат жоя алмай отырғаны да - бүгінгі таңдағы ақиқат.

Кьеркогердің ызасын келтіретін нәрсе - ол адамды объект ретінде қарап зерттеу, өйткені адам - рухтың басшылығымен өмір сүріп жатқан жан мен дененің бірлігі, жеме-жемге келгенде, ол -рух. Ойшыл рух - ойлаумен тең емес, олай болса, ол қисынның заңдарына тәуелді емес деген пікірге келеді. Сондықтан философияның негізгі мәселесіне нақтылы адамның өмір сүруі, оның өзіндік санасы, ішкі рухани өмірі жатуы керек. Егер Сократ дүниені түсіну үшін ең алдымен «өзіңді тани біл» деген болса, Кьеркогер тек қана адамның ішкі өмірін танумен қанағаттанып, сыртқы дүниені, болмысты танудан үзілді-кесілді бас тартады. «Шындық, сыртқы өмір бар ма?» - деген сұраққа ол теріс жауап береді. «Шындық - ол ішкі дүние, Меннің өз Меніне деген қатынасы». Адамның ішкі өмірі объект болмағаннан кейін танылмайды, оны тек қана тебірентуге ғана болады. Сондықтан Кьеркогер адамның ішкі өмірін бейнелейтін жаңа категорияларды философияға еңгізеді. Олар: өмір сүру, үрей, сәт, өту, секіру, шешім, шектелген мен шексіздік, мүмкіндік пен шындық, зардап шегу, қайталау, түңілу, өкіну, кінә мен күнә, қайта туу т.с.с. Кьеркогердің ойынша, бұл ұғымдар арқылы жеке адамның қайталанбас тебіреністерін беруге болады.

Өмір сүру дегеніміз - ол тебірену, зардап шегіп, соның шеңберінен шығуға бағытталған адамның іңкәрі. Өмір сүру -адамның алдындағы мүмкіндіктердің біреуін ерікті түрде таңдап алып, өзінің қайталанбайтын ерекше болмысын іске асыру, тобырға ұқсамау, одан бөліну. Өмір сүру дегеніміз - ішкі шектелген мен шексіздіктің арасындағы таңдау, соған байланысты үрей, шешім және секіріс. Кьеркогердің ойынша, шешім еш нәрсеге байланысты емес, ол тұлғаның ерікті таңдауымен байланысты. Ал секірістің өзі Гегельдің айтып кеткен ұғымынан езгеше - ол ешқандай дәнекерлікті талап етпейді, ол - зерденің шеңберінен шығып кететін рухтың іс-әрекеті.

Жоғарыда байқағанымыздай, Кьеркогердің өмір сүру диалектикасы философиядағы жалпы ұғымдардың өзара байланысы мен бір-біріне өтуінен анағұрлым алшақ жатыр. Мұнда біз тек адамның ішкі жан-дүниесінің тебіренісін көрсететін «сезімдік ұғымдарды» байқаймыз.

Адам өміріндегі негізгі сұрақтар: қалай өмір сүру, не болу керек, не нәрсеге ұмтылу қажет? Осы сұрақтарға жауап беру ретінде Кьеркогердің экзистенциалдық диалектикасы адам өмірінің ұш сатысын суреттейді. Олар - Эстетикалық, этикалық және діни сатылар.

Адам өмірінің бірінші Эстетикалық сатысында тікелей сезімдік өмір салты қалыптасады. Эстетикалықты Кьеркогер кең түрде Канттың тусінігіне сәйкес ақыл-ойдан бөлек сезімдік қабылдау мен ләззат алу ретінде көрсетеді. Қоғамдағы көпшілік осы сатының шеңберінде өмір сүреді. Ол дене әсемдігіне құмарту (эротика), парықсыздық, бір көргендегі сезімдік әсердің негізінде кездейсоқ байланыстарға түсу, қоғамдағы үлгіге (модаға) айналған нәрселерге ынтық болу, әрбір күн мен сағаттан, әрбір сәттен ләззат алуға тырысу. Бұл өмір салты адамды өзінің сезімдері мен құмартуы, ындынының құрсауынан шығармайды.

Эстетикалық сатыдағы адам уақыттың өзін ерекше түрде бағалайды. Ол ләззат алатын әрбір сәтке бәрін беруге дайын, бірақ келесі сезімдік ләззат бұрынғыдан басқаша, нәзік те өткір болуы керек. Өмірдегі біркелкілік, қайталанушылық - эстетикалық өмір салтының қас жауы. Егер Дон-Жуан мейлінше көп сұлу әйелдерден эротикалық жыныстық жеңіске жетуге тырысса, Иоан - нәпсіқұмар әртүрлі нәзік те өткір ләззат алуға ұмтылады. Бірақ күндер мен жылдар өткен сайын эстетикалық өмір салты сарқыла бастайды - қайталанбайтын қайталанады, өткір сезім мұқалып, өңі кетеді, ләззат қуудың жалғандығы айқын көріне бастайды, жалғыздық сезім, өмірге көңілдің толмаушылығы дүниеге келіп, тіпті одан күдер үзуге әкеледі. Ақырында дағдарыстағы тұлғаның алдында екі таңдау жолы пайда болады: біріншісі - сол бұрынғы сатыда қалып өмірден түңілу; екіншісі - одан аттап өтіп, келесі сатыға көтерілу.

Келесі өмір сатысы - этикалық. Егер эстетикалық өмір салты ләззат алуға бағытталған болса, этикалық сатыда адам ізгілік жолына түсіп, қоғам алдындағы парызды орындау соның көпіліне айналады. Эстетикалық өмір салтында адам өз-өзін қанағаттандырса, этикалық сатыда жалпылықты іске асыруға тырысады. Осы арада үлкен қайшылықтар пайда болады - адамның ішкі өзіндік сезімдері оны бір жаққа жетелесе, қоғамдағы этикалық нормалардың талаптары оны екінші жаққа сілтейді. Парыз талаптарына сай келуге тырысып, адам біржақты, сезімі сарқылған, машинаға ұқсас пендеге айналады. Бұл бағыт барған сайын тереңдей түсіп, қайғылы қайшылықтарға әкеледі, өйткені уақыттан тәуелсіз моральдық сана өтпелі адамның сезімдік іңкәрінен өзінің іргетасын, тұрақтылығын таба алмайды. Адам моральдық жағынан алып қарағанда өз-өзіне жеткілікті пенде бола алмады. Кьеркогер оның себебін, Августин саяқты, адамның туа күнәлігінен көреді.

Бұл арада «әлде-әлде» принципі таңдау мәселесін шешпейді, өйткені екі сатының да үлкен кемшіліктері бар, сондықтан «ол да емес, бұл да емес» деген тұжырымға өмір диалектикасы әкеледі. Олай болса, адам үшінші соңғы, сатыға өту шешіміне келіп трагикалық секірістен өтеді. Бұл саты діни шеңберде өтпек. Кьеркогер өз заманындағы адамдарға ренжіп, олар ғылыми танымның кереметтігіне сеніп, адамның өмір сүруі мен ішкі рухани тебіреністерінен пайда болатын мәселелерді ұмыт қалдырғаны жөнінде айтады. Тек қана діни сатыға көтерілген адам ғана ол мәселелерді өзінің өмірінің негізіне айналдырады. Адам күнәлі пенде ретінде өзінің кінәсін мойындап, Құдайдың өзімен сұхбатқа түсіп, өз-өзін табады. Ал мұның өзі үлкен зардап шегу арқылы келмек.

Діни сатыны айқын суреттейтін - Библиядағы Авраамның бейнесі. Ол Құдайға сенуінің кепілі ретінде өзінен туған сүйікті жалғыз баласын құрбандыққа шалуға дайын. «Үрей мен қалтырау» деген еңбегінде Кьеркогер осы Библияның сюжетін толығынан егжей-тегжей талдап, діни және этикалық сатылардың арасындағы шешілмейтін терең қайшылықтарды көрсетеді. Расында да, моральдық жолмен талдағанда, Авраамның ісі адамгершіліктен өте алшақ, ол моральдық парызды ғана бұзып қойған жоқ, үлкен кешірілмейтін қылмысқа шейін баруға дайын. Авраам мен Сократтың ниеттерінің арасындағы қашықтық - шексіз. Сократ у ішіп, өзінің өмірін моральдық принципті орындау жолында қияды. Ал Авраамға келер болсақ, ол Құдайдың әмірін орындау жолында, соған сенгендіктің кепілі ретінде, өз туған баласын бауыздап, содан пайда болатын бүкіл ауыр моральдық жүкті, күнә мен кінәні мойнына алуға дайын. Мұндай өте қиын қайшылықтар өмірдің парадокстарын тудырады. Сонымен «парадокс» ұғымы Кьеркогердің өмір сүру диалектикасының негізгі категорияларының біреуіне айналады. Парадокс дегеніміз - адамның ішкі өмірінің қайшылығынан шығатын өмір сүру зардабы. Егер эстетикалық өмір сатысының негізгі категориясы - ләззат алу, этикалық сатыда - парыз болатын болса, діни сатыда ол - зардап шегумен тең. Адам - зардап шегуге жаратылған пенде. Өмір - зардапқа толы. Өмір сүру дегеніміз - зардап шегу.

- Әрине, адамның бұл өмірде зардап шегуі - сонау көне заманнан осы уақытқа шейін талданып келе жатқан мәселелердің бірі. Бірақ Кьеркогер оны өте өткірлеп күшейтеді. Оның ойынша, зардап шегу тек өмірдің өзінен шығып қана қоймайды, ол - қажетті, керек қылатын нәрсе. Егер біз зардап шегуді мойындап қана қоймай, сонымен қатар оны сүйетін болсақ, сонда ғана біз өмір сүру деңгейімізде бақытсыздықтан биіктеп, бақыттың өзінен асып түсеміз, - дейді ұлы ойшыл. Олай болса, адам өзінің өмірін жеңілдетіп, зардап шегуден қашудың орнына, оны, керісінше, ауырлату, күрделендіру қажет - сонда ғана біз бақытсыздық пен бақыттылықты аттап өтіп, олардың арасындағы қайшылықты жоя аламыз. Әрине, Кьеркогердің бұл идеялары христиан дінінің ғасырлар бойы уағыздаған қағидаларына қарсы келді. Соңғылар дүниедегі зұлымдық, әділетсіздік, зардап шегу - Құдайдың алғашқы көрсеткен дұрыс жолынан адамның ауытқуынан шықты, ал жаратылған бұл дүние жалпы алғанда мінсіз деген пікірде болса, Кьеркогер осы дүниенің зұлымдық пен зардапқа толы екендігін айтады. Бірақ ол үшін біз Құдайды сынаудан алшақ болуымыз қажет. Құдайға сену ешқандай оған күмәндануды қажет етпейді. Сенім дегеніміз - парадокс, ол жекелікті жалпылықтан, жердегіні аспаннан, өтпеліні мәңгіліктен, жеке сенімді моральдық қағидалардан жоғары ұстауды талап етеді. Сенім - жеке адам таңдауының ісі, еріктің шешімі, секіріс, тәуекелдік, ғажайып, абсурд. Тертулианның уақытында айтқан «сенемін, ақыл-ойға сыймағаннан кейін» деген нақыл сөзін Кьеркогер өзінің шығармашылық еңбегінде ғана емес, сонымен қатар өзінің өмірімен дәлелдеген саяқты - ол Авраам саяқты өзінің Регина Ольсенге деген махаббатын Құдайға сенудің жолында құрбандыққа шалды. Тертуллианның өзі де мұндай шәкіртім болады деп ешқашанда армандамаған болар.

Өз уақытында бағаланбай ұмыт болған ойшыл XX ғ. шарықтаған даңққа ие болды. Ал оның себебін біз келесі тараудағы кіріспе сөзімізде айтатын боламыз.

Өмір философиясы

Егер позитивизм ағымы XX ғ. ғылым саласында болып жатқан күрделі процестерді зерттеп, танымның жаңа жолдарын ашуға барлық күштерін салса, «өмір философиясы», керісінше, емірді ақтау мен түсінуге шақырып, ақыл-ой, логика, дүниетаным, экономикалық, саяси т.с.с. зерттеулер адамның жан дүниесін, өмір сезімін кедейлетеді деген пікірге келеді. Расында да, XX ғ. қарай «адам ақыл-ойдың негізінде дүниені өзгертіп, жер бетіне бақытты өмір әкеледі» деген Жаңа Дәуірдегі ағартушылардың романтикалық көзқарастары өткір сынға алына бастады. Оның бастамасын біз сол XIX ғ. өзінде-ақ өмір сүрген А.Шопенгауер мен С.Кьеркогердің шығармаларынан байқағанбыз. Бұл ойшылдардың философияға «еккен» ойлары XX ғ. әр түрлі «өмір философиясының» ағымдарын тудырып, өте жемісті болып шықты.

Бұл ағымның негізгі ұғымы ретінде «өмір» философиядағы бұрынғы «болмыс» категориясына қарсы қойыла бастады. «Болмыс жоқ, тек қана қалыптасу ғана бар», - деді Ф.Ницше. «Ал қалыптасу дегеніміз өмір», - деп әрі қарай өз ойын қорытты.

Өмір философиясының шеңберінде «өмір» ұғымына әртүрлі ғалымдар әртүрлі мазмұн-мағына береді. Биологиялық-табиғи көзқарас ұстаған ғалымдар өмірді инстинктер, өмір сүруге деген құштарлық, ерікке т.с.с. теңейді. Тарихтық көзқарасқа негізделген бағыт өмірді нақтылы-тарихи мәдениетті бойына сіңірген тұлғаның ішкі жан тебіреністерімен ұштастырады. Пантеистік тұрғыдан өмір өне бойы өзінің жаңа формаларын тудырып отыратын ғарыштағы күш ретінде түсініледі.

«Өмір философиясының» алғашқы өкілдері Вильгельм Дильтей (1893-1911 жж.) мен Георг Зиммель (1858-1918 жж.) өмірді ерік пен іңкәрлік, сезім мен тебіреніс деректері деп анықтайды. Өмір хаосты тәртіпке келтіреді. Өмірдің организмдік және одан да биік формалары бар. Өмір организмдік деңгейде өліммен шектелсе, организмдіктен биік формалары мәдениетті құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, шындық - өмірден алған тәжірибенің өзі. «Өмірлік тәжірибе» - зердеге тең емес, ол ақыл-ойға сыймайды. Өмір - ағым, өзгеріс, шығармашылық, онда жалпылық деген жоқ. Өмірді тек қайталанбайтын жекелік арқылы ғана суретгеуге болады. Осы арада «шығармашылық трагедия» дүниеге келеді. Өйткені өмірдің қайталанбайтын толқындары оның объективтелінген, яғни затталынған формаларымен қайшылыққа келеді. Ол қайшылықтарды шешу үшін тарихи мәдениет туындыларын сол замандағы ахуалды білу, барлық жан-дүниеңмен соған өткендей болып сезіну арқылы түсінуге болады. Оны В.Дильтей герменевтика деген ұғыммен береді. Тарихшы өткен оқиғаларды шынайы қайта суреттеп қана қоймай, сонымен бірге оны қайта тебіреніп, оның өміршеңдік жақтарын түсіндіре білуі керек.

Анри Бергсон (1859-1941 жж.) - «өмір философиясының» шеңберінде «шығармашылық талпыныс» ағымын жасайды. Оның ойынша, алғашқы да ең терең шындық - ол белгілі бір толыққанды біртұтас өмір, ал материя мен рухқа келер болсақ, ол - сол өмірдің қалдықтары. Өмір - «өмірлік талпынысқа» яғни ешқашанда тоқталмайтын шығармашылық өзгеріс, қалыптасуға тең. Материя - болмыстың енжар жағы, ол, әрине, қаншалықты қарсылық көрсетсе де, дегенмен, ең ақырында, өмірге бағынады. Сондықтан табиғаттың тарихи күрделенуі, өрлеуі - өмірдің шығармашылық өрлеуімен тең. Олай болса, Дүние - бірегей, тоқталмайтын, өне бойы жаңа формаларды бірінен соң бірін тудыра беретін шығармашылық.

А. Бергсонның ойынша, адам айнала қоршаған материалдық дүниеге өзінің интеллекті (ақыл-ойы) арқылы бейімделді. Интеллект дегеніміз - ақыл-ой, зерде арқылы адамның дүниедегі құбылыстарды танып-білуі, ол өзінің ең биік шыңына жаратылыстану ғылымдары арқылы жетеді. Интеллект біртұтас дүниені заттарға, соңғыларды құрамдас бөлшектерге бөліп, содан кейін олардан дүниенің жасанды суреттерін тудырады. Интеллектінің қайнар көзі - адамның материалдық дүниедегі іс-әрекеттерін ұйымдастыру, олардың нәтижелілігін қамтамасыз ету. Бұл арада аса назар аударатын нәрсе - интеллект, А. Бергсонның ойынша, заттың терең мәнін аша алмайды, ол тек қана олардың арасындағы байланыстары мен қарым-қатынастарын ғана көрсете алады. Өлі материяны құрамдас бөліктеріне бөліп, содан кейін оларды басқаша түрде қайта құрастыру - интеллектінің негізгі ісі. Олай болса, ол заттың сыртқы қабығын ғана игере алады. Өне бойы қозғалып, өзгеріп жатқан Дүниені интеллект кинолленкадағы өмірді «жасанды түрде» көрсеткен саяқты (онда әрбір кадр қозғалысты көрсетпесе де), бірінің артынан бірін белгілі бір жылдамдықпен откізген кезде, әкранда «қозғалыстағы өмірдің» көшірмесі пайда болады. Интеллект Дүниедегі ұқсас, қайталанатын қарым-қатынастарды ғана көрсетіп, сонымен қатар оның қайталанбайтын, емірге бір-ақ рет келген ішкі өзегін - өмірдің өзін - танып-біле алмайды.

А.Бергсон адамның интеллектінен басқа да таным құралының бар екенін мойындайды - ол интуиция. Интуиция дегеніміз - ол затқа деген сүйіспеншіліктің негізінде оның ішкі, интеллектіге ашылмайтын жағына өтіп, оның өмірлік өзегін сезіну болып табылады. Интуиция дегеніміз - рухтың алғашқы негізі. Ол - өмірдің өзі. Танымдық тұрғыдан алып қарағанда, алғашқы интуиция инстинкт пен интеллектіге бөлінеді. Сол сәтте инстинкт өзіндік санасынан, интеллект заттың ішкі сырын ашу қабілетінен айырылады. Адамның интуициясы толығынан интеллектіге бағынышты. Алайда кейбір «шекаралық жағдайда», адамның өміріне қауіп төнген, я болмаса оның басына «тағдырлық» ахуал келген кезде, интуиция интеллектінің құрсауынан босап, адамға нағыз шындықты көрсетіп, оның Ғарыштағы орны мен тағдырын анықтауға көмектеседі.

Адам - шығармашылық пенде, өйткені «өмірлік талпыныс» оның ішінен өтеді. Алайда өмірді терең сезіну интуициясы - тек қана таңдаұлы адамдарға ғана тән нәрсе. Сонымен А.Бергсон шығар-машылық пен мәдениет жөнінде элитарлық көзқарас ұстайды.

А.Бергсонның әлеуметтік философиясына келер болсақ, ол адамның өмір сүруінің екі түрін мойындайды. Көп жағдайда адам «сыртқы» өмірдің шеңберінде, өзі үшін емес, басқа адамдар үшін өмір сүреді. Тек қана өзіміздің ішкі өмірімізге терең үңіліп, біз өзіміздің еріктігіміз бен биәлеуметтігімізді анықтай аламыз. Бірінші өмір формасын ол «жабық», екіншісін «ашық» қоғамға жатқызады. Жабық қоғамда тұлға ұжымның кұрсауынан шыға алмайды, ашық қоғамда тұлғаның емірі мен шығармашылық қызметі үстем болып келеді.

Қорыта келе, біз А.Бергсонның философиясының біршама қайшылықтарының бар екенін байқаймыз. Әрине, интеллект адамның жан дүниесінің нәзік жақтарын толығынан жете біле алмайды. Интеллект есептейді, бөледі, қайта құрастырады, одан әрқашанда суық лебіз білінеді. Адам көп жағдайда өмірдің терең жақтарын бисаналық түрде өзінің барлық жан-тәнімен сезінуі мүмкін. Мұның бәрі де дұрыс. Бірақ А. Бергсонның интеллект пен интуицияны қарама-қарсы қойғаны қайсыбір терең дүниетанымды жоққа шығарады. Өйткені интуициямен сезінгенді ұғым арқылы түсіне алмасақ, онда оны қалайша басқа адамдарға жеткіземіз? Дүниедегі «шығармашылық талпыныс» өне бойы қайталанбайтын өзгерістерді тудыра берсе, онда дүниедегі барлық заңдылықтардан бас тартуға тура келер еді. Әрине, ол мүмкін емес. Дегенмен А.Бергсонның философиялық көзқарастарының негізінде ерекше ағым пайда болмағанымен, ол XX ғ. басқа философиялық ағымдарға өзінің зор әсерін тигізді.

Ф.Ницше және оның «билікке деген еркі»

«Өмір философиясының» шеңберінде неміс философы Фридрих Ницшенің (1844-1900 жж.) еңбектері ерекше орын алады. Егер А.Шопенгауер әлемдік Ерікті болмыстың алғашқы негізіне жатқызса, Ф.Ницше Ерік категориясына әлеуметтік-моральдық мән-мағына беріп, оны «билікке деген ерік» ретінде түсінеді. Оның ойынша, өмір билікті неғұрлым жете сезінгісі келеді. Егер А.Шопенгауердің «Әлемдік Еркі» біреу ғана болса, Ф.Ницше ондай монистік көзқарастан бас тартып, еріктің көптігін (плюралистігін), сол себепті олардың бір-бірімен бітпейтін күресте екендігін мойындайды. Үшінші ерекшелігі, А.Шопенгауер адам еріктен бас тартып қана өзін сақтай алады деген болса, Ф.Ницше, керісінше, адам, егер ол құл емес, нағыз адам болса, билікке деген еркін өмірге енгізеді, сол үшін күреседі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: