Смагулова Г.М., 2 страница

Еуропалық Одақ (ЕуроОдақ)

Батысеуропалық одақ (БЕО)

Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ)

Африкалық бірлік ұйымы (АБҰ)

Мұнайды экспорттаушы-елдер ұйымы (ОПЕК)

Солтүстік-атлантикалық шарты ұйымы (НАТО)

Еуропалық Кеңес (ЕК)

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ)

Ислам конференциясы ұйымы (ИКҰ)

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) және т.с.с.

Ал үкіметтік емес халықаралық ұйымдарға жеке тұлғалар және басқа да халықаралық үкіметтік емес ұйымдар кіреді. Оған жататындар:

Гринпис

Халықаралық амнистия

Халықаралық Қызыл Крест комитеті

Халықаралық саяси ғылымдардың ассоциациясы

Халықаралық қылмыс полициясы ұйымы (Интерпол)

Халықаралық олимпиадалық комитет

Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы

Дүниежүзілік шіркеулер кеңесі

Еуропалық телерадио одағы

Халықаралық ерікті кәсіподақтар конфедерациясы

Сорос қоры және т.с.с.

Функционалды өлшемдері бойынша да халықаралық ұйымдарды екі топқа бөлуге болады. Олар саяси, экономикалық және әлеуметтік ынтымақтастықты жүзеге асыратын жалпы бағыттағы ұйымдар және арнайы міндеттері бар, ынтымақтастықтың нақты мәселелерін шешетін топ (мысалы, көлік қатынасы, байланыс, денсаулық сақтау т.с.с.). Жіктеудің тағы бір өлшемі – ол халықарылық ұйымдардың уақытша немесе тұрақты түрде жұмыс істеу мүмкіндіктері. Біріншісіне халықаралық конференциялар, кеңестер, конгрестер тағы басқалары жатады, ал екіншісіне - халықаралық ұйымдардың тікелей өздері кіреді.

Халықаралық ұйымдар географиялық орналасуына қарай да жіктеледі. Мысалы, дүниежүзінің басым көпшілігі елдерін қамтитын әмбебап ұйымдар (ЕҚЫҰ, АТЭС т.б.) бар. Бұлардың екінші тобына белгілі бір географиялық ауданға орналасқан мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйымдар (АСЕАН, ЕуроОдақ т.б.) жатады.

Ресей ғалымы П.А. Цыганков халықаралық ұйымдарды үш базалық өлшем арқылы жіктейді: мүшелік сипаты, географиялық өлшемдер және функционалдық өлшемдер бойынша. Халықаралық ұйымдарға байланысты бұдан басқа да жіктелуінің өлшемдері бар. Кейбір халықаралық ұйымдар тар шеңбердегі, мамандандырылған функцияны ғана атқарады. Мысалы, әлеуметтік және мәдени функцияны атқаратын ЮНЕСКО, экономикалық – Дүниежүзілік банк, әскери – НАТО, қауіпсіздік – ЕҚЫҰ және тағы басқалары. Бірақ, осы жерде халықаралық ұйымдардың жіктелуінде оның атқаратын қызметтеріне байланысты қиындық туындайды. Мысалы, НАТО алғашқыда әскери-саяси ұйым болып құрылса, қазіргі кезде оны экономикалық, ғылыми, технологиялық сияқты да проблемалар қызықтырады. Ал Дүниежүзілік банк өзінің атауына сәйкес емес қызметтерді, яғни экологиялық мәселелермен де айналысады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, халықаралық ұйымдардың атқаратын қызметінің өлшемдеріне байланысты жіктелуінің бірнеше вариантының бар екенін айтуға болады. Мысалы, кейбір мамандар әмбебап және мамандандырылған ұйымдар, сонымен бірге саяси және техникалық ұйымдар деп бөліп қарастыруды айтады. Мамандардың екінші бір тобы халықаралық ұйымдарды әскери, саяси және экономикалық деп үш топқа жіктеуге болады дейді. Дүние жүзіндегі ең әмбебап ұйым әзірше Біріккен Ұлттар Ұйымы, оның мамандандырылған мекемелері болып қала береді.

Негізгі әдебиеттер:

1. Международные отношения: теории, конфликты, движения, организации / Под ред.П.А. Цыганкова: Учебное пособие. Изд.2-е, перераб. и доп.-М.: Альфа-М: ИНФРА-М, 2008.-320 с.

2. Ломагин Н.А. Международные организации: Теория и практика деятельности: Учеб.пособие.- СПб.: Изд-во С.-Перербургского ун-та, 1999.-166 с.

3. Морозов Г.И. Международные организации: Некоторые вопросы теории. 2-е доп.изд.-М.: Мысль, 1974.-332 с.

4. Шибаева Е.А., Поточный М. Правовые вопросы структуры и деятельности международных организаций.-М., 1988.-112 с.

Қосымша әдебиеттер:

1. Арынов Е.М., Трофимов А.Е. Международные экономические организации и экономические союзы.-Алматы: ИРК, 1996.-198 с.

2. Ломагин Н.А. Анализ внешней политики. Учебное пособие.-СПб, 2001.-166 с.

3. Улахович В.Е. Международные организации: Справочное пособие.-М.: АСТ; Мн.:Харвест, 2005.-400 с.


2 Лекцияның тақырыбы: Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі

Лекцияның жоспары: 1. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылу тарихы.

2.БҰҰ-ның Жарғысы.

3. БҰҰ-ның мақсаты мен міндеттері.

4. БҰҰ-ның негізгі органдары.

1. ІІ дүниежүзілік соғыс барысында туындаған халықаралық мәселелер, соғыс аяқталғаннан кейін әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, қандай да бір болмасын дау-жанжалдар мен қақтығыстардың алдын алу мақсатында әмбебап халықаралық ұйымды құру қажет етті. Мұндай әмбебап халықаралық ұйымды құруға деген алғашқы қадам 1942 жылы жасалды. Аталмыш жылы Вашингтон қаласында бейбітшілікті қолдауға бағытталған жаңа әмбебап халықаралық ұйым құру туралы Декларацияға 26 мемлекет қол қойды. Ол мемлекеттер: Австралия, АҚШ, Бельгия, Гаити, Гватемала, Голландия, Гондурас, Греция, Доминикан Республикасы, Үндістан, Ұлыбритания, Канада, КСРО, Қытай, Коста-Рика, Куба, Люксембург, Никарагуа, Жаңа Зеландия, Норвегия, Панама, Польша, Сальвадор,Чехословакия, Югославия, Оңтүстік-Африкандық Одақ.

1943-1944 жылдары соғыстан кейінгі бейбіт құрылыс мәселелерін антигитлерлік коалиция елдері өзара талқыға салды. Бейбітшілікті қолдаушы жаңа ықпалды халықаралық ұйым құру қажет болды. Өйткені Ұлттар Лигасы халықаралық ұйым ретінде бұл кезде сол уақытта қалыптасқан жағдайларға сәйкес келмеді. Осындай жағдайда 1943 жылы Мәскеуде КСРО, АҚШ және Ұлыбритания мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің конференциясы өтті. Конференцияда жалпыға ортақ қауіпсіздік мәселесі туралы Декларауия қабылданды. Бұл құжатқа КСРО, АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттерімен бірге төртінші мемлекет болып Қытай қол қойды. Бұл мемлекеттер соғыстан кейін өзара және басқа да мемлекеттермен қарулы күштерді реттеуге байланысты келісімге қол жеткізу үшін ынтымақтасатын болып шешті. Бұл келісім жайлы 1943 жылы Тегеранда өткен конференцияда да айтылды. Ал жаңа ұйымды құру және оның жарғысын әзірлеуге арналған жұмыс конференциясы 1944 жылы 21 тамыз бен 7 қазан аралығында Вашингтонда, нақтырақ айтқанда Думбартон-Оксте өтті. Осы мерзім аралығында жаңа ұйым туралы, оның негізгі құрылымдары, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесіне, Бас Ассамблеяға және қамқорлық жөніндегі кеңеске қатысты даулы сұрақтар шешімін тауып үлгерді. Бұл мәселелер 1945 жылы Ялта конференциясында да көтеріліп, түбегейлі шешімін тапты.

Дайындық кезеңінің барысында басты қимылдар американдық және кеңес делегацияларының тарапынан жүрді. Бұл соғыстан кейінгі бейбіт құрылыстағы басты рөлді атқаруға екі мемлекеттің де үміткер екендігін көрсетеді. Әр елден келген делегацияны танымал саясаткерлер мен дипломаттар басқарып келді.

Маңызды проблемалардың бірі Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея арасындағы өкілдіктің айырмашылығын анықтау болды. Кеңестер Одағының ұстанымы бойынша, Қаіупсіздік Кеңесі барлық маңызды деген қауіпсіздік пен бейбітшілікке байланысты мәселелермен шұғылдануы тиіс. АҚШ пен Ұлыбритания Бас Ассамблеяға артықшылық берді. Ұзаққа созылған тартыстардан, жүргізілген келіссөздерден кейін «Бас Ассамблея кез келген сұрақтарды талқылай алады, бірақ міндетті шешім қабылдай алмайды» деген ортақ келісімге келді.

15 тамыз 1945 жылы Лондон қаласында 14 мемлекеттің өкілдері жиналды. Мұндағы негізгі мәселенің бірі ретінде БҰҰ-ның қай жерде орналасатындығы қаралды. Жиналыс барысында американдықтар АҚШ-ты, Франция мен Ұлыбритания Батыс Еуропаның Париж, Женева, Копенгаген қалалары жаңа ұйымның орталығы болуға лайық деген ұсыныстарын жасады. Бұл сұрақ күн тәртібінде дауыс беру арқылы шешілді, яғни «Еуропа немесе Америка құрылығы» деген таңдау Американың үлесіне шешілді. Енді «БҰҰ АҚШ-тың қай бөлігінде орналасуы тиіс деген» сұрақ дауысқа салынды. Нью-Йорк қаласы 25 дауыс, ал Сан-Франциско - 5 дауысқа ие болды. Бұл сұрақ 1946 жылдың басында Лондонда өткен Бас Ассамблеяның бірінші сессиясында түбегейлі түрде шешілді. БҰҰ-ның штаб-пәтері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасты. Оның бөлімі Еуропада Женева қаласында орналасқан.

Осылайша 24 қазан 1945 жылы Сан-Францискода өткен конференцияда әмбебап халықаралық ұйым - Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды.

БҰҰ-ның эмблемасы

БҰҰ өзінің көпжақты қызметтерімен іс жүзінде әлемдік қауымдастықтың әрекетінің барлық аспектілерін қамтиды. Оның рөлі өсіп келе жатқан ғаламдық өзара тәуелділікті көрсететін және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау саласында мемлекеттердің күш біріктіруін талап ететін қазіргі кезеңнің проблемаларын шешуде әзірше әмбебап ұйым болып қала береді және ерекше өзекті болып табылады.

Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті, бүкіл әлемнің дамуын және адам құқықтарын қолдауда БҰҰ-ның негізгі рөл атқаратындығын мойындаудың белгісі ретінде 2001 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның бас хатшысы К. Аннан әлемдік Нобель сыйлығын алды.

Қазақстан өзінің егемендігіне қол жеткізгеннен кейін тәуелсіз мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына 164 мемлекет болып 1992 жылы 2 наурызда кірді.

2. БҰҰ-ның құрылтайшы құжаты оның Жарғысы болып табылады. Жарғыда ұйымға мүше-мемлекеттердің құқықтары мен міндеттері және ұйымның негізгі органдарының қызмет ету тәртібі анықталған.

БҰҰ-ның Жарғысы АҚШ, КСРО, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттерінің ұсынысымен шақырылған, 1945 жылы 25 сәуір мен 25 маусым айлары арасында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өткен ұйымның конференциясында талқыланды. Жарғының негізіне 1944 жылы Думбартон-Оксте АҚШ, КСРО, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттері өкілдерінің жасаған ұсыныстары алынды. Жарғыға 26 маусым 1945 жылы әлемнің 50 мемлекеті қол қойды.

БҰҰ-ның Жарғысы төмендегідей 111 бапты құраған 19 тараудан тұрады.

І. Мақсаты мен принциптері (1 және 2 –ші баптар);

ІІ. Мүшелік (3-6-шы баптар);

ІІІ. Басқару органдары (7 және 8-ші баптар);

ІҮ. Бас Ассамблея:

Құрамы (9 бап);

Функциялар және полномочиелер (10-17 баптар);

Дауыс беру (18 және 19 баптар);

Процедура (20-22 баптар);

Ү. Қауіпсіздік Кеңесі

Құрамы (23 бап);

Функциялар және полномочиелер (24-26 баптар);

Дауыс беру (27-ші бап);

Процедура (28-32 баптар);

ҮІ. Қақтығыстарды реттеу және

бейбітшілікті қолдау (33-38 баптар);

ҮІІ. Бейбітшілікке төнген қауіпті, тәртіптің

бұзылуын және агрессиялық актілерді жоюдың

іс-әрекеттері (39-51 баптар);

ҮІІІ. Аймақтық келісімдер (52-54 баптар);

ІХ. Халықаралық әлеуметтік-экономикалық

ынтымақтастық (55-60 баптар);

Х. Экономикалық және әлеуметтік кеңес

Құрамы (61 бап);

Функциялар және полномочиелер (62-66 баптар);

Дауыс беру (67-ші бап);

Процедура (68-72 баптар);

ХІ. Өзін өзі басқара алмайтын территориялар

туралы декларация (73, 74 баптар);

ХІІ. Халықаралық қамқорлық жүйесі (75-85 баптар);

ХІІІ. Қамқорлық кеңесі

Құрамы (86 бап);

Функциялар және полномочиелер (87, 88 баптар);

Дауыс беру (89 бап);

Процедура (90, 91 баптар);

ХІҮ. БҰҰ-ның халықаралық соты (92-96 баптар);

ХҮ. Хатшылық (97-101 баптар);

ХҮІ. Басқа ережелер (102-105 баптар);

ХҮІІ. Өтпелі кезең уақытындағы қауіпсіздік

шаралары (106, 107 баптар);

ХҮІІІ. Түзетулер (108, 109 баптар);

ХІХ. Ратификациялау және қол қою (110, 111 баптар).

БҰҰ-ның Жарғысы халықаралық қатынастардың негізгі принциптері баяндалған халықарылық келісім-шарт болып табылады.

Жарғыда бұл ұйымға мүше болудың негізгі ережелері, оның негізгі органдарының құрылымы мен жұмыс істеу тәртібі, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу, бейбітшілікке қауіп төнген кездегі және бейбітшілік бұзылып, агрессиялық актілер бола қалған жағдайда іс-әрекет ету, сол сияқты экономикалық ынтымақтастық және өзін басқара алмайтын территориялар туралы көрсетілген.

3. Біріккен Ұлттар Ұйымын форум немесе тұрақты дипломатиялық конференциялар, сонымен бірге әлемдік саясаттың барлық акторларының арасындағы келіссөздер деп атауға болады. Оның мақсаты:

- халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау; осыған байланысты бейбітшілікке төнетін қауіптердің алдын алу үшін тиімді кешендік шаралар қолдану;

- ұлттардың арасындағы достық қарым-қатынастарды халықтардың тең құқықтық және өздерінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу принциптерін сыйлай отырып дамыту;

- экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешудегі халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру және нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне бөлместен бәріне ортақ адам құқықтары мен еркіндіктерін сыйлауды дамыту;

- ұлттардың осы ортақ құндылықтарға қол жеткізуге келісуі үшін орталық болу.

БҰҰ-ның барлық мүшелері ұйымның қызметінің принциптеріне сәйкес:

- Жарғыға сәйкес өз міндеттерін адал орындауға;

- өздерінің халықаралық дауларын бейбіт жолмен шешуге;

- күшпен қауіп төндіруден немесе оны кез келген мемлекетке қолданудан бас тартуға;

- БҰҰ-ға оның Жарғысына сәйкес қолданылатын барлық көмектің түрін жасауға және БҰҰ алдын алу шараларын немесе күштеу сипатындағы шараларды қолданатын мемлекеттерге қарсы басқа мемлекеттердің көмек көрсетуден бас тартуға міндетті.

Жарғы Біріккен Ұлттар Ұйымына ешқашан да мемлекеттің ішкі саясатына кіретін мәселелермен айналысуға рұқсат бермейді.

4. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес оның негізгі алты органы бар. Олар мыналар:

1. Бас Ассамблея

2. Қауіпсіздік Кеңесі

3. Экономикалық және әлеуметтік кеңес

4. Қамқорлық жөніндегі кеңес

5. Халықаралық сот

6. Хатшылық

Енді негізгі органдардың қызметтеріне жеке тоқталып кетейік.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы ұйымға мүше-мемлекеттердің барлығы бірдей қатысатын кеңесші орган болып табылады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Бас Ассамблея - оның барлық мүшелерін «бір мемлекет – бір дауыс» принципіне сәйкес біріктіруші Біріккен Ұлттардың басты кеңесуші органы. Бас Ассамблея жыл сайын өзінің сессияларын өткізеді. Ол негізінен қыркүйек айының үшінші сейсенбісінен басталады. Кезекті сессияның басында Ассамблея жаңа төраға, оның 21 орынбасарын және алты басты:

1. қарусыздану мәселесі және халықаралық қауіпсіздік;

2. экономикалық және қаржысы мәселесі;

3. әлеметтік, гуманитарлық және мәдени мәселелер;

4. арнайы саяси және деколонизация мәселесі;

5. әкімшілік және қаржы мәселесі;

6. құқық мәселесі комитеттерінің төрағаларын сайлайды.

Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесінің немесе БҰҰ-ның көпшілік мүшелерінің талабы бойынша немесе БҰҰ-ның бір мүшесінің ұсынысын басқа мүше-мемлекеттердің қолдаған жағдайда арнайы сессияларға жиналуы мүмкін. Төтенше арнайы сессиялар көрсетілген талаптың түскен кезінен бастап 24 сағат ішінде шақырылуы мүмкін.

Бас Ассамблеяның жыл сайынғы сессиялары қыркүйек пен желтоқсан айларының аралығында өтеді. Қажет болған жағдайда Бас Ассамблея сессияның жаңартылған жұмысын әрі қарай жалғастырады немесе ерекше қызығушылық танытқан мәселесе бойынша өзінің арнайы немесе төтенше сессияларын өткізеді. Ассамблеяның сессиялары аралығындағы оның жұмысын алты комитеті, басқа да органдар және БҰҰ-ның Хатшылығы атқарады.

Бейбітшілік пен қауіпсіздік, жаңа мүшелерді қабылдау, бюджет мәселесі жөніндегі маңызды сұрақтарға қатысты шешім 2/3 дауыстан артық қолдау тапқанда ғана қабылданады. Басқа сұрақтарға қатысты шешім көпшіліктің жай дауыс беруімен қабылданады.

Бас Ассамблеяда қабылданған шешімдер мүше-мемлекеттер үшін міндетті заңнамалық күшке ие емес, бірақ дауыс беру әлемдік қоғамдастықтың пікірін, беделді қауымдастықтың пікірін білдіреді. Соңғы жылдары ерекше тырысып, алдын ала қамданған, Асамблеяның шешімін ресми дауыс беру арқылы емес, консенсус негізінде қабылдануға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Бас Ассамблеяның жұмысына БҰҰ-ға мүше-мемлекеттерден басқа БҰҰ-ның ресми бақылаушы мәртебесіне ие болған, мүше емес мемлекеттер (мысалы, Швейцария, Ватикан) және халықаралық ұйымдар (мысалы, Араб мемлекеттерінің лигасы, Еуропалық Одақ т.с.с.) қатыса алады.

Бас Ассамблея Жарғығы сәйкес мынадай функциялар мен құқықтарға ие:

- халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жұмыстарындағы ынтымақтастықтың, сонымен бірге қарусыздану және қаруландыруды реттеу принциптері және осы принциптерге қатысты ұсыныстар жасауды қарастыру;

- Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып жатқан даулы мәселелер мен жағдайлардан басқа, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты кез келген мәселелерді талқылау, оларға байланысты ұсыныстар жасау;

- зерттеулер ұйымдастыру және ұсыныстар жасау мақсатында саяси саладағы халықаралық ынтымақтастыққа ықпал ету;халықаралық құқықты дамыту, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы, білім беру мен денсаулық сақтаудағы халықаралық ынтымақтастыққа ықпал ете отырып адам құқықтарының және барлығы үшін негізгі еркіндіктердің орындалуына жағдай жасау;

- ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастарға қандай да бір болмасын зиян келтіретін кез келген жағдайды бейбіт жолмен реттеу шараларын ұсыну;

- Қауіпсіздік Кеңесінің және БҰҰ-ның басқа да органдарының баяндамаларын алу әрі қарастыру;

- БҰҰ-ның бюджетін қарастырады және бекітеді, сонымен бірге жекелеген мүшелерінің жарғысының мөлшерін анықтайды;

- Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін, Экономикалық және әлеуметтік кеңестің мүшелерін, қамқорлық жөніндегі Кеңестің сайлануға жататын мүшелерін сайлау;

- Қауіпсіздік Кеңесімен бірлесе отырып Халықаралық соттың судьяларын сайлауға қатысады және Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысымен Бас хатшыны тағайындайды.

Бас Ассамблеяның шешімі ресми заңнамалық күшке ие емес, ол тек үкіметтер үшін ұсыныс сипатына ие. Қарар, қаулы, үндеу түріндегі қабылданған шешімдердің артында әлемдік қауымдастықтың моральдық беделі тұр.

БҰҰ-ның жыл бойындағы жұмыстары Бас Ассамблеяның шешімдерінің негізінде жүргізіледі. Бұл жұмыстарды Ассамблея қарусыздандыру, бейбітшілікті қолдау, адам құқықтары және оны дамыту сияқты басқа да нақты мәселелерді зерттеу үшін құрған комитеттер мен басқа да органдар атқарады.

Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бастап, яғни БҰҰ-ның Бас Ассамблесының 47-ші сессиясынан бастап, оның жұмыстарына қатысып келеді. БҰҰ-ның жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі А.Х. Арыстанбекова кезінде Бас Ассамблеяның 49-шы сессиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі

Қауіпсіздік Кеңесі – БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің барлығы үшін міндетті шешім қабылдайтын бірден-бір орган. БҰҰ-ның Жарғысының 23-ші бабына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі 15 мүшеден тұрады. Оның 5-уі Қытай, Франция, Ұлыбритания, Ресей және АҚШ мемлекеттерінен тұратын тұрақты мүше. Ал қалған 10 уақытша мүше-мемлекеттерді Бас Асамблея екі жылғы мерзімге тағайындап қояды.

Кеңестің әрбір мүшесі бір дауысқа ие. Тәртіп бойынша 15 мүшенің 9-ы дауыс берген жағдайда ғана шешім қабылданды деп есептеледі. Егер Кеңестің тұрақты мүшелері шешіммен келіпесе, онда ол қарсы дауыс бера алады, ал бұл акт вето, яғни тиым салу күшіне ие.

Қауіпсіздік Кеңесі ағылшын алфавитінің тәртібімен орналасқан мүше-мемлекеттердің тізімі бойынша ай сайын өзінің төрағасын сайлайды.

Қауіпсіздік Кеңес халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға басты жауап беруші орган және бейбітшілікке қауіп төнген жағдайда күн мен түннің кез келген уақытында шақырылуы мүмкін.

Қауіпсіздік Кеңес үздіксіз қызмет етуге бағытталып ұйымдастырылған және оның әрбір мүшесінің өкілі ұдайы БҰҰ-ның орталық мекемелерінен табылады. Оның жұмысы «Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша тәртіптері мен процедуралары» деп аталатын арнайы құжатқа толықтай бағындырылған, отырыстарының аралықтары 14 күннен аспайтындығы келісілген.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: