Ежелгі Египет мектебі 10 страница

Кәсіби – техникалық білім беру педагогикасы, арнаулы орта білім беру педагогикасы, жоғары білім беру педагогикасы – пәндері, олардың пәні педагогикалық процесс және жұмысшы кадрларын кәсіби және сонымен бірге әртүрлі деңгейдегі мамандарды даярлаудың заңдылықтары болып табылады. Бұл пәндерге жұмысшыларда екінші, үшінші және т.б. мамандықтарды игеру бағытындағы оқытудың заңдылықтарын зерттейтін өндірістік педагогика да жатады. Педагогиканың салалық тарауларына арнаулы педагогикалық ғылымдар (сурдопедагогика, тифлопедагогика, олигофролопедагогика, логопедия), дене дамуында кейбір ауытқушылықтары (есту, көру, ойлау қабілеттеріндегі өзгерістер, сөйлеу) бар балалар мен ересектерге білім берудің теориялық негіздерін, принциптерін, әдістерін, формаларын зерттеулермен айналысады. Әскери педагогика әртүрлі дәоежедегі әскери қызмет атқаратындарды әскерге шақыру жасындағылардан бастап, әскери мамандықты игергендер мен офицерлер құрамының тәрбиелік іс-әрекеттерінің тәрбиелік заңдылықтарын зерттейді.

Еңбекпен түзету педагогикасы қылмысқа тартылған азаматтарды қайта тәрбиелеудің теориясы мен практикасын қарастырады (пенитенциарлық мекемелер). Әсіресе балалар мен жасөспірімдер қылмысына қатысты кездесетін заң бұзушылық мәселелер зерттеледі.

Сауықтыру педагогикасы психология мен педагогиканың өзара белсенді әрекеттері барысында салыстырмалы түрде кейінгі кезде ғана дами бастады. Бұл ғылымның пәні кәдімгі жалпы мектептегі оқу – тәрбие процесінен қол үзіп, ұзақ уақыт емделетін ауру балаларға білім беру.

Педагогика тарихы – адамзат тарихындағы педагогикалық идеялар мен мектептердің қалыптасуын зерттейтін ғылым. Сондықтан оның тарихпен, этнографиямен, этнологиямен, археологиямен байланыстары табиғи құбылыс, өйткені педагогикалық ой, қоғамның материалдық және рухани мәдениетті саласының бірлігі ретінде дамиды.

Салыстырмалы педагогика әрбір елдердегі білім беру және тәрбие жүйелерінің дамуын, олардың жалпы және өзіндік ерекшеліктерін салыстыра отырып, олардың дамуын зерттейді. Әлемдегі озық елдердің педагогикалық мәдениеті, еліміздің білім жүйесін жаңашыл жетістіктермен байытуға мүмкіндік береді.

Жеке пәнерді оқыту әдістемелері жалпы педагогикалық заңдар мен заңдылықтар, танымдық әрекет әдістері мен жеке пәндердің ерекшеліктерін ескереді.

СОӨЖ-ның тақырыбы: Педагогика – адам тәрбиесі туралы ғылым

Жоспар:

1. Тәрбие қоғамдық ғылым, қоғамдық қызмет ретінде.

2. Тәрбиенің тарихи және қазіргі сипаты, оның қазіргі қоғам дамуындағы көрінісі.

3. Педагогика пәні, оның негізгі ұғымдары.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Педагогика ғылымы нені зерттейді?

2. Педагогика ғылымының бастау көзі қайдан басталады?

3. Педагогика ұғымдарының маңызын қалай түсінесіз?

4. Педагогикалық ғылым салаларын атаңыз.

5. Педагогиканың басқа ғылым салаларымен байланысының маңызы қандай?

Өз бетімен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар

1. Тәрбие туралы ұғымға берілген анықтамаларды талдап, түсіндіріңіз.

2. Педагогикалық категориялардың анықтамаларын жазып көрсетіңіз.

3. Педагогика ұғымдарының өзара байланысын көрсететін сызба жасаңыз.

Реферат тақырыптары

1. Педагогика ғылыми пән ретінде.

2. Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы.

3. Педагогикалық теориялар жүйесінің маңызы.

4. Психологияның педагогика ғылымының дамуына ықпалы.

5. Философияның педагогика ғылымының дамуындағы рөлі.

Әдебиеттер

1. Әбиев Ж.,Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. – Алматы “Дарын”2004.

2. Журавлев Я.И. Педагогика в системе наук о человеке. М., 1990.

3. Пидкасистый П.И. Педагогика. Учебное пособие. – М.:1995.

4. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. - Алматы “Нұрлы әлем” 2003.

5. Сластенин В.А., Исаев И.Ф., Шиянов Е.Н. Педагогика. М.: Асадема 2003.

6. Таубаева Ш.Т. Исследовательская культура учителя: от теории к практике. – Алматы “Гылым” 20001.

12-лекция Жеке тұлғаны дамытуға, тәрбиелеуге, қалыптастыруға әсер ететін факторларға сипаттама және олардың әр түрлі жастағы топтарда көрінуі

Жоспар:

1. Тұлға туралы ұғым.

2. Тұлғаны педагогикалық тұрғыдан түсінудің әдіснамалық негізі.

Негізгі ұғымдар: жеке тұлға, индивид, даралық, даму, тәрбие, қалыптастыру.

Тұлға туралы ұғым. Адам – биологиялық тіршілік иесі, сондықтан табиғат заңдары оның дамуына да әсер етеді. Қоршаған ортаға бейімделіп, өз тіршілігі үшін заттарды өз қолымен жасайды. Адам табиғатының өзгеруі адам өмірінің әлеуметтік жағдайларының әсерінен болады, адамның тектілігі тек биологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи дамуы нәтижесінде де пайда болады. Әлеуметтік ортаға бейімделуі, адамның қоғамдық тәжірибеге ие болуы нәтижесінде болады. Сонымен, адамның жалпы дамуында өзара байланысты биологиялық және әлеуметтік бағыттар байқалады. Адам биологиялық тіршілік иесі болып туады, алайда өз дамуы барысында ғана ол әлеуметтік тіршілік иесіне айналады.

Психологияда “жеке тұлға” деген ұғымның әртүрлі түсініктері бар: жеке тұлға – әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Жеке тұлғаның ең басты белгісі – оның әлеуметтік мәнінің болуы және оның әлеуметтік қызметтерді атқаруы. Жеке тұлға темперамент, мінез-құлық, қабілеттілік, ақыл-ой дамуының деңгейі, қажеттіліктер, мақсат-мүдделерге, яғни психологиялық дамудың белгілі бір деңгейіне ие.

Жеке тұлға – бұл интегративті, кіріктірілген жүйе. Жеке тұлғаны зерттеумен айналысқан ғалымдар бұл кіріктірілген жүйенің “өзегі” бар деп мойындайды, олар оны “Мен – жүйе” немесе жай ғана “Мен” деп белгілейді. Жоғарыда келтірілген жеке тұлға туралы түсінік жалпылама ұғым болып табылады.

Жеке тұлғаның ең маңызды белгілері: оның саналылығы, жауап-кершілігі, бостандығы, қадір-қасиеті, даралығы. Жеке тұлғаның маңыздылығы оның қасиеттері мен іс-әрекеттерінде қоғамдық прогрестің тенденцияларының, әлеуметтік белгілер мен қасиеттердің айқын және арнайы көрініс табуы арқылы, оның іс-әрекетіндегі шығармашылық қасиетінің деңгейі арқылы анықталады. Бұл орайда “адам”, “жеке тұлға” деген ұғымдардың қатары “даралық” деген ұғыммен толықтырылуы қажет.

Даралық бір адамның басқа бір адамнан, бір тұлғаның басқа бір тұлғадан айырмашылығын, оның ешкімге ұқсамайтынын, өзіне тән ерекшелігі бар екенін сипаттайды. Даралық, әдетте, адамның мінезі мен темпераментінің ерекше белгілері, шығармашылық іс-әрекеті мен қабілеттілігінің өзгешелігі арқылы ерекшеленеді. “Даралық” ұғымы бір адамды басқа бір адамнан, бір тұлғаны басқа бір тұлғадан ажыратып, оған өзіне тән сұлулық пен қайталанбас қасиет беретін жалпы және жеке сипатардан тұрады.

“Индивид” сөзінің қазақша баламасы – “жекелік”, яғни адамзат тұқымының әлеуметтік қасиеттері ескерілмеген биологиялық жан иесін білдіреді. Бұл орайда әрбір адам индивид болып табылады

Адамның жеке тұлғалық қасиеттері біртіндеп дамып, қалыптасатын болғандықтан, жеке тұлғаның “дамуы” мен “қалыптасуы” ұғымдарының мәнін түсіну маңызды болып табылады.

Даму табиғатқа, қоғамға және әрбір жеке тұлғаға тән жалпы қасиет болып табылады. Даму– төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге қарай қозғалыс; сатылай эволюциялық ауысу немесе революциялық секіріс түрінде жүзеге асатын жоғары сапалы күйге қарай спиральды өрлеу процесі. Даму кезінде барлық философиялық заңдар жүзеге асады: өзгеру, санның сапаға ауысуы, бір сапаның басқа бір сапаға ауысуы. Бұл қозғалыс, өзгеріс жеке тұлғаның дамуының қозғалыс күші болып келетін қарама-қайшылықтар күресі арқылы жүзеге асады.

Жеке тұлғаның дамуы - ең алдымен, оның қасиеттері мен сапасындағы сандық өзгерістер процесі. Бала көптеген әлеуметтік-тұрмыстық және моральдық біліктерге, еңбек дағдылары мен әдеттерге ие болады. Адамның жеке тұлға ретінде дамуының негізін – оның бойындағы сапалық өзгерістер (танымдық, сезім, моральдық-жігерлік т.б.) көрсетеді. Мінез-құлық - белсенді түрде қалыптасып келе жатқан іс-әрекеттілікке айналады, дербестік пен өз мінез-құлқын билей алу қабілеттілігі артады. Осы және басқа да өзгерістер адамның жеке тұлға ретінде даму процесін сипаттайды.

Сондықтан, даму дегенімізді адамның анатомиялық-физиологиялық жетілуіндегі, оның жүйке жүйесі мен психикасының дамуындағы, содай-ақ танымдық және шығармашылық іс-әрекетіндегі, оның дүниетанымы, өнегелілігі, қоғамдық-саяси көзқарастары мен сенімдерінің кеңеюіндегі орын алатын сандық және сапалық өзгерістердің өзара тығыз байланысты процесі деп түсіну дұрыс. Адамның дамуына ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді, олардың арасында мақсатты тәрбие мен білім берудің орны ерекше.

Педагогика мен психологияда жеке тұлғаның “қалыптасуы” термині жиі қолданылады. Бұл жеке тұлғаның дамуының нәтижесі дегенді және оның пайда болып, тұтастыққа, бір қалыпты қасиеттерге және сапаларға ие болғанын білдіреді. Қалыптастыру – бір нәрсеге пішін мен тұрақтылық беру; толықтық пен нақтылық бір түр беру. Бұл арада тұқым қуалаушылықтыңмәні өте зор – баланың ата-анасынан немесе ата-бабаларынан қалған биологиялық ерекшеліктердің жиынтығы. Тұқым қуалаушылық жер бетіндегі тіршіліктің тарихы және белгілі бір түрдің, яғни адам өмірінің тарихы анықтайды. Адамның тұқым қуалаушылығын екі түрге бөлуге болады: жалпы адамға тән ерекшеліктер (тік жүру бейімділігі, сана, ақыл, сезім мүшелері дамуының бейімділігі, шартсыз рефлекстер, нәсілдік және ұлттық белгілер) және даралық (жүйке жүйесінің түрі, анатомиялық-физиологиялық бейімділіктер).

Ағзаның тектілік негізі немесе генотипі төмендегі нәрселерден тұрады: морфологиялық белгілері (сыртқы бейнесінің ерекшеліктері); функционалды ерекшеліктер (мысалы, қан тобы); адамға тән бейімділіктер (тік жүріп-қозғалу, сөйлеу қабілетінің дамуы, ойлау, еңбек ету қабілеті т.б.); жүйке қызметінің түрі (жүйке процестерінің күші, олардың қозуы мен тежелуі, шапшаңдық-ширақтылық); әрекеттіліктің қандай да бір түрінің анатомиялық-физиологиялық бейімділіктер; есту мүшелері, ойлау құрылымы, сезім мүшелері құрылысындағы ерекшеліктер т.б.

Жеке тұлғаның қалыптасуына айналадағы орта, адам және қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық, тарихи қалыптасқан жағдайлар ықпал етеді. Қоршаған орта макро және микро болып бөлінеді. Макро-орта – адамға әлеуметтік-экономикалық ықпалдардың мол жиынтығы. Микро-орта – баланың ең жақын қарым-қатынас ортасы, ол – адамды әрдайым қоршайтын және оның дамуына әсер ететін өзара байланысты заттар, құбылыстар мен адамдар әлемі. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына, белгілі бір мөлшерде, табиғи немесе географиялық орта, табиғат жағдайлары әсер етеді.

Жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторлардың арасында тәрбие ең маңызды орын алады. Кең мағынада тәрбиені белгілі бір әлеуметтік қызметтер атқаратын қоғамдық құбылыс ретінде қарастыру қажет, ал тар мағынада тәрбие – өсіп келе жатқан ұрпаққа жалпы адамзаттық құндылықтарды игерту үшін мұғалім мен оқушылар, балалар мен ата-аналар арасындағы бірлескен іс-әрекеттердің педагогикалық процесін ұйымдастыру.

Тұлғаны педагогикалық тұрғыдан түсінудің әдіснамалық негізі. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының биологиялық және әлеуметтік факторларының ара қатынасы туралы пікірталас ғалымдар арасында толастаған емес. Бірінші көзқарасты жақтаушылар, адамның дамуын, оның табиғи негізі анықтайды деп түйіндейді де, тәрбиенің ықпалына мән бермейді. Жеке тұлғаның биологиялық негізін жақтайтын бағыттың өкілі Платон (427-347 ж.ж. б.з.б.) мен Аристотель (384-322 ж.ж. б.з.б.), адамдардың қоғамдық міндеттерін олардың табиғаты анықтайды деп санаған. Аристотельдің пікірінше, адам дүниеге келген сәтінен бастап-ақ, кейбір адамдарға бағыну үшін, ал кейбіреулері билік ету үшін жаралған.

Бихевиоризм бағыты да жеке тұлғаның дамуының биологиялық негізін жақтайды. Осы бағыттың негізін салушы американдық психолог және педагог Э. Торндайктің (1874-1949 ж.ж.) пікірінше, жеке тұлғаның барлық қасиеттерін, соның ішінде сана-сезімін, қабілеттілігін тек тектілік, тұқымқуалаушылық қана анықтайды. Оның ойынша, балаға ақыл-ой қабілеті табиғи бітімімен беріледі

Прагматизм (гр. – прагма) – іс-әрекет, тәжірибе. Бұл бағыттың негізін салушы – Джон Дьюи (1859-1952 ж.ж.).

Екінші бір көзқарастың негізін салған ағылшын философы Джон Локк (1632-1704 ж.ж.). Бұл бағыт бойынша жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы - адам өміріндегі жағдайлар мен тәрбие болып есептелінген. Д. Локк пайымдауы бойынша, балан жаны дүниеге келген сәтінде таза тақтаға ұқсас болып келеді және тек оның өмір жағдайлары мен тәрбиесі ғана жеке тұлғаның белгілі бір қасиеттерінің пайда болуына себепші болады. Осыдан кейін бұл көзқарас социологиялық бағыт болып қалыптасты. Оның өкілдері жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтік ортаның ықпалын бірінші орынға қойып, оның дамуының табиғи заңдылықтарын жоққа шығарады. Олар адамның биологиялық табиғатын төмендетті.

Жеке тұлғаның дамуындағы тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалын бірінші орынға қойып, тәрбиенің күшін жоққа шығаратын бұл теориялар XІX ғасырдың аяғында психологиялық-педагогикалық зерттеулердегі ерекше бір бағыттың пайда болуына себепші болды, бұл бағыт “педология”, яғни тура аударғанда “балалар туралы ғылым”. Қазіргі уақытта ғалымдардың көбісі педологияны индивидтің сәби, жас өспірім, жастық шағындағы дамуының жалпы заңдылықтары туралы ғылым ретінде қарастырады. Педология баланы барлық жағынан және жанама зерттейді, бұл туралы өз кезінде К. Д. Ушинский айтып кеткен болатын: “Егер педагогика адамды барлық жағынан тәрбиелегісі келсе, онда оның адамды барлық жағынан тануы да керек”.

Жеке тұлғаның даму факторлары туралы философиялық және психологиялық-педагогикалық ойдың тарихы материалистік ілімде және оның бір бағытында – материалистік диалектикада өз жалғасын тапқан. Бұл бағыттың өкілдері жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторларды тереңірек зерттеп қана қоймай, сонымен қатар ол факторлардың өзара байланысы мен олардың адамның даму процесіне ықпал ету механизмдерін де ашып көрсетті. Қоғамның тарихын талдай отырып, олар адамдардың шығармашылық-қайта құру әрекеті өндірістің дамуы мен көркеюіне, әлеуметтік қатынастардың қалыптасуына, ғылыми білімнің молаюына, рухани өмір мен өнегелілік-эстетикалық мәдениеттің баюына себепші болды деп көрсетті.

Осылайша қоғамдық игілікке ие болып және оны дамыта отырып, адам әлеуметтік тіршілік иесі ретінде, жеке тұлға ретінде қалыптасады.

Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына сыртқы, қоршаған орта ықпалының мәні зор екендігіне сене отырып, философ-материалистер адамның биологиялық табиғатын жоққа шығармады. Олардың ойынша, адам тікелей табиғи тіршілік иесі, сондықтан ол бойына біткен бейімділіктер ретінде көрініс тапқан табиғи күштерге ие деп сенді. Алайда ол бейімділіктер оның бойында тек лайықты орта мен мақсатты тәрбие бар кезде ғана дами алады.

Сонымен қатар, адамды әлеуметтік тіршілік иесі деп қарастыра отырып, философ-материалистер тұқымқуалаушылық бағдарламасымен еш байланысы жоқ индивидтің “әлеуметтік тұқымқуалаушылығы” туралы ойды ұстанады. Егер биологиялық бейімділіктер адамға да, жануарларға да тән болса, әлеуметтік тұқымқуалаушылық тек адамға ғана тән.

Материалистік философия қоршаған орта мен биологиялық бейімділіктер қатарында тәрбиеге ерекше орын бөледі, тәрбие – жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының үшінші факторы. Бұндағы айта кететін жағдайдың бірі – материалистік түсінікте жеке тұлға тек объект ретінде ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы, тәрбиенің субъектісі ретінде, өзіндік қайта құру қызмет-әрекетінің субъектісі ретінде қарастырылады.

1.Тәрбие – жеке тұлғаны қалыптастырудың ең маңызды факторы.

2. Субъектінің іс-әрекеті – жеке тұлғаның дамуының факторы ретінде.

Негізгі ұғымдар: жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының факторлары; қозғаушы күштер, жеке тұлғаның қалыптасуының заңдылықтары; субъект және объект.

Тәрбие – жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы ретінде. Тұқымқуалаушылық, орта, тәрбие - жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының негізгі объективті факторлары болып табылады. Бұл орайда тұқымқуалаушылыққа (биологиялық факторға) жалпы адамзаттықпен қатар жеке адамға тән қасиеттер жатады. Іс-әрекеттің кез-келген түріне деген анатомиялық-физиологиялық бейімділіктер жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуында ерекше орын алады. Олар баланың қабілеттілігі, дарындылығы және дарыны дамуының алғышарттары болып табылады. Кейбір жағдайларда бұл бейімділіктер өте ерте, кейбір жағдайларда кешірек, ал енді бірде, ер жеткен кезде ғана көрініс бере бастайды.

Биологиялық бейімділіктер мен қасиеттердің дамуы адамның ағзасының жетілу мен қалыптасу процесі арқылы сипатталады, содан кейін оның сүйектері, бұлшық еттері, сонымен қатар ішкі мүшелері мен жүйелері дамиды. Адамның биологиялық жетілу мен өзгеру барысында, оның дамуы мен мінез-құлығының жас шамасы кезеңдерінде пайда болады. Табиғи ерекшеліктердің дамуындағы ең маңыздысы, отбасында болсын, қоғамдық тәрбиелік-білім беру орындарында болсын, оларға дер кезінде сауатты диагностика беру болып табылады. Баланың қызмет-әрекеттің қандай түріне бейімділігі бар екенін анықтайтын алуан түрлі әдістер бар. Олардың ішінде тест әдістері кеңінен қолданылады.

Тәрбие мен білім беруде адамның табиғи қасиеттерін ескеру қажет, оның бейімділігі мен қабілеттілігін анықтай отырып, олардың ары қарай дамуының амал-тәсілдерін, формалары мен әдістерін айқындау керек. Қызметтің қандай да бір түріне деген анатомиялық-физиологиялық бейімділігінің одан ары жемісті дамуы үшін баланың оған деген ықыласын арттырып, оны сол іс-әрекетке араластыра отырып, сол салада тәжірибе жинастыруға жағдай жасау қажет.

“Жеке тұлға” деген ұғымда адамның қоғамдық мәні ашылады.

Қоршаған ортаның адамның дамуына әсерін зерттей отырып, философиялық және педагогикалық ағымдардың көбісі адамның жеке тұлға боп қалыптасуы үшін, сөйлеу, ойлау, тік жүру секілді адамға ғана тән бейімділіктердің дамуы үшін адами қоғам, әлеуметтік орта қажет дейді.

“Әлеуметтік орта” - қоғамдық өмірдің материалдық жағдайлары, әлеуметтік және мемлекеттік құрылыс, өндірістік, қоғамдық қатынастар жүйесі және олар анықтап отырған әлуметтік жүйе сипаты мен қоғамда пайда болған әртүрлі мекемелер қызметін қамтиды. Шынында да, жеке тұлғаның әлеуметтік бейнесі, белгілі бір мөлшерде, оның қай мемлекетке жататыны арқылы көрінеді, адам дүниеге келгеннен соң қандай да бір қоғамның азаматы болады. Адамның дамуына барынша әсер ететін әлеуметтік орта, әсіресе қазіргі уақытта, ең алдымен, экономикадағы өзгерістер, идеологияның өзгеруі, қала мен ауылдағы өмір жағдайлары, көшіп-қону және демографиялық процестер, сәбилердің дүниеге келуіндегі, өмір ұзақтығындағы өзгерістер, т.б. жатады. Географиялық орта жеке тұлғаның қалыптасуында ерекше рөл атқарады.

Отбасы ортасының – баланың ең жақын айналасының аса зор маңызы бар.

Қоғамдық мекемелерде білім беру-тәрбиелік процестерді ұйымдастырғанда мұғалімдер мен тәрбиешілер балаға кең әлеуметтік ортамен қатар, мектептен тыс ең жақын айналасының әсерін ескерулері тиіс, өйткені кейде аулада, көшеде, оқушыларға, әсіресе жасөспірімдерге белгілі бір мөлшерде әсер ететін жағымсыз топтар пайда болуы мүмкін. Бұл орайда, оқушыларды жақын айналасының қоғамдық-экономикалық өмірінің әртүрлі саласына белсенді әлеуметтік іс-әрекетке араластыру қажеттілігі туындайтынын ескеру керек. Жеке тұлғаның әлеуметтенуі, түрлі әлеуметтік рөлдерге ие болуы жоқ.

Тектілік, қоршаған ортамен қатар, тәрбие - үшінші шешуші фактор болып табылады, тәрбие – педагогтардың басшылығымен әлеуметтік тәжірибені меңгерудегі баланың саналы мақсатты басқарылмалы қызмет-әрекеті.

Тәрбие – жеке тұлғаны мақсатты қалыптастыру процесі, бұл процесте тұқымқуалаушылық бейімділік пен микро-ортаның өзгерістері жөнге келтіріледі. Барлық балалар тәрбиелік-білім беру мекемелерінен өтеді, ол мекемелер педагогикалық процесті сауатты құрастырып, оқушылардың жан-жақты қызмет-әрекетін жемісті ұйымдастырады, өйткені ол жеке тұлғаның дамуының шешуші шарты болып табылады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: